ҚР Конституциясының 83-бабына сәйкес ел аумағындағы заңдылықтың, Президент Жарлықтары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің біркелкі орындалуы мен сақталуына жоғары қадағалау жүргізетін құқықтық орган – прокуратура болып табылатындықтан, оның атқаратын рөлі де айрықша екендігі ақиқат. Сол себепті прокуратура заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша елдің сенімді тірегіне айналды.
Жоғарыда атап өткен межелі міндеттер бойынша Қарасай ауданының прокуратурасы тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Оның егжей-тегжейін білу үшін, сондай-ақ соңғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында Қарасай ауданының прокуроры Жәнібек Жақаевпен тілдескен едік. Прокуратура тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, ел ауызында жүрген біраз сауалға жауап алуға тырыстық.
– Жәнібек Оразбекұлы, өзіңіздің басшылығыңызбен Қарасай ауданының прокуратурасы тарапынан осы жылдың І жартыжылдығы бойынша атқарылған жұмыстардың саны аз емес. Оны әлеуметтік желідегі парақшаларыңыздан байқап та жүрміз. Көпшілікке түсінікті болу үшін солардың ең маңыздысына тоқталсақ деп едік. Біздің білуімізше, бірнеше жобаны қолға алып келесіздер. Соның бірі – кәсіпкерлердің құқықтарын қолдау. Бұл бағытта жұмыс қалай жүруде және оның нәтижесі қандай?
– Бұл бағытта бірқатар маңызды жұмыстар жүргізілді. Прокурорлық қадағалау актілерінің қаралу нәтижесімен бүгінгі күнге дейін 300-ге жуық кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Бұдан бөлек, прокуратураның бастамасымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің қатысуымен «мобильді топ» құрылды. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге QR-код арқылы прокуратураға сигналдар жіберу сервистік өнім жобасы қызмет көрсетуде.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы прокуратура тұрақты негізде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің қатысуымен көрсетілген бағытта ашық есік күні, жиындар, семинарлар өткізді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау – бүгінгі таңда прокуратураның басымды бағыттарының бірі. Осы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, «М.А.Ж. ГРУПП» ЖШС-не, «IMD Company» ЖШС-не, «Altay Investment» ЖШС-не жер комиссиясының оң қорытындысын алу, жер учаскелері бойынша сервитут белгілеу және инвестормен заңда көрсетілген шарт жасасу барысында туындаған қиындықтарды шешуге заң аясында көмек көрсетіліп, ықылас білдірілді.
Сондай-ақ мемлекеттік кірістер басқармасы және білім бөлімі органдарының қызметін талдау барысында, 82 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тарту фактілері және келісімшарт талаптарына бірқатар міндеттерді заңсыз енгізу фактілері анықталды.
– Бүгінгі таңда Қарасай аудандық прокуратураның ықпалымен «Жол қозғалысы қауіпсіздігі. Нөлдік өлім» деген жоба жүзеге асырылуда екен. Оның мақсаты қандай? Бұл қаншалықты жолға қатысты мәселені реттейді?
– Аталған жоба аясында біздер прокуратура, полиция, әкімдік және қоғамдық тұлғалар (блогерлер) болып мобильді топ және «Телеграмм» мессенджерінде чат құрдық. Бұдан басқа жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, рейдтік іс-шаралар жүргізу, ЖКО себептерін анықтау және жою, жол қозғалысы ережелерін сақтауды насихаттау, проблемалық учаскелерде аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнату мәселелерін талқылау үшін уәкілетті органдарға ведомствоаралық кеңес өткізу туралы хаттар жолданды.
Жоғарыда атап өткен мобильді топ заң бұзушылықтарды жою жөнінде нақты шаралар қабылдау үшін жолдардың проблемалық учаскелеріне 6 рет шығып, келеңсіз жағдайларды болдырмауды жүзеге асырды. Оның барысында аудан аумағында бағдаршам нысандарының жетіспеушілігі проблемасы бар екені анықталды.
Сондай-ақ жоба аясында Абылайхан автомобиль жолдарының қиылысында және «Сәукеле» шағын ауданының бұрылысына, облыстық маңызы бар «Алмалыбақ – Жетісу» – «Алматы-1 – Шамалған – Ұзынағаш» автомобиль жолындағы жол қозғалысы барысында автокөлікті түсіру бейнекамералары және жол көлік оқиғасының туындамауы үшін бағдаршам объектісі орнатылды.
– Байқағанымыздай, қайырымдылық шарасына да атсалысып жүресіздер. Мәселен, «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» деген акцияларыңыздан хабардармыз. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүруде?
– Аудан прокуратурасы ағымдағы жылы «Қауіпсіз және бақытты балалық шақ» жобасы аясында құрылған мобильді топ мүшелерімен 420 отбасының тұрмыстық жағдайларын анықтап білу мақсатында оларға бару жұмыстарын ұйымдастырды. Нәтижесінде 15 балаға медициналық көмек көрсетіліп, 13 бала тұрғын үй кезегіне қойылды.
Сонымен қатар 78 аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеттері мен материалдық көмек көрсетіліп, сәтсіз отбасыларда есепте тұрған 100 баланы «Mall Aport» сауда-ойын-сауық орталығындағы кинотеатрға алып бару демалыстары ұйымдастырылды.
Отбасыларды аралау барысында мобильді топ 3-ші топтағы мүгедек, 7 жасар Д.Рамматулаева білім беруден тыс қалғаны анықтады. Атқарылған жұмыстың нәтижелері бойынша Д.Рамматулаева облыстық психологиялық медициналық педагогикалық консультациясына 2024 жылдың 10 маусымына тіркелді. ОПМК қорытындысымен оқу форматы белгілі болып, 2024-2025ж.ж. Д.Рахматуллаева 1-сыныпқа баратын болады.
Заң аясында атқарылған жұмыстарға келер болсақ, бала тәрбиесіндегі өз міндеттерін тиісті түрде атқармағаны үшін 26 ата-ана ӘҚБтК-тің 127-бабымен жауапқа тартылды.
Сондай-ақ суицидтің, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігінің және олардың тарапынан жасалатын қылмыстың алдын алу мақсатында ауданның 52 мектебінде түрлі лекциялар оқу өткізілді.
Осылайша жоба аясында ҚР ҚК-нің 122-бабы 1-бөлігімен 5-қылмыстық іс тіркелген және көрсетілген қылмыстық іс бойынша күдікті тұлғалар анықталып, оларға қатысты қаумауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сонымен қатар, осы жылдың сәуір айында №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аудан прокуратурасының бастамасымен «IDL Dental» инновациялық стоматологиялық орталығының дәрігер-стоматологтарымен 30 балаға медициналық көмек көрсетілді.
Жобаның кезекті қадамы балалар үйіне барып ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың көңілдерін көтеру мақсатында түрлі ойын-сауық бағдарламалары өткізіліп, сыйлықтар мен ойыншықтар таратылды.
1 маусым – Балаларды қорғау күні де назардан тыс қалған жоқ. Айтулы мерекеге орай аудан прокуратурасы аудандық Мәдениет үйінде «Ана мен бала» қайырымдылық мекемесімен бірлесе отырып, балаларға қызықты іс-шаралар өткізді.
Сондай-ақ аталған жоба аясында аудан прокуратурасының үйлестіруімен Қаскелең қаласында заңсыз миссионерлік қызмет атқарып жатқан медресе анықталды.
Медресе қабырғасында кәмелеттік жасқа толмаған 19 оқушыға араб тілінде ағартушылық сабақтар өткізілген. Қазіргі таңда 179 дана әдебиет, «Iphone 12 pro» маркалы телефон және «HP» ноутбугы тәркіленіп, қорытындылар алу үшін тиісті сараптамаларға жолданды.
Сол сияқты осы айдың басында Шамалған ауылында М.Өміралиева кәмелетке толмаған алты баласымен бірге жалдамалы пәтерде ешқандай көмек көрсетулерсіз тұрып жатқандығы анықталды. Бүгінгі күні біздің тарапымыздан уәкілетті органдарға тиісті шаралар қабылдап, көмек көрсетуге бағытталған тапсырма берілді және ол прокуратураның бақылауына алынды.
Жоба аясында ағымдағы жылдың 10 шілдесінде азамат Т.С.Султанбековтің кәмелеттік жасқа толмаған қызы С.Т.Султанбекті ұрып-соғу фактісі бейне-жазбамен расталды. Аталған факті аудан прокуратурасының АЕК-де тіркеліп, тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін АПБ жолданды. Нәтижесінде ҚР ҚК 109-1-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
– Жәнібек Оразбекұлы, өзіңіз білетіндей Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бос жатқан және заңсыз пайдалануға берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы әлі де жалғасуда. Дәл осы бағытта Қарасай ауданында қандай істер атқарылды? Біздің ауданда мұндай заң бұзушылықтар бар ма?
– Қарасай ауданының прокуратурасы ағымдағы жылы кадастрлық құны 150 000 000 теңгені құрайтын аумағы 1500 га жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды. Одан басқа талдау нәтижесімен заңсыз берілген 15 000 га жер учаскелері анықталды, қазіргі таңда сотқа талап-арыз енгізілді (қаралу сатысында).
Осыған ұқсас бәрімізге мәлім аумағы 11 га құрайтын заңсыз нысан, яғни «Барыс» құрылыс базары бойынша аудан прокуратурасы сотқа талап-арыз енгізді. Ол қазіргі уақытты қаралуда.
Аудан прокуратурасы бос жатқан және заңсыз пайдалануға берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын қарқынды түрде атқаруда.
Сонымен қатар аудан прокуратурасы жергілікті атқарушы органның жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша шығарылған 80 өкімінің күшін жойды. Ол бойынша жауапты тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылды.
– Қаскелең қаласында «Торедо» құрылыс компаниясының үлескерлері баспаналарына жете алмай, алданғанын айтып, шағымданған болатын. Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл жайттан хабарыңыз бар шығар. Сұрайын дегенім, бұл жерде тұрғындардың мүдделері қалай қорғалады?
– 2024 жылдың 28 қаңтарында Қарасай аудандық Полиция басқармасы алаяқтық дерегімен үлескерлерінің арызы негізінде «Торедо» ЖШС-нің басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастаған болатын. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен екі адам қамауға алынды.
Қазіргі таңда қылмыстық істі Алматы облысы бойынша ЭТД-і тергеуде. Қылмыстық іс бойынша 96 жәбірленуші бар. Әлі де тиісті тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр және істің толықтылығы мен жан-жақтылығы қамтамасыз етіліп, заңды түрде процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Аталған қылмыстық іс Алматы облысы прокуратурасының қатаң бақылауына алынған.
– Соңғы сұрағым, алдағы II жартыжылдыққа деген жоспарларыңыз қандай?
– Азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бізге қойылған басты талаптардың бірі. Соның ішінде маңызды мақсатымыз – жоғарыда айтылған жобаларды толыққанды жүргізіп, нақты жетістіктерге қол жеткізіп, халықтың прокуратураға деген сенімін арттырып, әділетті қоғам қалыптастыру. Осы бағытта жұмысты жеделдетіп, жетілдіріп, жүйелі түрде жалғастыруды тоқтатпаймыз.
– Тілдескеніңізге рақмет, Жәнібек Оразбекұлы! Көпшілікке анық ақпарат жеткізе білдік деген ойдамын. Қызметіңізге сәттілік, ісіңіз өрлей берсін!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.