Мал шаруашылығы ежелден қазақтарға тән шаруашылық түрі болып табылады. Басқа-басқа қазақтар малды ертеден азық түрінде пайдаланып, кәсіп көзі ретінде қолдана білген. Бүгіндері сол үрдіс жалғасын тауып, мал шаруашылығы маңыздылығын жоғалтпады. Ал сол малдың саулығына кепілдік беретін бірден-бір бағыт – ветеринария. Десе де маңызы бар бұл сала бірер жыл бұрынғы уақытқа дейін деградацияланып, мәртебесі ақсаңдап келген еді. Бұл ретте іске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, түбегейлі реформалар жүргізіп, жақсы өзгерістер енгізуді жүктеген болатын. Соның арқасында өзге өзгерістерге қоса шілде айының 10-ы күні ветеринарлардың кәсіби мерекесі болып жарияланды.
Айтулы күнге орай біз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарасай аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Арынбаевпен сұхбаттасып, бүгінде ветеринария саласында қандай өзгерістер орын алып жатқандығы жайлы әңгімелестік.
Айта кетейік, аталмыш мекеме ауданымызда 2012 жылы құрылған. Қазір мұнда 10 маман қызмет етеді. Мекеменің негізгі міндеті – аудан аумағындағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
– Марат Жаманқұлұлы, ветеринария саласының қазіргі уақыттағы еліміз үшін, ауыл шаруашылығы үшін маңыздылығы қандай?
– Мал шаруашылығы экономиканы алға сүйрейтін салалардың бірі болып табылатындықтан ветеринарлардың күнделікті атқарып отырған жұмыстарының маңызы өте зор. Қазіргі қоғамда ветеринария саласының экономикалықпен қатар биологиялық және медициналық-санитариялық маңызы да бар. Себебі елде жүргізілетін ветеринариялық қызметтің мақсаты шаруашылықтарда ветеринариялық іс-шараларды сапалы және уақтылы жүргізу, жануарларды инфекциялық және паразиттік аурулардан тазарту, шаруашылықтарға жануарлар ауруы бойынша зиянды азайту, сондай-ақ қауіпті індеттерден сақтандыру болып табылады. Жалпы айтқанда ветеринарияның мамандары осы саланың ақсамауы үшін үнемі белсенді жұмыс жүргізіп отыратын жандар.
Академик К.Скрябин: «Медицина адамды емдесе, ветеринария бүкіл адамзатты емдейді», – деп бекер айтпаған ғой, біздің жұмысымыз тоқтап қалатын болса, онда көптің күн көрісі болып отырған мал шаруашылығы да тоқтап қалады деуге болады.
– Кейінгі бір-екі жылда ветеринария саласына көп көңіл бөлініп, 2021 жылдың күзінде Президент өз Жолдауында: «Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек» дегеннен кейін жақсы өзгерістер орын алған еді. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз.
– Иә, Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында біздің саламызда көптеген жағымды өзгерістер болды. Мәселен, ветеринариялық қызмет жұмысы цифрлық форматқа көшірілді, сол арқылы бір жағынан эпизоотиялық ахуалдың қадағалануы мен мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал екінші жағынан, цифрландыру ветеринар мамандарды қағазбастылықтан босатылып, негізгі функцияларын орындауларына мүмкіндік берді. Сонымен қатар осы саладығы мамандардың жалақысы айтарлықтай көтерілді. Бұл бізге қатарымызды жас мамандармен толықтаруға үлкен септігін тигізді.
Әрине осы саланың маманы ретінде мұндай өзгерістер болып жатқанына қуанамыз. Алдағы уақытта да еліміздегі ветеринария тек дами түседі деп сенемін.
– Бүгінде Қарасай ауданында ветеринария саласына жауапты бірнеше мекемелер бар. Соның ішіндегі Сіз басқарып отырған Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарасай аудандық аумақтық инспекцияның жұмысы қандай? Жалпы аудандық ветинспекция қандай қызметтің түрін көрсетеді?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Аудандағы ветеринария мекемелері қазіргі заман талабына сай болмаса, жергілікті шаруалар ақсаңдап қалады. Ал инспекция бөлімінің жұмысына келер болсақ, біз ауданның аумағында орналасқан мал өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға олардың тауарын өзге қалалар мен мемлекеттерге экспорттауға шығару үшін ветеринарлық сертификат береміз.
Сонымен қатар, біздің құзыретке мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру кіреді. Оған қоса мекемеміздегі мамандарымыз аудандағы кәсіпорындарға бақылау және қадағалау жасап отырады. Бұл ол жерде шығатын мал өнімдерінің сапалы, талаптарға сай болуын қамтамасыз ету мақсатында жасалады.
– Өзіңіз айтып өткеніңіздей, ауданымыздағы мал мен малдан жасалатын өнім шет елге экспортқа шығару үшін тексерістен өткізіліп, арнайы сертифик алуы керек. Бұл үрдіс қалай жүргізіледі?
– Әлбетте, экспортқа шығарылатын мал мен өнім арнайы тексеруден міндетті түрде өтуі керек. Мәселен, малға келетін болсақ, ол әуелі адамға және жануарға ортақ аса қауіпті ауруларының бар-жоғы анықталады. Лабораториялық зерттеулер жүргізіледі. Аурулардан таза, сау мал екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана барып, экспортқа шығарылады. Малдан жасалатын өнім де дәл солай арнайы лабораториялық тексерістен өткізіледі. Тек зерттеулер қорытындысы бойынша талапқа сәйкес екені расталса, экспортқа рұқсат беріледі.
Жалпы экспортқа шығарылатын мал өнімдерімен жұмыс жасаған кезде қателікке жол беруге болмайды. Егер ертең шет мемлекетке барып, ауру анықталып жатса, оның арты үлкен дауға ұласуы мүмкін. Үлкен экономикалық шығындар болады.
Осыған қарап-ақ ветеринария саласының маңызды әрі қиын екенін байқауға болады. Сондықтан біздің мамандар өз істеріне жауапкершілікпен қарап, әркезде өзіне жүктелген жұмысты сапалы жасауға тырысады.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.