Тәуелсіздігімізді қалыптастыру мен нығайтуда, жаңа қазақстандық мемлекеттілікті құруда түбегейлі басты рөл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа тиесілі. Елбасы конституциялық негізде тәуелсіз мемлекетімізді жаңа дәуірге, бейбітшілік пен өркендеу жолымен, бастап келеді.
Қазақстан әлемдегі бәсекеге неғұрлым қабілетті 50 елдің қатарына кірді және «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басты мақсатымен неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылуда. Бұған Президентіміздің ел дамуының келешегін, өзі айқындаған басымдықтарды іске асырудың бағыттары мен жолдарын анық көре білуі, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін соларды іске асыруға жұмылдыруы, сондай-ақ, әлемдік және өңірлік дағдарыстардан туындайтын уақыт сыны мен тәуекелдерді болдырмауының арқасында қол жетті.
Соның нәтижесінде әскеріміздің де әлеуетін әлем тануда. Елбасының берген стратегиялық басымдық бағыттарымен онсыз да ет жеп, қымыз ішіп өскен, ат жалында ойнаған айбынды ұландарымыз әскерімізді дамыту үстінде. Олардың от пен оқтың арасында жүрмесе де, ел шетіне жау келсе аузымен от бүркіген танк, заманауи ұшқыр ұшақтарды жаужүректікпен тақымдай алатынына елдің көзі әлдеқашан жеткен.
Елордамыздың страте-гиялық идеяларының іске асуы – барша қазақстандықтардың мақтанышы. Елбасы мен тәуелсіз Қазақстан – егіз ұғымдар, Астана дегенде Отанымызды тұтас түсінеміз. Астана – мемлекеттің байтағы ғана емес, еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерінің де нышаны.
Алдымызда сол елордамыздың бағдарлы бейнесінің күні болып есептелетін 6-шы шілде – Астананың 20 жылдығы келеді. Осы орайда біздің 78460 әскери бөлімнің қызметкерлері, бөлім командирі, полковник Таусаров Нұрлан Өміртайұлының басқаруымен, «Мәңгілік Ел – Патриоттық актісінің», оның мызғымас жеті тұғырының мәні мен мағынасын терең ұғынып, атаулы күнге ерекше дайындықпен келгенін атап айтқымыз келеді.
Н. ТЕНЕЛБАЕВ,
78460 әскери бөлімнің қызметкері, майор.