Қарасай ауданы бүгінде өндірісі дамыған, тұрмысы түзелген, мәдениеті мәйекті іргелі аудандардың бірі болып саналады. Мұнда жүйе құраушы ірі заманауи өндіріс орындары бой көтеріп, шағын және орта бизнеске тиесілі кәсіпорындар индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Бұл өз кезегінде өндірісіміздің өрге тартып, халықтың әлеуметтік ахуалының артуына септігін тигізіп келеді.
Ауданның экономикасы облыстағы жетекші орынға шығып, жыл өткен сайын халықтың тұрмыс-ахуалы арта түсуде. Бүгінде Қарасай батыр есімін ұлықтап отырған бұл аудан дәулетіне сәулеті жарасқан аймақ қана емес, сондай-ақ Алматы облысының арқа сүйеуші нысанына айналды десе де болады.
2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірдің экономикасының барлық салаларында оң динамика көрсетілуде. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі биыл 112,4 млрд. теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға өскен.
Өткен жылы секілді биыл да ауданымызда көптеген өзгерістер орын алып, өңірдің әл-ауқаты мен экономикасының дамуына үлкен үлес қосатын ірі әлеуметтік және кәсіптік нысандар ашылды. Бүгінгі нөмірімізде оқырмандарымызды осы жылғы өзгерістермен таныстырып өтетін боламыз.
Білім саласындағы жақсы өзгерістер
Жалпы Қарасай ауданында ең өзекті мәселелер қатарынан соңғы жылдары үшаусымды мектептер санының көбеюі түспей келе жатқан еді. Әр жыл сайын жаңа білім ошақтары бой көтергенімен, соған сәйкес балалар саны да артып отыратын. Нәтижесінде кейінгі екі жылда ауданда үшауысымды мектеп саны 12-ге жетті. Биыл осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Нақты айтқанда, жыл басында ауданымызда жергілікті бюджет есебінен екі мектеп қолданысқа берілді. Бұған қоса «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8100-ге жуық бала білім ала алатын алты мектеп ашылды.
Ағымдағы жылы ашылған жаңа білім мекемелерінің арқасында аудандағы үш аусымды мектептер саны 12-ден 2-ге дейін азайды.
Бұдан бөлек келер жылдың екінші тоқсанында Алмалыбақ және Бұлақты ауылындағы мектептердің құрылыс толықтай аяқталып, пайдалануға берілмек. Сондай-ақ 2025 жылы Қырғауылды ауылында 1500 орындық және Жандосов ауылында 1200 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары бастау жоспарда тұр.
Жергілікті бюджет
Әйтей ауылдық округіне қарасты Үштерек ауылының тұрғындары жыл басын жақсы жаңалықпен қарсы алды. Қаңтар айында ауылда 600 орындық білім ордасы салтанатты түрде ашылды. Бұған дейін ауылда 300 балаға арналған жалғыз мектеп істеп тұрған еді. Жаңа мектептің арқасында №1 оқу ордасында оқушылар саны азайып, елді мекендегі балаларды басқа округтерге тасымалдау мәселесі де шешілді.
Балалардың қуанышына ашылған білім мекемесінің ғимараты үш блоктан тұрады. Оның екеуі жоғары және бастауыш сынып оқушыларына арналды. Мұнда 120 орындық асхана, 180 орындық акт залы, үлкен спорт залы, сондай-ақ қажеттінің бәрімен жабдықталған оқу сыныптары орналасқан. Оған қоса домбыра және хореография кабинеттері, қыш бұйымдарын жасайтын кабинеттер, технология сабағын өткізуге арналған шеберханалар бар.
Ал қыркүйек айында үш қабатты 900 балаға арналған мектеп «Өмірзақ» ықшам ауданында ашылды. Оның құрылыс жұмыстарына «Корпорация АҚ орда» ЖШС жауапты болды. Жаңа білім мекемесі балаларды тасымалдау мәселесін шешті. Өйткені бұған дейін олар көршілес Әйтей ауылындағы Б.Қосынов атындағы орта мектепке барып, білім алған. Ашылған сәтінде 600-ге жуық баланы қабылдаған мектепте бүгінде 1000-ға жуық оқушы білім алуда.
3 га аумақты алып жатқан оқу ордасының іші толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Асханасы 150 балаға, ал актзалы 200 адамға арналған. Екі спортзал және 42 кабинеті бар.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл елімізде «Жайлы мектеп» жобасы іске асырылып, оның шеңберінде 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған, жаңа форматтағы 369 мектеп салыну жоспарланды. Қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған бастама аясында Қарасай ауданында 13 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 10 мектеп салу қарастырылды. Бүгінде оның алтауының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Нақты айтқанда, Қаскелең қаласында 1500 орындық, Қошмамбет, Елтай, Долан ауылдарында 1200 орындық, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында 1500 орындық мектеп салынды.
Бұл білім ошақтары оқу процесін ұйымдастырумен және барлық оқушылар үшін қолайлы жағдай жасай алумен ерекшеленеді. Онда кіші және жоғары сыныптар үшін жеке блоктар қарастырылған, бұл балалардың дамуы мен оқуы үшін оңтайлы жағдай жасайды. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құрылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар және робототехника сыныптары жабдықталған. Сондай-ақ онда хореография залдары, спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары бар.
Өнер мектебі
Келер жылдың қаңтар айында салтанатты түрде Қаскелең қаласында дарынды қарасайлық балаларға арналған Өнер мектебі есігін ашады. Осы мақсатта қазіргі уақытта ескі ДОСААФ-тың ғимаратына жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 560,7 млн. теңге.
Жалпы ДОСААФ нысанына күрделі жөндеуден өткізіп, балалар игілігіне беру жайында мәселе соңғы бірнеше жыл талқыланып келген. Алайда кезінде нысанның жекеменшікке өтіп кеткендігіне байланысты біразға дейін бұл бағыттағы жұмыстар тоқтатылған еді.
Иесін нақтылау бойынша бірнеше жыл бойы сан мәрте сот процесі өтті. Десе де соңғы шешім бойынша ДОСААФ-тың ғимараты толықтай мемлекеттің иелігіне қайтарылып, 2023 жылдары басталған құрылыс жұмыстары қайта жандандырылды.
Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жұмыстың қарқыны жақсы. Ғимарат бүгінде 85 пайызға дайын. Кірпіштері қаланып, терезелері орнатылып, шатыры жабылып, демонтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Ал қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2-ші және 3-ші қабаттарда жылыту жүйесі, кафельдері, ернеулері орнатылған. Енді осындай жұмыстар 1-ші қабатта да жүргізіледі. Жұмыс қарқыны жақсы болғандықтан, мердігер компания оны толығымен биылғы жылдың соңына дейін бітіруді жоспарлап отыр.
Дәрігерлік амбулатория
Биылғы жылы медицина саласында да бірқатар жақсы жаңалықтар орын алды. Бүгінде Райымбек округіндегі Абай ауылында және Әйтей округіндегі Үштерек ауылында 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Райымбек округіндегі медициналық мекемеге келетін болсақ, ол Абай ауылындағы №2 орта мектептің қасында салынуда. Жалпы аумағы – 927,00 шаршы метр. Заманауи талаптарға сай, екі қабаттан тұратын ғимараттың құрылысын «Бауыр Құрылыс Компаниясы» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда ғимараттың ең астыңғы қабаты, яғни жертөлесі салынып, негізгі бірінші қабаттың іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылды. Алматы облысының құрылыс басқармасының тапсырысымен жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстарына бюджеттен 649,6 млн. теңге қаржы қарастырылған.
Ал Әйтей округіндегі амбулатория 1969 жылы ашылған ескі фельдшерлік-акушерлік пунктінің орнына салынуда. Жалпы құрылыс жұмыстарының құны 618, 2 млн.теңге. Бүгінгі таңда үш қабатты ғимараттың ең астыңғысы, яғни жертөлесінің іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылған.
Аталған құрылысқа тапсырыс беруші Алматы облысының құрылыс басқармасы болса, бас мердігер ретінде бүгінде ауданымызға қарасты Райымбек округіндегі Абай ауылында дәрігерлік амбулаторияны салып жатқан «Бауыр Құрылыс Компаниясы» ЖШС бекітілген.
Екі нысанның жұмыстары жоспарға сай, қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондықтан мердігер компания өкілі жұмыстарды келер жылдың басында аяқтауға жоспарлап отыр.
Үлкен Алматы айналма жолы
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Жібек жолы ауылдық округінде үлкен айналма жолы ашылды. Оның құрылыс жұмыстарын 2020 жылы «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының тапсырысымен «СинеМидасСтрой» ЖШС бастады. Арада төрт жыл салып, республикалық маңызы бар көлік жолының құрылыс жұмыстары аяқталып, күз айында қолданысқа берілді. Оның ұзындығы – 6 шақырым, ал жобалық құны – 25,3 миллиард теңге.
Жол төрт жолақты және I-b техникалық санатына жатады. Қайта жаңарту жұмыстары барысында толық кешенді жұмыстар атқарылды: жер төсемін орналастыру, теміржол торабы арқылы өтетін эстакада, өтпежол, екі көлік қиылысы, суөткізгіш құбырлар секілді жасанды құрылыстар салынды. Жобаны жүзеге асыру үшін 81 бірлік техника мен 256 жұмысшы жұмылдырылған.
Атқарылған жұмыстардың алғашқы кезеңдерін де айтып өтсек. Ең алдымен 38 жер телімі, яғни 53,84 гектар сатып алынған. Жоба үш көпірді, оның ішінде ұзындығы 348 метрлік эстакаданы, сондай-ақ ұзындығы төрт шақырымды құрайтын 12 пандусты қамтиды. Жабу алаңы 201 035 м2, көгалдандыру алаңы 237 056 м2, жер жұмыстарының көлемі 1,5 млн текше метрді, бетон жұмыстарының көлемі 53 138 текше метрді құрайды.
Жер асты қабатын тұрақтандыру үшін барлығы 6077 тіреу орнатылған. Тосқауыл қоршауының ұзындығы 26 мың желілік метрді құрайды. Бұған 7746 метр су ағызатын науалар, 308 жарықтандыру бағаналары, екі бағдаршам нысанын қосайық. Сондай-ақ қолданыстағы 6,96 шақырым жол жөндеуден өткен.
Олимпиадалық даярлау орталығы
Қарасай ауданында 40 га жерді алып жатқан республикалық «Алматы» Олимпиадалық даярлау орталығы» тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің ішіндегі ең ірі даярлау орталығы болып саналады.
Жалпы аталмыш кешеннің бой көтеруі 2005 жылы басталған еді. Алайда қаржылық және басқа да мәселелерге байланысты құрылыс жұмыстарында жиі үзіліс болды. Анығырақ айтқанда, жобалық бой көтерілуінің алғашқы кезеңі 2005 жылы басталып, 2016 жылы тоқтатылған. Ол кездері бюджеттен 28 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Екінші кезең 2016-2019 жылдар аралығында жүргізіліп, қаражаттың жетіспеушілігінен тағы төрт жылға тоқтап қалған. Құрылысы басталғаннан бері аталған кешенге жалпы 105,7 млрд. теңге жұмсалды. Кейіннен бұл жұмыстар қайтадан қолға алынып, белсенді түрде жүргізіліп, 2024 жылы қолданысқа берілді.
Бүгінде мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан. Бұдан бөлек, жеңіл және ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, шайбалы хоккей, коньки спорты, бокс, күрестің барлық түрі, жекпе-жек өнері, су спорты, спорттық оқ ату, садақ ату секілді спорттың түрлерінен жаттығу орталықтары бар. Кешен о бастан жаздық олимпиадалық ойындарынан даярлауға арналғандықтан, мұнда 16 жаздық спорт түрінен және төрт қыстық спорт түрінен, сондай-ақ волейбол секілді қосымша үш спорт түрінен жаттығуға болады.
Жабық жаттығу кешендерінен бөлек нысан аумағында жазғы ойын алаңдары, медициналық пункт, әкімшілік ғимарат бар. Сонымен қатар сыйымдылығы 6246 көрерменге дейін жететін стадион да орналастырылған. Бұған қоса қазіргі уақытта 300 адамға арналған медициналық пункттің құрылысы аяқталып, оны ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жоғарыда аталғандардан бөлек осында дайындалатын спортшыларға арналған төрт жұлдызды 420 адамдық қонақ үй бар. Онда қолайлы бір және екі бөлмелі демалыс нөмірлерінен бөлек спортшылардың кешкі уақыттарын қызықты өткізулері үшін кітапхана, боулинг, кинотеатр және тағы да басқа ойын-сауық орталығы қарастырылған.
Бір мезетте 2300 спортшы емін-еркін шыныға алатын спорт орталығында қазіргі таңда 519 спортшы жаттығуда, сондай-ақ 262 қызметкер жұмыс істеуде. Олардың көбі – Қарасай ауданының жұрты. Алдағы уақытта жұмысшылар санын 500-ге дейін ұлғайту жоспарланған.
Инвестициялық жобалар
«BMG HOLDING» ЖШС
Ағымдағы жылы Әйтей ауылдық округіне қарасты Сауыншы ауылында «BMG HOLDING» ЖШС кереге және шатыр жабындыларына арналған сэндвич-панельдер шығаруға маманданған зауыттың құрылысы аяқталып, ресми түрде жұмысын бастады. Өндіріс орнының жалпы аумағы 3,6 гектарды құрайды. 1,8 млрд теңге инвестиция салынған зауыт жылына 300 мың текше метр өнім шығаруға қабілетті. Оның арқасында ауданымызда жаңа 60-қа жуық жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар бұл жобаның іске асуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізуде.
Қазіргі уақытта мұнда тұрғын үй, кеңсе және өндірістік үй-жайларды тез салуға көмектесетін, бүгінде үлкен сұранысқа ие сэндвич-панельдер жасалуда. Материал ретінде компания көбік полистирол мен минералды ватаны пайдалануда.
Зауыт басшылығы алдағы уақытта қалған 2,6 гектар аумаққа тағы да бірқатар нысандар салуды жоспарлап отыр. Нақты айқанда, бір гектар жерде еуропалық қондырғыларды пайдалана отырып, құрылыс қасбеттеріне құрылыс материалдарын шығаратын зауыт, ал қалған 1,6 гектар жерге шикізат қоймаларын, облыс кәсіпкерлеріне жалға беретін, соның ішінде тоңазытқыш камералары орнатылған зауыт салуды мақсат еткен. Сәйкесінше кәсіпорынның өндірістік қуаты артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданымызға түсетін салық шегерімдерінің көлемі артады.
«Қазақстандық құбыр арматура зауыты»
Ауданымызға қарасты Шамалған ауылдық округінде «Қазақстандық құбыр арматура зауытының» құрылысы аяқталды. Жалпы инвестициялық құны 2,6 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 2010-2023 жылға дейін бюджетке 1 млрд 829 млн теңге салық түсірген. Қазіргі уақытта мұнда нысандарды жылумен, сумен, энергиямен қамтамасыз етуде, мұнай-газ, мұнай-химия және басқа салаларда қолданылатын өнеркәсіптік құбыр арматурасын, оның ішінде ысырмалар, жапқыштар, клапандар және шарлы крандардың барлық түрлерін шығарады. Өндіріс көлемі жылына – 45 мың дана.
Кәсіпорында 40 қызметкер жұмыс істейді. Уақыт өте келе жұмысшылар санын 200-ге жеткізу жоспарлануда.
Оның алып жатқан аумағы 2,4 гектарды құрайды. Мұнда ауданы 3,5 мың шаршы метрді құрайтын әкімшілік-тұрмыстық кешен, механикалық өңдеу және бояу цехтары орналасқан. Бұл жерде механикалық өңдеу, дәнекерлеу, құрастыру және бояу жұмыстары жүргізіледі.
Өндіріске қажетті шикізат пен қосалқы бөлшектерді жеткізуді «WENZHOU YiTONG FOREIGN TRADE CO LTD», «Yuanda valve group» және «SPAK» сияқты танымал компаниялар қамтамасыз етеді. Ал заманауи жабдықтарды жеткізу үшін Германия, Италия, Ресей және Қытай өндірушілерімен келісімшарттар жасалған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.