Өткен аптада Алматы облысына Respublica партиясының Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау және Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек жергілікті мәслихат депутаттарымен бірге бірнеше мекеменің жұмысымен танысып, мамандармен кездесті.
Кездесуде білім беру саласындағы бірқатар түйткілдер мен балабақшалар мәселелері көтерілді. Мәжіліс депутаты халықпен кездесу барысында атқарылған жұмыстар жайлы, соның ішінде өңірлерде кейбір шешімін тапқан мәселелер, вейптер туралы ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар, жергілікті білім-инвест қауымдастығының өкілі Алматы облысында 960 балабақша бар екенін атап өтті. Облыста балабақшаға сұраныс артқанымен, соңғы 2 жылда жаңа орындар ашылмаған. Себебі балабақшаларға қойылып отырған талаптар күшейіп, тексерістер арта түскен, дейді мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің өкілдері.
Нұргүл Тау мәслихаттардың жыл басында жұмысқа кірісу қажеттігін, жеке балабақшалар бір жылда барлық 12 айға келісімшарт жасасуға құқылы екендігін айтып және осы сұрақты барлық өңірге жеткізуге тырысатынын жеткізді. Сонымен қатар, халық қалаулысы жеке кәсіпкерлер мен меценаттардың білім беру саласына қосқан үлесін бағалаудың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан басқа, депутат Қарасай ауданындағы «CES for You» ағылшын тілін үйрету орталығында және «QBIS» жекеменшік мектебінде болып, ұйымдардың жұмысымен танысты.
«Білім саласы – қоғамның болашағын қалыптастыратын маңызды сала. Біз әрбір баланың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет, кәсіпкерлер және меценаттар бірігіп жұмыс істеуі қажет», – деді депутат Нұргүл Тау.
Кездесу соңында депутат жаңа партия мүшелеріне ресми партиялық билеттерін табыстап, Respublica партиясының Парламент қабырғасында атқарып жатқан жұмыстары мен заңнамаға енгізілген өзгерістер, партия ықпалымен күшіне енген заңдар туралы айтып берді. Алматы облысында аса қажетті медициналық мекемелер құрылысына қатысты мәселе шешімін табуы мүмкін
Respublica партиясының Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Алматы облысында жұмыс сапарын жалғастырып, бірқатар маңызды нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Жергілікті еңбек ұжымдарымен кездесу барысында депутат денсаулық сақтау және құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, дәрігерлік амбулаториялар, аудандық емханалар және жұқпалы аурулар ауруханаларын қайта жаңарту жобалары қаралды.
Кездесулерде көтерілген негізгі мәселелердің бірі — медициналық мекемелердің жеткіліксіз қаржыландырылуы мен көппрофильді аудандық ауруханаларда арнайы қаржыландыру жүйесінің тиімсіз қолданылуы. Депутат бұл мәселелерді шешу үшін құрылысқа қажетті қаражат көлемін арттыру мен медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын айтты. Медициналық мекемелерді қаржыландыру жүйесінде әр бөлімше жеке-жеке қаржыландырылады. Мұндай жүйе арнайы талаптары бар медициналық бөлімшелерді бөлек ғимараттарда орналастыруға мүмкіндік береді.
«Медициналық мекемелеріміз азаматтарымызға сапалы қызмет көрсету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталуы тиіс. Біз артық бюрократиялық кедергілерді жойып, халықтың қажеттіліктеріне сәйкес қаржыландыруды қамтамасыз етуіміз қажет. Біз осы мәселелерді айтып келеміз және алдағы уақытта да көтеретін боламыз», – деп атап өтті Нұргүл Тау. Қарасай ауданында жаңа мектептер ашылды, бірақ мамандар тапшылығы мәселесі бар
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясынан фракция мүшесі Нұргүл Тау жұмыс сапарымен Алматы облысының Қарасай ауданына барып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1500 орындық мектептің жұмысымен танысты. Мектептің ашылғанына көп уақыт болмағанымен, білім ошағы толық жабдықталған, оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, маңызды мәселе – тәжірибелі мұғалімдердің жетіспеушілігі.
Қаскелең қаласының іргесінде орналасқан жаңа мектепте оқу кабинеттерімен қатар, технологияларды өңдеу шеберханасы, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, зертханалық және компьютерлік сыныптар, медицина кабинеті де бар. Алайда мектеп басшылығының айтуынша, жаңа оқу орнына тәжірибелі ұстаздарды тарту қиын. Оларға уақыт қажет, осы мәселеге қатысты үміттерін білдірді.
Биыл облыста «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 7 мектеп пайдалануға берілген, соның 6-уы Қарасай ауданында. Мұндай мектептердің көптеп салынуының себебі — бұл ауданның халық тығыздығының жоғары болуында. Өйткені, оқушылар саны жыл сайын өсіп келеді.
«Өңірдегі білім беру жүйесін жақсарту үшін жаңа мектептер өте маңызды. Бірақ, біз бұл мектептердің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тәжірибелі мамандарды тартуға бағытталған жұмыстарды күшейтуіміз керек», – деді депутат Нұргүл Тау сапар барысында.