Астананың 20 жылдығы – ел өміріндегі ерекше ірі тарихи оқиға, Қазақстан халқының мерейлі мерекесі.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұрын, атап айтқанда, Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын былайша өте анық және бейнелі түрде айқындап берген еді: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр- талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».
Астана –Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бері өткен 20 жыл мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылады.
Жиырма жыл ішінде Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Болашақта да елдіктің ерен елордасы – Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретін болады.
Ендеше, бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар, халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!
А. АБИЗОВА,
Қарасай аудандық қазынашылық басқармасының бас маман–бас қазынашысы.