Әлеуметтік желінің әлеуеті артып, ондағы оқырман саны күн сайын артып тұрған шақта газет-журналдардың болашағы бұлыңғырлау десек, артық айтпаймыз. Дегенмен бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде мерзімді басылымның қоғамда алар орны айрықша. Өйткені ол сауаттылыққа жол бастап, оймақтай ой салып, пайымды пікірлерді қалыптастырады десек артық айтпаспыз.
Бүгінгі таңда газетке жанашырлық танытқандар жоқ емес. Солардың арасында мұғалімдер қауымы жол бастап тұр. Осыдан бір апта бұрын Қаскелеңдегі А.Байжанов атындағы орта мектеп ұжымы мерзімді басылымның беделін арттыруға көңіл бөліп, «Қазақ баспасөзін дамыту – мәңгілік елге бастар жол» атты пресс-конференция өткізді. Оның негізгі мақсаты – газет-журналға деген оқырманның қызығушылығын оятып, баспасөздің дамуына үлес қосу.
Шараның әлқиссасы 3 «Б» сынып оқушылары хормен орындаған «Атамекен» әнімен басталды. Одан кейін мектеп директоры Жанат Есдаулетова алғаш сөз бастап, рухани жиынды ашып берді. Мектеп басшысының айтуынша, газеттің қоғамдағы рөлі айрықша, оның мән-маңызы зор, әрқашан оқырман қауымын сауаттылыққа үйретіп, айқын ақпаратты жеткізуші болып табылады.
Сондай-ақ бұл шарада қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің мұғалімдері қазақ баспасөзі жайлы айтып, ол үшін Алаш зиялыларының жазған еңбегі, күресі және жалпы ақпарат таратудың жолдары жайында баяндамалар оқыды.
Баспасөздің ұлт тарихында алар орнына қатысты ақпаратын алғаш жеткізгендердің бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Галя Абдикулова. Ұстаздың мәлімдеуінше, газет-журнал оқу мәдениетімізді дамытады. Оған дәлел ретінде дамыған мемлекеттерді айтуға болады.
– Газет пен журнал – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы, тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Жаңа технология дамыған заманда адамдардың руханиятын сақтап қалуда газет-журналдың атқаратын қызметі орасан зор.
…Әлемдегі ең алғашқы газет б.з.б. Ежелгі Қытайдың Хань династиясы тұсында пайда болған. Ежелгі Грекияда да газет шығару ісі ертеден қанат жайған. «Газет» деген атау итальян тіліндегі «газзетта» сөзінен шыққан, ол «ұсақ тиын» деген мағына берген. Орта ғасырларда түрлі жаңалықтар жазылған ақпараттарды оқып беру қызметі бір тиынға, яғни газеттаға тең болған.
Ұлы дала төсінде Қазақ хандығы құрылып жатқан кезде неміс инженері Иоганн Гутенберг баспа машинасын ойлап тапты. Бұл баспа ісін жеңілдетіп, өркендеуіне сеп болды. Ал Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамындағы баспасөз ісін дамыта отырып, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп анықтама берген.
Заман алға озып, әлеуметтік желі жедел дамығанымен, дәстүрлі басылым өз маңыздылығын жоймайды. Оған алып елдердегі газет оқу мәдениеті дәлел. Жапония, Қытай, АҚШ, Франция сияқты мемлекеттерде газет басылымдарының тираждары күннен-күнге артуда, яғни сұраныс көп, газет оқырмандары көбеюде. Біз де заманнан артта қалмай, газет-журнал, кітап оқу мәдениетімізді дамытуымыз қажет. Жас ұрпақ оқуға құштар болып өсуі тиіс. Кітап оқу – мәдениетке, өркениетке бастар іс. Қазіргі қазақ қоғамында балаларға арналған басылымдардың сапасын арттыру – басты міндетіміз. Газет- журнал, кітап оқыған бала ана тілін терең меңгеріп, сауатты жазады, сөз байлығы артып, өз ойын анық жеткізеді. Санасы жетіліп, өзін таниды, ұлтын ұлықтайды, салт-дәстүрін ұстанады, – деді мұғалім Галя Орынбайқызы.
Осындай орынды пікірден кейін көпшілікке режиссер Мұрат Есжан түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалынан үзінді көрсетілді. Бейнероликте ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының қазақ баспа ісі үшін күресі көрсетілді. Ал осы алаштықтар бастаған тіл жанашырларының қазақ баспасөзін дамытудағы рөліне тарих пәнінің мұғалімі Еңлік Тұралықызы тоқталып, осы замандағы газеттің маңыздылығын байыпты түсіндірді.
– Бүгінгі күні газеттерде Жаңа жобалар, әлеуметтік мәселелер көп көтеріледі. Тарихи, ғылыми, саяси мәселелер де көп айтылады. Көлемді материалдар қойылып жүр.
Расымен де, қазір әлеуметтік желіде «Нестеватсын?», «Не хауар?», «Норм» деген сынды қате жазудан көз сүрінеді. Көз сүрінген былай тұрсын, дәл осылай жазу әдетке айналып бара жатқандай. Ал тұрақты түрде газет оқып, рухани сусындап отырған адам бұлай қате жазбайды. Себебі бір мақала газетке шыққанша бірнеше сүзгіден өтеді. Әр мақаланың үтір-нүктесінен бастап, сөйлемнің дұрыс құралуы, сөздің дұрыс жазылуы, оның газет бетіне орналасуы – бәрі-бәрі тексерістен өтіп, оқырманға ең дұрыс нұсқасы жол тартады. Оны оқыған оқырман өмірде де, әлеуметтік желіде де сауатты болары хақ.
Газет бар жерде сауаттылық әрі білім мен ғылым болады. Ал ғылымы бар елдер міндетті түрде дамиды, – деп тарихшы ұстаз баяндамасын аяқтады.
Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Нусупбекова қазақ тарихындағы алғашқы баспасөз бен тәуелсіздік заманындағы басылымдар жайлы ой бөлісіп, олардың ұлт руханияты мен мәдениетке, қоғамдық сана-сезімнің қалыпасуына зор ықпал еткенін түсіндірді.
Конференция барысында ақпарат таратудың дәстүрлі және заманауи айырмашылықтары да сөз етілді. Анығын айтқанда газет пен әлеуметтік желінің қазіргі қоғамдағы рөлі түсіндірілді. Бұл жайында тағы бір тарих пәнінің мұғалімі Жұлдыз Баяманова әңгімеледі. Жас маман мерзімді баспасөзге етене жақын екенін айтып, оның да өз себебі барын мақтанышпен жеткізді. Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралымен таныс болуына атасы, танымал журналист, марқұм Жұмабай Шаштайұлы себепкер болған. Журналистиканың қара нары атанған қаламгердің «Qazaqtan» ұлттық арнасы мен түрлі газеттерде еңбек еткені елге мәлім.
– Ақпараттық қоғамда газет пен әлеуметтік желілер ақпарат алудың негізгі құралдары болып табылады. Бірақ олардың жұмыс істеу тәсілдері, әсер етуі және қоғамға тигізетін ықпалы мүлде өзгеше. Газет басылым түрінде шығып, редакциялық бақылау астында болса, әлеуметтік желілер онлайн кеңістігінде таралып, пайдаланушылардың өздері де контент жасай алады, – деген ол газет пен әлеуметтік желінің айырмашылықтарына тоқталды.
Оның сөзінше, газеттер ақпараттың дәлдігі мен сенімділігіне басты назар аударады. Газеттер арқылы жарияланатын ақпарат тұрақты және редакциямен тексерілген болады. Ал мақалалары белгілі бір мәселелерді терең зерттеп, оқырмандарға жан-жақты ақпарат береді.
– Әлеуметтік желілер пайдаланушыларға өз контенттерін жасау және таратуға мүмкіндігін береді. Яғни ол дегеніміз қалаған дүниемен бөлісе алу. Ақпаратты бірнеше секундта жаңартып, жазылған мәліметтерге өзгеріс енгізе алады. Енді әлеуметтік желінің әлемге алып келген залалдарына тоқталсақ, олар арқылы жалған ақпарат жиі тарала бастайды. Ол – қоғам үшін үлкен проблема. Деректерге сәйкес пайдаланушылардың 60 пайыздан астамы әлеуметтік желілерде кездесетін ақпараттың шынайы екеніне күмәнмен қарайды. Әлеуметтік желілерде пайдаланушыларға қатысты жала жабу, қорлау жиі кездеседі. Бұл – жастар мен балалар арасында кең тараған әлеуметтік желілердің жағымсыз тұсы. Американдық психологтар қауымдастығының мәліметтері бойынша, 2019 жылы әрбір төртінші жасөспірім кибербуллингке ұшыраған, – деп мәлімет келтірген ұстаз өз сөзін атасының мына бір сөзімен қорытындылады: «Газеткке жазылған әр мақала терең зерттеуден өтуі қажет, себебі ол архив. Ал архив – ол ертеңгі тарих».
Бұл шарада 90 жылдан астам тарихы бар Қарасай аудандық «Naqty» газетінің бүгінгі жағдайы мен оның аудан көлемінде насихатталуы жайында да әңгіме өрбіді. Қарасай жеріндегі мерзімді басылым жайлы оның редакторы Атлана Исаева газеттің тарихына тоқталса, оның орынбасары, осы жолдардың авторы сауаттылық қалыптастыру жолында газеттің маңызы жоғары екенін түсіндірді.
Конференция соңында рухты ән шырқалып, Алаш қайреткерлерінің ұлт үшін күресі жайында көрініс қойылды. Ал шараның соңы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Искендерова оқыған Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңімен түйінделді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.