Бір апта бұрын атап өтілген Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, осы салада табандылық танытып, елеулі еңбегін еліне арнаған бірқатар әріптестеріміз лайықты түрде құрметтелді.
Біразы ел Президентінің ықыласына бөленсе, тағы басқасы тиісті министрлік пен түрлі ұйымдардың марапаттарына ие болды. Олардың қатарында Қарасай жерінің жаңалығын жалпақ жұртқа жария етіп, түрлі бастамаларға жетекшілік етіп жүрген ауданның журналистері де бар. Атап айтар болсақ, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің Қарасай ауданы бойынша меншікті тілшісі, ақын-жазушы Қуат Қайранбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанса, Қарасай аудандық «Naqty» газетінің редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты Атлана Исаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Құрмет грамотасына лайық деп танылды.
Ақпарат айдынындағы қос журналистің мерекелік марапаттарын Қонаев қаласында өткен салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Құдайбергенов табыс етіп, Алматы облысының журналистер қауымын құттықтады.
Сондай-ақ БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында біздің мерзімді басылымның басшысы Атлана Жанатқызы тағы бір марапатқа ие болды. Газет пен желілік басылымның тізгінін қатар ұстап жүрген редактордың елеулі еңбегі «Атамекен» ҰКП тарапынан бағаланды. Аталмыш кәсіпкерлік палатаның төрағасы Раимбек Баталовтың Алғыс хатын «Атамекен» ҰКП-ның Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділ табыс етіп, кәсіби мерекемен құттықтады.
Әріптестердің мерекелік марапаттары құтты болсын! Ақпарат саласындағы еңбектері жемісті болып, үнемі құрмет биігінен көріне берсін дегіміз келеді.
Өз тілшіміз.