Жақында аудан әкімі Жасұлан Естеновтің қатысуымен Қарасай аудандық мәслихатының кезекті XXIX сессиясы өтіп, күн тәртібінде бірнеше мәселеге қатысты ақпараттар айтылды. Атап айтар болсақ, Қарасай ауданының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті қаралды. Одан кейін мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді және мәслихаттың 2023 жылғы 20 қазандағы «Қарасай ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» № 8-3 шешіміне өзгерістер мен толықтырлар енгізілді. Сондай-ақ Қарасай ауданының учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері сайланды. Осының бәрі депутаттардың қатысуымен қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Аталған мәселенің ішінде назар аудартуға тұрарлығы – 2025-2027 жылдарға арналған аудан бюджеті. Ол жайында Қарасай аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев баяндама оқып, алдағы екі жылда аудан қаржысы қай саланы дамытуға жұмсалатынын жеткізді. Солардың ішінде ең маңыздысына тоқтала кетсек. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржыға Қаскелең қаласында салынатын 50 пәтерлі 5 үйдің, Жандосов ауылындағы коттедждердің және Елтай ауылында мұғалімдерге арналған коттедждердің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Сонымен қатар Қаскелең қаласында салынып жатқан аудандық Жастар қызмет көрсету орталығының құрылысын аяқтауға да қосымша ақша бөлу қарастырылуда.
Бірақатар елді мекеннің сумен жабдықтау жұмысы назарға алынды. Атап айтқанда, Жармұхамбет, Қайрат, Шалқар, Елтай, Жаңатұрмыс, Қаратөбе ауылдарын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы мен қайта жаңғыртуға қаржы бөлінеді.
Көпшілік жүретін жерге айналған Қаскелеңнің орталық көшесі – Абылайханның бойын абаттандыруға да көңіл бөлініп, оның алғашқы кезеңіне тиісті бюджет бөлінбек.
Жарықтандыруды да айтсақ болады. Қосымша қаржы нақтыланып, Жандосов пен Райымбек ауылдарында көше жарықшамдарын салу жұмыстарын аяқтау жоспарда бар. Одан бөлек аудан бойынша электрмен жабдықтауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Ал Қаскелеңдегі «Қарлығаш» ықшам ауданында трансформатор жөнделеді. Дәл осындай жұмыс SDU университеті үшін де атқарылады. Нақты айтар болсақ, алдағы уақытта аталмыш оқу ордасының қалашығын тұрақты электрмен жабдықтау жоспарлануда. Ол үшін арнайы «10кВ» электр желісі тартылады.
Аудан бюджетін бөлу кезінде жолдарды ретке келтіруге де назар аударылған. Оның ішінде күрделі, ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарын айтуға болады. Мәселен, былтыр салынған кейбір «Жайлы мектептерге» баратын жолдар орташа деңгейде жасалады. Одан бөлек Қаскелең қаласының 16 көшесі күрделі жөндеуден өтеді. Олар – Достық, Қарасу, Мамыр, Тұлпар саз, Көктерек, Бесқарағай, Үлкен саз, Ақсай, Қасқасу, Қаратал, Суықбұлақ, Ақши, Балхаш, Тұлпар саз көшесінің қиылысы.
Сондай-ақ Жамбыл, Ұлан, Қошмамбет, Жармұхамбет, Алмалыбақ, Құмарал, Бекболат елді мекендеріндегі бір-екі көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жоғарыда атап өткен аудан бюджеті есебінен атқарылатын бұл жұмыстар – ең негізгілері. Ал жалпы басқа салаларға да қаражат бөліну қарастырылған. Соның арқасында тиісті бастамалар жүзеге асырылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.