Өзі жығылып жатып, сүрінгенге көмектесу әбестік емес, әділдік. Себебі өзіңе қиын болса да өзгелерге жеңілдік ойлау, ізгі іс жасауға ұмтылу – жұдырықтай жүрегіңіздің жақсылыққа толы екенінің көрінісі. Бұл сөздерімізге дәлел болатын кейіпкеріміз – Жақсылық Сейітов. Атына заты сай болған азамат осыдан 9 жыл бұрын оқыс оқиғаға тап болып, қазір арбаға танылып отыр. Осындай күйге түскеннен кейін, өзі секілді тағдырлас адамдардың жай-күйін одан да тереңірек түсінгендей болды және әрбір мүмкіндігі шектеулі жандарға қолынан келгенше көмек беруде.
Жақсылық Ермекұлы1995 жылы Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылдық округінде дүниеге келген. Кейіпкеріміз отбасында үйдің үлкені, өзінен кейін екі қарындасы мен бір інісі бар. Оның айтуынша, басына түскен сынақ 2015 жылдың үшінші тамызында болған. Сол күні қарындасының туған күніне орай отбасын қыдыртып қайтқысы келіп, алдын ала көлігін бір тексеруді жөн санаған. Сөйтіп көлікті үйдің ауласына қойып, қорабын шешейін деп бұрандаларын бұрап, соңғысын алып, астынан шығып келе жатқанда машина өздігімен жүріп кеткен. Алдыңғы дөңгелектерінде екі кірпіш болса да көлік орнынан жылжып, денесін басып қалған.Осы оқиғадан кейін оның екі аяғы істемей, бел омыртқасы сынған, жұлынға қатты зақым келген. Оң қолының қимыл қозғалысы әлсіз болып, ауруханада сезбей қалған.
Ауруханадан шыққаннан кейін ағасының осындай жағдайға түскеніне көнбеген інісі оған тыным бермей, түрлі жаттығулар жасатқан. Қиналса да інісінің көңіліне қарап, жаттығуын тоқтатпағанның арқасында уақыт өте келе Жақсылықтың қолы жартылай қозғалысқа келген. Осы бір қуанышты жеңісінің арқасында бүгінде ол тағдырына берілмей, табандылық танытып, қоғамда өз орнын табу мақсатында тынымсыз еңбектеніп келеді.
Жақсылық Ермекұлы – қазіргі таңда «Мүгедектердің құқықтарын қорғау» қоғамының басшысы, шағын кәсіпкер. Осыдан бір жыл уақыт бұрын арбаға жалғанатын электрлік құрылғы ойлап тапқан. Соның нәтижесінде арбада отырған адамдар біреудің көмегінсіз-ақ қалаған жеріне өздері барып келе алады. Бірақ тас жол мен асфальтта 20-25 шақырымды ғана игереді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл құрылғыны ойлап табуына өзінің қазіргі денсаулығы тікелей түрткі болған. Арбаға таңылып отырған соң, қолжетер жерге де қозғалу үшін біреудің көмегіне жүгіну керек. Тым құрығанда үйдің, ауланың ішінде, жақын жердегі дүкен, мектеп, аурухана секілді орындарға өзі бара алатындай мүмкіндікті аңсаған.
«Әлеуметтік желіден мүгедектер арбасына жалғанатын электрлік құрылғыларды қарай бастадым. Бағасы өте қымбат болған соң, керекті заттарын алып, неге өзім жасамасқа деген ой келді. Солай алғашқы электрлік құрылғыны жасап, өзім қолданып көрдім. Нәтижесі мен ойлағаннан да жақсы болды. Бұл құрылғыны құрастырып келе жатқаныма бір жыл болды. Ең алғашқы еңбегім үйде әлі сақтаулы», – деді Жақсылық Ермекұлы.
Кейіпкеріміз бұл электрлік құрылғының екі түрін құрастырған. Біріншісі екі қолы да жұмыс істейтін жандар үшін екі жағынан да бекітілетін түрі болса, екіншісі екі қолы икемге келмейтін жандарға арналған. Қазіргі уақытта Жақсылықтың бір қолы дұрыс қимылдамаса да өзі екі жағынан бекітілетін электрлік түрін қолданады.
Аталған құрылғыны жасауға керекті заттарды күйеу баласы Қытай мемлекетінен тапсырыспен әкеліп береді. Ол өз сөзінде ең алдымен Жаратушыға, одан кейін ата-анасы мен бауырларына және достарына алғысын білдіретінін айтты.
–Жанымдағы жақындарыма үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Олар болмаса менің осылай өмір сүруге деген қызығушылығым, өзім секілді тағдырлас жандарға көмектесуге деген ниетім болмас еді, – деді кейіпкеріміз.
Жақсылық Сейітовтың ең үлкен арманы – денсаулығы түзеліп, өз еркімен қозғалу және спортпен айналысып таңғы уақытта жүгіру. Ал оның мақсаты – өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға қолынан келгенше көмек беру.
Айта кетейік, қазіргі таңда бұл құрылғының нарықтағы бағасы 380 мың теңгеден басталып, 600 мың теңгеге дейін жетеді. Ал кейіпкеріміз болса оны 250 мың теңгеге сатады. Оның себебі – өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жаңдарға қуаныш сыйлау. Алайда бұл құрылғыны жасауға қазіргі уақытта оның қаражаты жеткіліксіз болуда. Себебі әрбір құрылғыны жасауға қажетті жабдықтардың құны арзан емес.
Егер де демеушілік көрсетіп, қолдау білдірем деген мейірімді жандар болса, Жақсылық Сеитовтың жеке қоғамдық шот нөмірі төменде көрсетілген.
Халық банк: KZ62601A861021334031
Шұғыла Тыныс.