Қазақ сахарасындағы Сарыарқаның сайын даласының қақ ортасында орналасқан, қанатын кеңге жайған Еуразияның кіндігінде дерліктей жерде орын тепкен егемен еліміздің жүрегі – Астанамыздың 20 жылдығын барша қазақстандықтар үлкен қуанышпен, зор мақтанышпен тойлады.
Осынау орасан зор мән-маңызы бар мерейлі мерекені қасиетті Қарасай ауданының жұртшылығы да ақжарма көңілімен, ақ ниетімен айрықша атап өтті.
6 шілдеде Қаскелең қаласындағы аудан әкімдігі ғимараты алдындағы орталық алаңда Ұлы Дала елінің елордасының мерейтойына арналған «Асқақтай бер, асқарлы Астана!» атты салтанат қарасайлықтардың жүрегін толқытып, жанын жадыратты дей аламыз.
Алдымен көпшілік назарына Астана тарихы туралы театрландырылған көрініс ұсынылды.
Мұнан кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, қоғам қайраткері, белгілі меценат Болат Назарбаевқа, аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары Сайлаубек Қыдыралиев пен Несіпбала Әбілдаеваға, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақыновқа, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаевқа, «ДРСУ-8» ЖШС бас директоры Александр Угрюмовқа (суретте), О.Жандосов атындағы орта мектептің директоры Әлия Естаеваға «Астана – 20 жыл» мерекелік медалін тапсырды.
Келесі кезекте сахна төріне аудан өнерпаздары көтеріліп, тамаша концерт қойды. Алғашқы болып шыққан «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі орындаған «Қарасай» күйіне жиналғандар барынша риза болды. Сондай-ақ, Астана, туған жер, туған ел, Отан, ынтымақ, бірлік туралы әдемі әндерге де сүйсіне қол соқты.
Соңынан түнгі аспанның ажарын ашқан отшашу болды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.