Қарасай жерінде аудан тарихынан сыр шертіп, құнды мұраларды сақтап, ұрпақтан ұрпаққа дәріптеп келе жатқан Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің жөні де, жолы да бөлек. Аталмыш мекеме осы өңірдегі байырғылардың бірі болғандықтан, маңызды орталықтардың бірі болып саналады.
Ашылғанына ширек ғасыр болған рухани ғимарат Қаскелең қаласында орналасқан. Мұнда келушілердің қатары ешқашан сейілген емес. Тарихы тереңде жатқан орталық Тәуелсіздік жылдардан бастап, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тұщымды дүниелермен ерекшеленеді.
Біз сөз етіп отырған мұражай осы аптада «Тарихы тереңге кеткен орда» деген атаумен 25 жылдығын атап өтті. Салтанатты шараға Алматы облыстық музейлер бірлестігінің және зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ ауданда орналасқан музейлердің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Мерейлі кеште алғашқы құттықтау сөз облыстық музейлер бірлестігінің басшысы Талғат Келімбетовке берілді (1-суретте). Қадірлі қонағымыз Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымын құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Бір ғасырдан астам тарихы бар ғимаратта еліміздің алғашқы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы білім алған. Сондықтын оның құндылығы жоғары. Музей ретінде болашақта әлі де ұрпаққа берері мол деп білемін. Бүгінгі мереке құтты болсын! Ұлтқа, елге қызмет ететін мекемелердің бірі болып, мың жасасын, – деді Талғат Құрманбекұлы.
Осындай жүрекжарды сөздің легін Қарасай ауданының Құрметті азаматы Ақлима Көсемова да жалғап, кезінде бұл мекеменің мектеп болғанын тілге тиек етіп, сол білім ошағында оқыған сәттерін еске алды. Сонымен қатар қазіргі уақыта мұражайдың жұмысын жандандарып отырған қызметкерлерін еңбегін ерекше бағалады.
Ақжарма ақ тілектер айтылған соң, әуезді ән шырқалып, «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері өнер көрсетті.
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейі жайлы әңгіме айтылғанда марқұм, белгілі ақын Серік Қалиевтің есімін атап өтпеу мүмкін емес. Ардақты азамат осы мекемеде басшылық етіп жүргенде былтыр өмірден өтіп еді. Серік Мақұлбекұлы қызмет жолында музейдің дамуына, құнды жәдігерлердің дәріптелуіне үлкен үлесін қосты десек артық болмас. Марқұмның музейге деген махаббатының ерекше болғанын оның «Мұражайда» деп аталатын жырынан-ақ ұғуға болады. Дәл осы туындыны жоғарыда аталған кеш барысында Абай атындағы орта мектеп-гимназияның оқушылары оқыды.
Музей жайлы айтар болсақ…
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты ХІХ ғасырда бой көтерген. Анығын айтқанда, бұл ғимаратты 1899 жылы тұрғындарының қалауымен мектеп үшін салынған.
1937 жылдың қыркүйек айынан бастап ғимаратта қазақ орта мектебі болды. 1945 жылы Абай Құнанбайұлының 100 жылдығына орай ақынның есімі берілді. 1958 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш білім ошағын бітірген.
Музейдің ашылуы 1999 жылдың 30 тамызында өтті. Мемлекеттік мекеме 0,465 га құрайтын учаскеде орналасқан, темір қоршаумен қоршалған, бір қабатты, тік бұрышты ғимарат. Оның аумағы сәндік және қылқан жапырақты ағаштармен, раушан гүлдермен және юкка бұталарымен көгалдандырылған.
Музейдің жалпы көлемі – 1353 шаршы метр. Ішкі құрылымы 8 зал мен фойеден тұрады.
Рухани орталықта ғасырлар қойнауына кеткен аудан тарихына байланысты 2000-нан асатын, нақты айтсақ – 2281 әртүрлі мағыналы да құнды фотодокументтік, материалдық жәдігерлер бар. Оның ішінде – 1075-і негізгі қорға жатса, 1206-ы көмекші қорға тіркелген. Музей қорын толықтыру жолында да үлкен жұмыстар атқарылып, жылдан-жылға толығып жатыр.
Музей ашылғалы түрлі мерекелер мен айтулы даталарға байланысты көптеген іс-шара жүзеге асып жатыр. Барлығы өз уақытында өтуде.
Қызметкерлердің елеулі еңбектерінің арқасында Алматы облысы бойынша музейлер арасынан «Ең үздік музей» атағын екі рет, яғни 2015 және 2018 жылдары иеленді. Ал 2021 жылы «Рухани қазына – 2021» онлайн фестивалінде «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік музей» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Музейдің ерекше аталып өтетін экспонаттарының бірі – «Тәуелсіздік» монументінің көшірмесі. Оның авторы – Әділет Жұмабайұлы. Одан бөлек Жетісу өңірінің Каменка шоқысында б.д.д VII-V ғасырлармен мерзімделген қола қазан, VIII-IX ғасырларға жататын, бетінде адамның бет бейнесі бейнеленген қызыл тас бар. Суретші Н. Қарымсақовтың «Қарасай батыр бабамыздың шайқасы» атты майлы бояумен кенепке салынған понорамалық-картинасын, сондай-ақ Қазақ батырлары киген 20 кг-дың әскери сауыттың өңделген түрін де ерекше атап өтуге болады.
Музейдегі тағы бір ерекше дүниенің бірі – тапсырыспен арнайы дайындалған Н.Назарбаевтың перо-қаламсабы. Бұл жазу құралын Италияның «Montegrappa» фабрикасы өндірген. Ғаламтордың дерегіне сүйенсек, мұндай қаламсаптар оны таңдаған адамның стилін көрсетеді. Бәлкім, Тұңғыш Президенттің қолына түсуі де бекер емес шығар. Жалпы, аталмыш фирманың қаламсаптары өте қымбат болып саналады. Әрі оны дүниежүзінің ең беделді адамдары, яғни, саяхатшылар, әншілер, кәсіпкерлер, спортшылар және тағы басқа білікті басшылар қолданады.
Келіңіздер, бауырлар, мұражайға.
Мұражай жетелейді біраз ойға.
Шуақ берер көңілге көп жәдігер,
Қуат берер, рух берер тұла бойға.
Найзағайдай жарқылдап намыстары,
Ерлер өткен жер жарған дыбыстары.
Арыстандай жауымен арпалысқан,
Алашымның азамат арыстары.
Жүре бермей жер жүзін босқа айналып,
Жан сарайын айқара ашпай ма жұрт?
Еріксіз ет жүрегің елжірейді,
Кетпесе суық, қара тасқа айналып.
Қанша өрлеп өссе де талғам бүгін,
Көптік етпес көнеден алған білім.
Кепкен сүйек, тот басқан темірлер де,
Дүниенің айтып тұр ғой жалғандығын.
Өмірдің болғанымен көп кермегі,
Көңілді көркейтеді көктем лебі.
Тарих деген қираған құмыра емес –
Баяғы бабалардың өткен жолы.
Қойнауында тарихтың қатпар-қатпар,
Сақталып қалған небір ақтаңдақтар.
Ата-бабаң еді ғой бір кездегі
Алтынменен апталып жатқан сақтар.
Келсе егер тарихыңды кең танығың,
Мұнда бар көп мәлімет, мол тағылым.
Мұражай – ескілікті көксеу емес,
Сезіну үшін керек ел қадірін!
Ертеңдер үлгі тұтып кісі қарар,
Неміз бар болашаққа ұсына алар?
Адамдар кетеді өтіп, арттарында
Атқарған еңбегі мен ісі қалар.
Сан жұлдыз биігінен сорғалады,
Таусылып қалған емес сондадағы.
Ұлтыңа махаббатпен қызмет қылсаң,
Жұртыңа тиген пайдаң сол болады, – деп ақынның өлеңін жатқа оқыды.
2-сурет
Музей ауласында басталған шараның екінші бөлімі мекеменің ішінде жалғасып, әрбір залда ерекше қойылымдар, шеберлік сабақтар ұйымдастырылды.
Келген қонақтар алдымен «Тәуелсіздік» залын аралап, мұнда Абай атындағы орта мектеп-гимазиясында оқитын қыздардың биін тамашаласа, «Археология» залында сүйектен бұйым жасайтын Әбдіхалық Баймағамбетовтің шеберлік сабағына қатысты. Сондай-ақ қолөнершінің сүйектен дайындаған еңбектері таныстырылды.
Мұражайдың «Тарих» залында Қаскелең мәдениет колледжінің Халық аспаптары бөлімінде оқитын 1 курс студенттері Қарасай бабаның төрт ұлына айтқан ақылы жайлы көрініс қойды. Мұнда батырдың даналығы, көрегендігі көрсетілді (2-суретте).
Бұл кеште ауданның аңызына айналған айтыскерлердің есімдері мен олардың өнерлері де ұлықталды. Анығын айтқанда, Тәбия Қаражанова мен Омарқұл Итақовтың айтысы ұсынылды. Қос ақынның рөлін жоғарыда аталған колледждің студенттері сомдап, музейдің «Қарасай ауданы мен Қаскелең қаласының құрылуы» залында сөз жарыстырды.
Ал еліміздің алғаш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Балалық шақ» залында «Анаға құрмет» музейінің зергерлік бұйымдары таныстырылса, дәл осы орында сәндік бұйымдардың шебері Маржан Шакиртова өз еңбектерін ұсынды. Одан бөлек Нұрсұлтан Әбішұлының «Сынып» залы балалар әдебиетінің атасы Бердібек Соқпақбаевқа арналды. Биыл 100 жылдығы тойланып жатқан жазушыға арнап аудандық кітапхана көрме ұсынса, танымал шығармасы – «Менің атым – Қожа» повесінен моноспекталь қойылды. Сотқар әрі терең ойлы Қожаның рөлінде Б.Соқпақбаев атындағы орта мектеп-гимназияның 7 «Ә» сынып оқушысы Ерлен Оразхан ойнап (3-суретте), кейіпкердің қылықтарын сәтті сомдады. Келген қонақтар тамсана қарап, балалық шақты еске түсірді.
Музейдің «Есею жылдары» деп аталатын залда белгілі қолөнер шебері Анар Нарботанованың еңбектері көпшіліктің назарын аудартты. Жүннен жасалған тоқымалар, ұмыт болып бара жатқан бұйымдар қонақтардың қызығушылығын оятты. Анар ханым өз еңбектерімен шеберлік сабағын көрсетіп, жаңа үлгідегі қазақи киім үлгілерін таныстырды.
Қонақтардың көңілін көтеріп, ерекше күйге бөлеген сәттің бірі «ҚР Тұңғыш Президенті» залында орын алды. Актерлік қырларымен көзге түскен Қаскелең гуманитарлы-техникалық коллледждің 2 курс студенттері «Тақиялы періште» кинофильмінен үзінді көрсетті. Әсерлі қойылымнан кейін жерлесіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Рая Сиразитдинова сөз сөйлеп, музейдің мектеп болған кезін еске түсіріп, әр кабинетте өткізген балалық шағын баяндады (4-суретте). Апамыз мұражай ұжымының ыстық ықыласына алғысын жеткізіп, аталмыш мекемеге Дінмұхаммед Қонаев жайлы және Н.Назарбаевтың «Менің өмірім» атты кітабын сыйға тартты.
Мұражайдың соңғы залында «Қарасай ауданының бүгінгі күні» сипатталды. Ол жерде «Анаға құрмет» музейінен тұрмыстық заттар қойылып, этнокөрме ұйымдастырылды. Осылайша музей ішіндегі саяхат аяқталып, 25 жылдыққа арналған салтанатты кеш өз мәресіне жетті.
Қорытынды құттықтау сөздің кезегі «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызына берілді. Ардагер-ұстаз музейдің тағылымы мол екенін айтып, ақ тілегін арнады. Одан кейін аталмыш мекеменің қор сақтаушысы Гүлжан Аянбаева, аға ғылыми қызметкер Ляззат Нұржанова және экскурсия жетекшісі Наргиза Ергазиева жеке-жеке сөйлеп, келген қонақтарға ризашылықтарын жеткізді.
Салтанатты кештің соңында «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері «Қазақстан» әнін шырқап, рухани шараның нүктесін қойды (5-суретте).
Осылайша тарихы тереңде жатқан музейдің 25 жылдығы көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Ұлттық құндылық пен маңызды мұраларды насихаттаушы орталықтың аудан мәдениетін дамуына косар үлесі зор деп білеміз. Өйткені мұнда өткеннен сыр шертетін, болашаққа бағдар беретін жәдігерлер баршылық.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.