Аптаның дүйсенбісі күні ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен Қаскелең қаласында орналасқан SDU университетінің базасында «JOB FAIR» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Шараның негізгі мақсаты – Алматы облысының бірқатар мемлекеттік органдарын шақыра отырып, университет түлектері мен білімгерлерін мемлекеттік қызметке тарту. Бұл жәрмеңкені жұмыс берушілер мен ізденушілер кездесетін тиімді алаң десек те болады.
Аталған шара елімізде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Ол еліміздегі таланттарды тануға, ынтымақтастықты нығайтуға, тағлымдамадан өтіп, зерттеп көруге мүмкіндік беруде.
Жәрмеңке барысында кез келген студент ең алдымен оны қызықтыратын жұмыс берушілермен тікелей сөйлесті. Бірнеше жұмыс берушілермен кездесіп, сауалдарын қойып, білім беру бағдарламасы бойынша еңбек нарығының толық бейнесін жасады. Әсіресе білімгерлер еліміздегі мемлекеттік қызметке орналасудың маңыздылығы мен артықшылығы жайында толығырақ ақпарат алды.
Жұмыс беруші мемлекеттік органдардың қатарында Алматы облысы Әділет департаменті «Қарасай ауданының ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі» филиалының соты, Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, ҚР Сот әкімшілігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімі, Алматы облысы бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет Департаменті, Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Әкімшілік басқармасы, Қарасай ауданының полиция басқармасы секілді өзге де көптеген мекемелер болды.
Айта кетейік, ҚР мемлекеттік қызметі туралы заңының 15-бабы 6-тармағына сәйкес мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, 3.33 GPI орташа өлшемді бағасымен аяқтаған азаматтар «Б» корпусының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілмей тағайындала алады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.