Еліміз алға жылжып, дамып, экономика және саясат секілді салаларда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатқанымен, әлеуметтік салада әлі күрделі болып отырған мәселелер жетерлік. Әсіресе, соңғы 2-3 жылғы көрсеткіштерге назар аударсақ, отбасы ішінде туындайтын кикілжіңнің салмағы ауырлап бара жатқанын көруге болады. Қосымша ақпаратта көрсетілгендей отбасылық күрделі мәселелер қатарына соңғы уақыттары «тірідей жетім» немесе «жартылай жетімдердің» саны біртіндеп қосылуда.
2023 жылы елімізде сәбилер үйіне 4 жасқа дейінгі 1,3 мыңға жуық бала жіберілген. Бұл – соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. Сол 1,3 мың баланың 546-сы ғана жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны соңғы жылдары 11,8%-ға азайғанымен, 2024 жылы олардың саны 21,4 мыңға жетіп отыр. Ал мұндай балалар үшін елімізде 115 мекеме жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі – ұлттық тәрбиенің, ұлттық сананың, жауапкершіліктің, мәдениеттің құлдырауынан болып отырған жағдай.
Нақты айтқанда, ересек адамдардың көбі өмірдің қиындығына шыдамай, ішімдік, нашақорлық секілді өзге де жаман әдеттерге беріліп, отбасына көңіл бөлуді қояды. Тіпті, уақыт өте келе балаларының білім мен тәрбие алуына жағдай жасамай кетеді. Нәтижесінде баласына жөнді қарамай, оның өміріне зиян келтіретін азаматтар сот шешімі бойынша ата-ана құқығынан айырылып жатады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы 380 ата-ана, ал 2024 жылы басталғалы 340 ата-ана құқығынан айырылған.
Жалпы біздің елімізде ата-ана құқығынан айыру ең шекті шара болып табылады. Сот әрқашан мұндай істі асықпай, тиянақты әрі өте қатал қарайды. Бір емес бірнеше адамның тағдырын шешетін осы ауыр процестің қалай жүргізілетінін толығырақ білу мақсатында біз Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанар Беймбетовамен тілдесіп қайттық.
– Жанар Адайбекқызы, әке-шешемен баланың арасында болып жатқан күрделі жағдай, яғни ата-ана құқығынан айыру мәселесі туралы сөз етсек. Жалпы бұл процесс не үшін керек? Ағымдағы жылы Алматы облысы бойынша осы бағыттағы істер қаралды ма? Қаралса, қанша адам ата-ана құқығынан айырылды?
– Біздің елімізде заңнамалық түрде балаға қамқорлық жасау, барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету, құқығы мен мүддесін қорғауға ата-ана міндетті болып табылады. Әрине, егер де ата-ана міндетінен жалтарса немесе баланың өміріне қауіп төндірсе, олар өз құқықтарынан айырылады. Алайда бұл жерде бір нәрсені түсінулеріңіз керек, біздің елімізде ата-ана құқығынан айыру бала үшін де, ата-ана үшін де маңызды құқықтық салдарға әкеп соқтыратын ең соңғы шара. Ол ауыр әрі тез шешіле қалатын процесс емес. Алдымен ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін болатын отбасы есепке тұрғызылады. Одан кейін полиция қызметкерлері отбасындағы жағдайды өз қадағалауларына алып, мерзімді түрде тексеріс жұмыстарын жүргізіп отырады. Сонымен қатар, ондай ата-аналармен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, психологтар жұмыс істейді.
Мұнан бөлек алты айға дейінгі мерзімге ата-ана құқықығынан шектеу қойылуы мүмкін. Бұл уақытта олар ескертулерді назарға алып, жағдайларын қалыпқа келтіру керек. Егер осы айтылған амалдардың барлығы қабылдағаннан кейін жағдай оңды өзгермесе, немқұрайлы әке-шеше ата-ана құқығынан айырылады.
Тіпті, бұл іс бізге жетіп, сот процесі жүргізіле бастағанның өзінде ол асығыссыз, тиянақты қаралады. Өйткені еліміздегі отбасылармен жұмыс істейтін кез келген органның негізгі мақсаты баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мүмкіндігінше жанұяның тұтастығын сақтап қалу. Соттың міндеті де қызды анасынан, ұлды әкесінен алшақтату емес, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Біз тек әке-шеше балаларына қамқорлық жасамаса немесе зорлық-зомбылық көрсетіп, оның өмірі немесе денсаулығына зиян келтіретін теріс әрекет жасаған кезде осы шешімді шығарамыз.
Қазақстандық бала құқықтарының түрлері мен сипаты «Неке және отбасы туралы» ҚР-сы кодексі мен бала құқықтары туралы өзге де заңдармен бекітілген. Сәйкесінше пайда болатын жауапкершілік түрлері мен сипаты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, қылмыстық және атап өткен кодекспен реттелген.
Егер біздің облысымызға келетін болсақ, ағымдағы жылы Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ата-ана құқығынан айыру туралы 25-ке жуық іс қаралды. Оның жетеуі қанағаттандырылып, тиісті үкім шығарылды. Қалғандары қанағаттандырылмады немесе арыз берушілер тарапынан қайтарылып алынды. Ал кейбірі мүлдем қаралмады. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз мұндай арыздардың көбін қанағаттандырып, ата-аналарды құқықтарынан айыра бермейміз. Бұл бірінші кезекте баланың мүддесі үшін маңызды.
Қосымша ақпарат
Құндылықтар төмендеген замандағы отбасы арасындағы мәселелер
Қазақ халқының рухани қазынасының түп-тамыры отбасы құндылықтарынан басталады десек жаңылмаймыз. Ол қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және мәдениет пен адамгершілікті қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан болар ертеден халық аузынан жиі еститін «Отан отбасынан басталады» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Осы ретте қоғамдық отбасылық құндылықтарды нығайту әрі дамыту, сақтап қалу, оның жастар санасындағы беделін арттыру бүгінде кез келген мемлекеттің өзекті бөлігі болып отыр.
Өкінішке орай, ертеден отбасылық дәстүр мен туыстық жақындықты алдынғы орынға қоятын қазақ халқының көзқарасы бүгінгі жаһандық өзгерістер заманының құндылықтарына сай біршама өзгерген. Алайда ол өзгерістердің көбін жақсы деуге болмайды.
Мәселен, соңғы жылдары елімізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі күрделенген. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан көз жұматын қазақстандық әйелдер саны жыл сайын орта есеппен 400 адамнан асады. Сондай-ақ кейінгі бес жылда елімізде полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша хабарласатындар көрсеткіші үш есе көбейген. Бұл ресми статистика, ал бейресми одан да көп болуы әбден мүмкін.
Сонымен қатар ертеде қазақ халқына мүлде жат болған ажырасу дерегі жыл сайын артып келеді. Қазір ол жастар арасында да, үлкендер арасында да бұл қалыпты үрдіске айналып барады. Тіпті, ажырасуды қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болдық. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында республика бойынша 26,7 мың неке тіркелсе, 8,8 мың ажырасу дерегі анықталған. Ал сарапшылардың айтуынша, елімізде жылына орта есеппен 140 мың шаңырақ құрылып, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Оның үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4%-ын құрап отыр.
Мәселеден мәселе туындайды демекші, отбасының бөлінуі балалардың қатысуымен туындайтын жағымсыз жайттардың көбеюіне әкелуде. Анығырақ айтқанда, некені бұзған сәт отбасы мүшелері үшін де, бұзғалы жатқан ерлі-зайыпты үшін де өте ауыр. Әсіресе, бұл сәт осы жанұяда өмірге келген баланың психологиясына қатты әсер етіп, оның жаман ортаға түсіп кетуіне апаруы әбден мүмкін. Соңғы бес жылда кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны да жетерліктей болып отыр. Жыл сайын ел бойынша түнгі уақытта полиция органдарына ересек адамсыз жүрген 100 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала жеткізіледі. 2024 жылдың 4 айында балалары түнде үйден тыс жерде жалғыз болғаны үшін 39 мың ата-ана, сондай-ақ балаларға кешкі уақытта жүруге мүмкіндік берген 1,2 мыңнан астам интернет-клубтар секілді мекемелерді ұстап отырған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылған. Ювеналды полиция тіркеуінде тұрған бала саны 10 мыңнан асады.
Бұл уақыт өте келе адамдар арасында отбасылық құндылықтардың төмендеуінен туындаған мәселелердің біразы ғана.
– Өзіңіздің еңбек өтіліңізде осындай жағдаймен қаншалықты жиі кездестіңіз? Мұндай ауыр шараны қолдануға шешім қабылдаудың себептері қандай?
– Кейінгі жылдары ата-аналық құқықтан айыру туралы процестер жиіледі. Әсіресе, судьиялардың алдына келетін істердің арасында отбасылық зорлық-зомбылық жағдайы көп. Оның кейбірінде ерлі-зайыптының бірі жұбайын өлтіріп немесе отбасы мүшелерінің денсаулығына аса ауыр зақым келтіріп жатады, ал кейбірінде жұбайы таяқ жеуден, қорлағаннан шаршап, балаларының болашағына алаңдап, ажырасуға арыз беріп, екінші ата-ананы құқығынан айыруды сұрайды.
Тағы бір ата-аналар ішімдікке салынып немесе нашақорлыққа әуес болып кетіп жатады. Жаман әдеттен арыла алмай, баласының жағдайына қарауды қойып, тіпті кейіннен оларды ұрып-соғып, жәбірлей бастайды.
Бұдан бөлек жұбайынан кек аламын деп те оны ата-ана құқығынан айыру туралы өтініш жасайтындар жетерлік. Ондай істерді біз қарастырмаймыз.
Әрине, бұдан да өзге көптеген себеп бар, алайда жиі кездесетіндері осы.
– Соңғы 1-2 жылда еліміздегі біраз заңдарға өзгерістер енгізілген еді. Ата-ана құқығынын айыру процесінде өзгерістер орын алды ма? Жалпы қазіргі уақытта ата-аналардың құқығынан айырылуына не себеп?
– Иә, ағымдағы жылы Мемлекет басшымыз отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбандарын қорғу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойған еді. Алайда бұл заңда ата-ана құқығынан айыру шарттары туралы ештеңе жазылмаған.
Бұл туралы заңдар жоғарыда айтып өткенімдей, «Неке және отбасы туралы» ҚР-сы кодексінде қарастырылған. Аталған кодекске сәйкес, әке-шешенің өз міндеттерін атқарудан және алимент төлеуден қасақана жалтаруы, ата-аналық құқықтарын теріс пайдалануы, сондай-ақ өзінің туған баласын перзентханадан, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар ұйымдарынан және өзге де ұйымдардан алудан дәлелсіз себептермен бас тартуы ата-ана құқығынан айыру себептерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар олар балаға физикалық күш қолданса, оның психикасына зорлық жасаса, жыныстық тұрғыда қастандық етсе немесе осыған ұқсас өзге де әрекеттерге барған жағдайда құқықтарынан айырылатын болады.
Оған қоса заңда белгіленген тәртіппен маскүнемдікпен, нашақорлықпен және бәс тігу, карта секілді құмар ойындарға беріліп кеткендері дәленген болса, сондай-ақ өз балаларының не жұбайының немесе өзге де отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаса әке-шеше ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін.
– Ата-ана құқықтарынан айыру тәртібі қандай?
– Жалпы біздің елімізде әке-шеше құқықтарынан айыру сот тәртiбiмен жүргiзiледi. Анығырақ айтқанда, ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер сотта ата-аналардың бiреуiнiң немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың өтініштері, сондай-ақ прокурордың талабы бойынша қаралады. Процеске міндетті түрде прокурор мен қорғаншы және қамқоршы органының өкілдері қатысуы қажет. Олар істің қалай жүріп жатқанын бақылайды.
Мұнан бөлек ата-ана құқығынан айыру туралы істі қарау кезінде сот ата-ана құқығынан айырылған азаматтардан алимент өндіріп алу туралы мәселесін де шешеді. Бұл жерде айта кететіні, алимент төлеушінің кінәсінен берешектің жиналуы, яғни ай сайын алатын жалақысының, өзге де табыстарының мөлшерін, мекенжайын жасырғаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы әбден мүмкін.
Істі қарау барысында ата-аналардың iс-әрекетiнен қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері байқалса, сот жеке қаулымен прокурорға тиісті шараларды жүргізуге қатысты нұсқама береді.
– Сот шешімімен ата-аналық құқығынан айырылудың салдары қандай?
– Егер азамат немесе азаматша ата-ана құқығынан айырылса, баласымен туыстық фактісіне негізделген барлық құқықтарынан, яғни күтіп-бағу қаражатын алу, мемлекеттен белгiленген жеңiлдiктер мен жәрдемақыны алу құқықтарынан айрылатын болады. Алайда ата-ананың құқығынан айрылғаны, оны өз баласын асырау міндетінен босатпайды. Нақты айтқанда, баланың әке-шешесі осыған дейін ажырасып, бір тарап алимент төлеп отырған болса, оны сот ата-аналық құқықтарынан айырса да алимент төлеуден босатпайды. Бұрынғыдай баласы 18 жасқа толғанша алимент төлейді.
Әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылған бала тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын, сондай-ақ ата-анасымен және басқа туыстарымен туыстық дерегіне негізделген мүліктік құқықтарды, соның ішінде мұра алу құқығын сақтайды.
Баланы басқа ата-анаға беру мүмкін болмаған кезде немесе ата-анасының екеуінің де ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына беріледі.
Ата-ана құқығынан айырылған ата-аналардың өтініші бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, балаға теріс әсер етпесе, кездесуге рұқсат береді.
– Ата-аналық құқығынан айырылған адам оны қайтара алады ма? Мүмкін болса, ол үшін не істеу керек?
– Иә, заңда көрсетілгендей ата-ана құқығын қайта қайтаруға болады. Бұл процесс құқығынан айырылған ата-ананың өтініші бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады және де ол қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен қаралады. Жалпы ол үшін азамат немесе азаматша құқығынан айыру кезінде айтылған ескіртулерді, мінез-құлқын, өмір салтын және бала тәрбиесіне деген көзқарасын өзгертуі қажет. Бірақ бұл жерде ескере кететіндігі, егер ата-ананың құқығын қайтару баланың мүддесіне қайшы келсе, сот баланың пікірін ескеріп, ата-ана құқығын қалпына келтіру туралы талап-арызды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы. Сондай-ақ бала 10 жасқа толған болса, ата-ана құқығын қалпына келтіру оның келісімімен ғана қайтарылады.
Мұнан бөлек егер де ата-анасынан алынған баланы өзге отбасы асырап алса немесе асырап алу процесі жүріп жатса, онда туған ата-анасын құқығын қалпына келтіруге жол берілмейді.
– Кейбір жағдайда ата-аналық міндеттерін тиісті түрде орындамаған әке-шешені баланың мүддесiн ескере отырып, құқықтарынан айырмай, тек шектеу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Бұл немен байланысты?
– Бұл амал балаға төнген қауіп тікелей ата-анасына байланысты емес, мән-жайларға қатысты болса (психикасының бұзылуы немесе өзге де созылмалы ауруы, ауыр мән-жайларға душар болуы) немесе әке-шешенің мінез-құлқының салдары бала үшін қауіпті болғанымен, оларды құқықтарынан айыру үшін жетклікті негіздер анықталмаған болса қолданылады. Егер баланың ата-анасының екеуінің де ата-ана құқықтары шектелсе, онда ол қорғаншы және қамқоршы органның қамқоршылығына беріледі.
Егер де ата-аналар өз мінез құлқын өзгертпесе, қорғаншы және қамқоршы орган ата-ана құқықтарын шектеу туралы сот шешімі шыққаннан кейін алты ай өткен соң, оларды ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюға міндетті.
Құқықтарын сот шектеген ата-аналар баланы жеке өзі тәрбиелеу құқығынан айырылады, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшін белгіленген жеңілдіктер мен мемлекеттік жәрдемақылар алу құқығынан да айырылады. Бұл жағдай да құқығы шектелген ата-ана баласын асырау жөніндегі міндеттерінен босатылмайды. Ал өзіне қатысты ата-аналарының ата-ана құқықтары шектелген бала тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтап қала алады. Сондай-ақ ата-аналары және басқа да туысқандарымен туыстық фактісіне негізделген мүліктік құқығын, соның ішінде мұра алу құқығы бар.
– Соттың қойған шектеудің күшін жою үшін заң бойынша не істеу керек?
– Егер де осы уақытқа дейін ата-ана өз құқықтарын шектеуге әкелген негіздерді жоятын болса, онда сот олардың талап-арызы бойынша балаларын қайтарып беру туралы және заңда көзделген шектеулердің күшін жою туралы шешім шығара алады. Алайда, бұл шешім баланың мүддесіне қайшы келетін болса, сондай-ақ ол қарсылық танытса, сот талапты қанағаттандырудан бас тарта алады.
– Заңмен баланың өміріне немесе оның денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда баланы айырып алу мүмкіндігі де қарастырылған екен. Осы жайында толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, егер қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланың өмiрiне немесе оның денсаулығына тiкелей қатер төнгенін анықтаса, оны ата-анасынан немесе оны қамқоршылыққа алған басқа да адамдардан дереу айырып ала алады. Ол үшін сот шешімі қажет емес. Жергілікті атқарушы органының актісі негізінде жұмыстарын істей береді.
Алайда баланы айырып алу кезінде орган прокурорға хабарлауы керек. Сонымен қатар жергiлiктi атқарушы органы баланы айырып алу туралы актiні шығарғаннан кейiн жетi күн iшiнде ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе оларды шектеу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге мiндеттi. Әрі қарай біздің жұмыс басталады.
– Осы жағдай балаға қаншалықты әсер береді деп ойлайсыз? Оның салдары қаншалықты біздің қоғамға ауыр тиюі мүмкін?
– Кез келген бала әке-шешесінің мейірімі мен махаббатында өскісі келеді. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Сондықтан адамдар отау құрар алдында көп ойлануы керек. Егер екі адам кейбір түсініспеушілік пен реніш отбасылық өмірдің ажырамас бөлігі екенін түсіне алмай, әр мәселе бойынша ұрсысатын болса, отбасын құрмағаны дұрыс. Көп жағдайда оның түбі неге әкелетінін біз көріп отырмыз. Әсіресе, психикасы толық қалыптаспаған, ата-анасының екеуін де бірдей жақсы көретін бала үшін әке-шешесінің бұл қателігі өте үлкен соққы болады. Ал бала бұл кезде жасөпірім жаста болса, онда ол жаман ортаға түсіп, құқықбұзушылық жасауға бейім болып кетуі әбден мүмкін. Осы ретте болашақ ата-аналарға әр жасаған қадамдарыңызды ойлап жасаңыздар дегім келеді.
Бала – бұл біздің болашағымыз. Сондықтан әр ата-ана өзіне артылған жауапкершіліктен қашпай, бәріне байыппен қарауымыз керек.
– Жанар Адайбекқызы, ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.