Өткен аптада Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаевамен жазғы демалыс сауықтыру лагері бойынша сұхбаттасқан едік. Белгілі болғандай, биыл жазғы демалыс орындарына 400 балаға тегін жолдама берілген. Соның арқасында балалар республикалық және біздің Қарасай аудандағы «Арман дала» мен «Альтаир» жазғы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Соңғы екеуі де осы айдың маусым, шілде айларынан бастап балаларды қабылдайды.
Жоғарыда атап өткен «Альтаир» демалыс орыны Бекболат ауылында орналасқан. Республика бойынша ауқымы кең лагерьлердің бірі. Мұнда әр бала үшін барлық жағдай қарастырылған. Жазғы сауықтыру лагерінің демалыс уақытына деген дайындығын көру үшін жақында арнайы барып қайттық. Мұндағы басшылықпен тілдесіп, алдағы жұмыс жоспарымен таныстық.
Осы аталған демалыс лагерінің директоры Абайбол Омарбековпен және сату бөлімінің басшысы Санжар Асылбеков аталмыш лагерьге қатысты барлық ақпаратпен бөлісті. Лагерьдің ашылу тарихы, оған берілген атаудың мағынасы туралы да түсіндірді.
«Альтаир» демалыс орны 2009 жылы ашылып, өз жұмысын 2013 жылдан бастап қарқынды жүргізе бастаған. Мекеме басшысы Абайбол Ерланұлының айтуынша, лагерьге берілген атау аспандағы жұлдызбен байланысты.
«Негізі лагерь жаңадан ашылған кезде бұл жерде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері жұмыс істей бастаған. Балаларға өнер бойынша сабақтар да өткен. Сондықтан да бізге келген балалар жұлдыз болып шықса екен деген ниетпен лагерьдің атын «Альтаир» деп атағанбыз», – деді ол.
Аталған демалыс лагері жыл сайын республика бойынша 1500-ге жуық бала қабылдайды. Әр онкүндік демалыста 250-300-ге жуық балалар демалады. Лагерь аумағы өте көлемді, ішінде 10 корпус орналасқан. Барлық бөлмеде әр балаға жеке жатын орын, сөрелер және жуынатын жабдықтар орналасқан. Одан бөлек алаңда үлкен және кіші балаларға арналған арнайы екі бассейн жасалған. Онкүндік демалыстың әр күнінде әртүрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, демалыс орны таудың етегінде орналасқандықтан, тауға шығу, атпен серуендеу, квадроциклмен қыдырту сияқты бағдарламалар да қарастырылған. Қосымша ән, би, актерлік шеберлік сабақтары, бес уақыт тамақ, түрлі шоу программалар бар.
Бұл демалыс орнында балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдайлар жасалған. Арнайы бейнебақылау камералары, күзетшілер мен медбикелер және тәрбиешілер ұйымдастырылған. Лагерьдің сату бөлімінің басшысы Санжар Асылбековтың айтуынша, балалар қаланың у-шуынан демалу үшін және қолдарындағы ұялы телефонынан арылу үшін барлық жағдайды жасап отыр. «Әсіресе, балалардың өздерінің жеке тазалықтарын қалыптастыру үшін «тазалық қонжығы» деп аталатын қызықты ойын ойлап таптық. Яғни, 10 күн ішінде ол ойыншық әрбір бөлмеге ауыстырылып отырады. Кімнің бөлмесінде таза болып шықса, сол бөлменің балаларына сыйлық беріледі. Оның мақсаты әрбір бала өз артын жинап үйренуге және жеке басының тазалығын қамтамасыз етуге тәрбиелейді», – деді Санжар Асылбеков.
Шұғыла ТЫНЫС.