Кез келген төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы іс-қимылды үйлестіру маңызды. Ешбір жағдайда дүрбелең мен жалған ақпараттың таралуына жол берілмеуі тиіс. Осы және басқа да мәселелерді талқылау үшін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы мен облыстық ТЖД бірлесіп, Қаскелең қаласында «Жойқын жер сілкінісі кезінде халықты қорғаудың мемлекеттік жүйесінің әрекеттері» тақырыбында кешенді сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізді.
Елдің амандығы үшін ұйымдастырылған бұл шара бірқатар маңызды нысандарды қамтып, бірнеше кезеңде өтті. Алдымен Қарасай ауданының әкімдігінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия (ТЖК) мүшелерінің, оның ішінде ауданның мемлекеттік органдары мен ұйымдарының басшыларының отырысы өтті. Оларға сейсмикалық жаттығулар өткізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Практикалық әрекеттер барысында комиссия мүшелері «Қаскелең автобус паркі» ЖШС аумағында болып, азаматтық қорғау органдарының төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою дайындығын бақылау бойынша оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.
Осындай шаралардың тағы бірі Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының базасында ұйымдастырылды Мұнда баспанасыз қалған ауданның зардап шеккен тұрғындарын қабылдауға арналған эвакуациялық пункт ретінде оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оның барысында зардап шеккен тұрғындарды есепке алу және тіркеу жүргізілді.
Ал Қаскелең қаласындағы «Алтын ауыл» ықшам ауданында орналасқан орта мектепте өткен оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайға тап болған тұрғындарға қалай көмек көрсету жағы түсіндірілді. Бұл жердегі адамдар эвакуациялық пункке, яғни жоғарыда атап өткен Абай атындағы мектеп-гимназиясының ғимаратына жеткізілді.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері Шамалған ауылындағы бақылау пунктінде және Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында «Алматы былғары зауыты» ЖШС (тері өңдеу зауыты) аумағында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізді.
Жалпы айтқанда, төтенше жағдайға төтеп беретін бұл шаралар облыстың мемлекеттік органдары мен мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлерін төтенше жағдайларға дайындауға, сондай-ақ тұрғындарды жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталды. Оның барлық кезеңі жақсы пысықталып, қатысушылар үйлесімді және саналы түрде әрекет етуді үйренді.
Өз тілшіміз.