Қарасай ауданындағы ең өзекті мәселенің бірі – ауыз судың тапшылығы. Бұл жағдайды оңтайлы шешу үшін аудандық деңгейде тиісті жұмыстар атқарылумен қатар, 18 елді мекенді сумен қамтитын «Қаскелең топтық су құбыры» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама 2014 жылы ойластырылғанымен, осы уақытқа дейін бірнеше себептерге байланысты жүзеге асуы тоқтауға мәжбүр болған. Дегенмен ауқымды жобаны аяқтау үшін қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жандандыру мәселесі қолға алынуда. Оған ықпал етуші мекеме – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті.
Аудан халқын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Қаскелең топтық су құбыры» жобасы халық қалаулыларының назарынан түскен емес. Күні кеше осы мақсатта ауданымызға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары – Сұлтан Дүйсембинов пен Ғалиасқар Сарыбаев арнайы келіп, жобаға жауапты мекеме өкілдерімен жолықты. Бұл кездесуге ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев та келді. Жұмыс сапарымен келген азаматтар алдымен аудандық әкімдіктің ғимаратында мәслихат депуаттарымен, округ әкімдерімен, сондай-ақ жоба құрылысына жауапты «Алматыинжстрой» АҚ мен «Фирма Еламан» ЖШС сияқты мердігер мекемелердің өкілдерімен жиын өткізіп, «Қаскелең топтық су құбырына» қатысты туындағын мәселелерді талқылады.
Жиын барысында алдымен аудан әкімі Жасұлан Естенов жобаға қатысты ақпарат беріп, оның жүзеге асуына осы уақытқа дейін кедергі келтіретін тиісті мәселелер шешілгенін айтты. Ендігі мақсат – мердігер мекеме тарапынан жұмысты жүйелі түрде атқарып, құрылысты толық аяқтау. Сондай-ақ аудан басшысы жобаның сәтті түрде жүзеге асуына қандай да бір мәселе туындаса, оны шешу жолын қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Ал ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев бұл жобаға қатысты комитет тарапынан тиісті қолдау болғанын, сонымен қатар туындаған мәселелер рет-ретімен шешілгенін түсіндірді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін жер учаскесіне байланысты түрлі жағдай орын алған. Оның бәрі жұмыстың жүруіне кедергі келтірген.
– «Қаскелең топтық су құбырының» І кезектегі екінші және үшінші іске қосу кешені жұмысына қатысты біраз мәселелер шешілді. Біздің тарапымыздан тиісті көмек берілді. Егер жұмысты қазіргі сәттен бастап жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігіне алып, жобаның жүзеге асуын өздері жалғастырамыз десе, ешқандай қарсылығымыз жоқ. Өткізіп беруге дайынбыз, – деді комитет төрағасы Арсен Арманұлы.
Дегенмен аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы бұл жобаға қатысты жұмысты комитет төрағасынан соңына дейін жеткізіп, құрылыс жұмыстарын аяқтауды сұрады. Егер қандай да бір мәселе туындаса, оны дер кезінде аудандық деңгейде шешуге ықпал етуге дайын екенін жеткізді.
Бұл жиында сондай-ақ «Қаскелең топтық су құбырының» І кезектегі екінші және үшінші іске қосу кешендерінің жұмысына жауапты «Алматыинжстрой» АҚ мен «Фирма Еламан» ЖШС деп аталатын мердігер мекеме өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Олар осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды түсіндіріп, қаржылық және басқа да туындағын мәселелерге тоқталды.
– «Қаскелең топтық су құбыры» жобасының І кезектегі екінші іске қосу кешені жоспарлы түрде атқарылуда. Осы жылдың қазан айында Жандосов ауылдық округіне қарасты су жинағышты қосып, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етеміз, – деп «Алматыинжстрой» АҚ-ның атқарушы директоры Е.Исмагулов уәдесін берді.
«Қаскелең топтық су құбырына» қатысты жергілікті халық қалаулыларының да ұсыныс-тілектері ескерілді. Мәселен, аудандық мәслихат депутаты Ардақ Бакишев бұл жоба жүзеге асқан соң, ауыл ішіндегі инженерлік жүйе судың қысымына дайын болуын алға тартты. Өйткені кейбір елді мекенде тозығы жеткен құбырлар да болуы мүмкін. Ал бұл келешекте үлкен мәселеге айналуы ықтимал. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Жеңіс Бектасов болса, су ресурсы саласы өзіне жақсы таныс болғандықтан, ауыз су тапшылығы аудан көлемінде өте күрделі мәселе екеніне тоқталды.
Жиын соңында ауданымызға арнайы ат басын бұрып келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары барлық баяндамашыларды тыңдай келе, аудан халқын алаңдатқан ауыз судың тапшылығы үнемі бақылауда екенін айтты. Тіпті, өз сөзінде Серік Мырзабекұлы комиет төрағасы Арсен Арманұлына Қарасай жеріне келуді ұсынып, тұрғындарды алаңдатқан мәселемен жақын танысуды жоспарлаған екен.
Су тапшылық мәселесіне қатысты Ғалиасқар Төлендіұлы да пікірін білдірді. Әсіресе, биыл іске қосылатын жобаның І кезектегі екінші іске қосу кешеніне жауапты «Алматыинжстрой» АҚ-ның атқарушы директоры Е.Исмагуловке өз уәдесінде тұрып, жұмысты жоспарлағандай аяқтауды тапсырды.
Жиын аяқталған соң халық қалаулылары «Қаскелең топтық су құбырының» құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын қадағалады. Жоба аяқталған соң елді мекендерге тасымалданатын су жүйесінің механизмімен танысты.
Айта кетейік, «Қаскелең топтық су құбырына» 18 елді мекен кіреді. Нақтырақ айтқанда, І кезектегі екінші іске қосу кешенінің сумен жабдықтау бойынша 10 елді мекен қамтылады. Олар – Әйтей, Жандосов, Қайрат, Шалқар, Шамалған, Еңбекші, Құмарал, Сауыншы, Үштерек, Тасқын ауылдары. Ал, І кезектегі үшінші іске қосу кешенінде сумен 8 елді мекен қамтамасыз етіледі. Олар – Жалпақсай, Алмалыбақ, Құмтоған, Долан, Ұлан, Жамбыл, Көлді, Мерей ауылдары.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.