Сәрсенбі күні өңір жаңалықтарының жаршысы «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, тілшілерге түрлі дәрежедегі сый-сияпат пен марапаттар тапсырды.
— Сөздің қуаты, журналистиканың қайраты қашанда мықты. Бұқаралық ақпарат құралдары қашанда халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болып келеді. Мемлекеттік саясатты, ел ішінде жүргізіліп жатқан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде БАҚ бізге зор қолдау көрсетіп отыр. Сол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін! Басты байлығымыз – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы еңбектеріңіз жемісті, қаламдарыңыз қарымды, мерекелеріңіз құтты болсын! – деген Амандық Ғаббасұлы мереке иелерін марапаттады. Ең алдымен өңір басшысы ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін бірнеше қарымды қалам иелеріне ұсынды. Солардың қатарында газетіміздің белді қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Огни Алатау» газетінің Қарасай ауданы бойынша меншікті тілшісі Танзиля Мұхтарова да бар.
Танзиля Рауфқызы біздің аудандық газетте 1991 жылдан бастап тілшілік етіп келеді. Ал, облыстық басылымда, міне, 24 жылдан бері Қарасай жерінің жаңалықтарын жариялап келеді. Өз кәсібінің нағыз шеберіне айналған Танзиля өз мақалаларындағы өткір сынмен тұрғындар тарапынан келіп түскен бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізгенін де айтуға болады. Ал, оның мағыналы да мазмұнды жазбаларын тұрақты оқырмандары сүйіп оқитыны белгілі. Олай болса, әріптесіміздің алдағы жұмысына да сәттілік серік болсын дей отырып, отбасына амандық, өзіне шығармашылық шабыт тілегіміз келеді.
К. КӨПБАЕВА.