«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс». Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдағы басты тақырып болатын. Оның барысында ел дамуын айқындайтын, ұлттық құндылықты жаңғыртатын, тарих мұрасын насихаттайтын түрлі бастамалар көтерілді.
Мемлекет басшысының осы бір ұтымды үш ұғымын талқылау мақсатында жақында ауданымызға ҚР Президентінің кеңесшісі, жазушы Мәлік Отарбаев іссапармен арнайы келді. Қарасай ауданының белсенді жастарымен кездесіп, имамдар қауымымен өзекті мәселелерді талқылады.
Ел ішін аралап, әдейілеп ат басын бұрған Мәлік Нұржанұлы алдымен Қарасай жерінде орналасқан SDU университетіне қадам басты. Құрметті қонақты оқу ордасының ректоры Әлімжан Игенбаев қарсы алып, ЖОО-ның бүгінгі жағдайымен таныстырып, оқу корпустарына қатысты ақпарат берді. Сондай-ақ ол қолға алынып жатқан жобаларға тоқталып, студенттердің сапалы білімін одан әрі арттыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
М.Отарбаев SDU-ды аралаған соң, ауданның белсенді жастарымен жүздесті. Жиын барысында аудан әкімі Жасұлан Естенов қарасайлық жас буынға құрметті қонақты таныстырып, сөз кезегін Мәлік Нұржанұлына берді.
Мемлекет басшысының кеңесшісі алдымен жастарға ел Президенті Қ.Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, аталмыш университет жайлы ойымен бөлісті. Ол өзін осы оқу ордасының алғашқы түлегі атанғанын мақтанышпен айтты. Одан кейін құрметті қонақ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Президенттің Ұлттық құрылтайдағы басты тақырыбына тоқталып, ондағы байыпты бастамаларды сөз етті. Атап айтқанда, өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы болып қалыптасу жолын түсіндірді. Ол үшін кітапты көп оқып, ұлттық құндылықты санаға сіңіріп, ана тілдің тазалығын сақтау маңызды екенін түсіндірді. Одан бөлек елшілдік, жершілдік, рушылдық мәселесіне тоқталды. Ел арасында туыстық қарым-қатынаспен жеке дара бөліну елді дамытпайтынын түсіндіріп, әрбір істе береке-бірлігімізді танытуды айтты.
Мәлік Нұржанұлы, сондай-ақ озық ойлы ұлтқа айналудың басты алғышарттарын атап өтті. Ол үшін басты қажеттілік – сапалы білім мен сауатты ақпарат. Осыларды санасына сіңірген жастар биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді. Сондықтан әлеуметтік желідегі жедел тараған ақпаратқа емес, газет-журналдың бетіндегі дәйекті деректерге көп мән беруге үндеді. Себебі ғаламторда лезде тараған ақпарат көп жерде шындыққа жанаспай, сауатсыз жеткізілуі мүмкін. Ал оны адамдар санаға сіңіріп өссе, жалғанның жетегінде жүруі ықтимал. Осыны түсіндірген Мәлік Отарбаев, тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газетті сүйіп оқитынын да айта кетті. Мемлекет басшысы мерзімді басылымдарға мұқият мән беріп, ондағы ақжолтай ақпаратқа зер салатынын жеткізді.
Талай келелі мәселелерді сөз еткен Мәлік Нұржанұлы жиын барысында жас қарасайлықтардың бірқатар сұрағына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Оның барысында жастар мәдениеті, білімге деген құштарлық, мектеп бағдарламасындағы оқулықтар жайлы әңгіме қозғалды. Ерекше сауалдардың бірін Жібек жолы ауылдық округінің нұсқаушысы Медеубек Ильясов қойды. Жас маман Президенттің кеңесшісінен жазушы әрі талай кітап оқыған азамат ретінде жастарға қандай кітап оқуға кеңес беретінін сұрады. Ал Мәлік Нұржанұлы бұл өте орынды сұрақ екенін айтып, бірнеше автордың туындыларын тізіп тұрып айтты.
– Жастар қауымы ең алдымен Бердік Соқпақбаевтың шығармаларын оқыса деймін. Атап айтқанда, «Менің атым – Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» сияқты повесть-романдарға мән беру керек. Бұлар өткен ғасырдың орта тұсында, яғни 60 жылдары жазылған. Олар өте жеңіл оқылады және тез түсінуге болады. Одан кейін Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма», «Қарындасым», мінезді жазушының бірі – Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» сияқты кітаптарын оқуға кеңес беремін. Тарихи роман ретінде Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» деген туындысына қызығушылық танытуға болады, – деп Мәлік Нұржанұлы бірнеше кітаптардың қысқаша мазмұнына тоқталды.
Сонымен қатар Президенттің кеңесшісіне қазіргі мектеп бағдарламасында әдеби шығармалар қысқаша мазмұнда берілетіні жайлы мәселе де айтылды. Бұл туралы Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері, жас маман Айсұлу Джұмашева сауал жолдап, қазақ әдебиетінде ұлт зиялыларының шығармалары кеңінен насихатталу жөнінде ұсыныс тастады. Бұл ойға Мәлік Нұржанұлы оң көзқараспен қарап, оны тиісті министрлікпен және педагогтер қауымымен ақылдасу керек екенін айтты.
Осылайша жастар жиналған жиында ұлттық сипаттағы түрлі ойлар ортаға салынды. Басқосудың соңында SDU университетінің ректоры Әлімжан Бекежанұлы сөз сөйлеп, құрметті мейманға деген ізгі ілтипатын білдірсе, Қарасай ауданының басшысы Жасұлан Тоққожаұлы білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы өте ұтымды екенін жеткізіп, соның арқасында аудан көлемінде бірден 10 білім ошағы салынатынын тілге тиек етті. Бұл білім сапасын одан сайын арттыруға кепілдік болмақ.
Ал Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жастармен жүздескеніне қуанышты екенін айтып, олардың барлық ой-пікірі назарға алынып, ескерілетінін жеткізді. Жас қарасайлықтардың болашағына сәттілік тілеп, естелікке суретке түсті.
Мәлік Нұржанұлының ауданға жасаған іссапары Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде жалғасты. Мұнда қадірлі мейманды аталмыш спорт мектебі директорының орынбасары Шаттық Рахметқожаев қарсы алып, жасөспірімдерді шыңдайтын орталықтың жай-күйімен таныстырды. Ал Мәлік Отарбаев спортшылардың жетістіктеріне риза болып, сәттілік тіледі. Одан кейін ол осында ауданның имамдарымен кездесіп, дінге қатысты өзекті тақырыпты жан-жақты талқылады.
Сөз барысында Президент-тің кеңесші М.Отарбаев дін саласындағы қызметкерлердің еңбегін ерекше бағалап, олар жақсылықтың жаршысы болып жүргенін айтты. Ел басына күн туған шақта жамағат болып көмек қолын созған игі істерін тілге тиек етіп, ризашылығын білдірді. Одан кейін ол имамдар қауымына әлеуметтік желідегі дәйексіз жарияланатын ақпаратқа көп сене бермеуге шақырды. Мейлінше газет-журналдарды оқып, мерзімді басылымдардың оқырманы атануға үндеді. Сонымен қатар тіл тазалағын сақтап, уағыз-насихат кезінде арабша сөздерді көп қолданбауды сұрады.
Ал аудан имамдары айтылған ұсыныстарды ескеріп, өз тараптарынан бірнеше сауал жолдап, өтініштерін білдірді. Оның барысында имамдардың құқықтары, мешіт ережелерін заңмен бекітуді, жат дін ағымдарымен күресті күшейту шаралары айтылды.
Аудан имамдары атынан сөз сөйлеген «Айкен ана» мешітінің бас имамы Батырбек Асылбек дін саласындағы бірнеше мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, имамдардың құқықтары қорғалмай жатқаны, дін мен дәстүрге мойынсұнбайтын және мешіт тәртібіне бағынбайтын мұсылмандар жайлы сөз қозғады. Мүмкіндік болса заң аясында діннің қорғалуын қамтамасыз етуді сұрады. Дәл осындай пайымды пікірлер мен ислам діннің айналысында болып жатқан мәселелердің ретінде басқа да имамдар жеткізіп, ұсыныстарын білдірді.
Мәлік Нұржанұлы дін өкілдерінің жанайқайын түсініп, бәрін мұқият тыңдап, барлық өтініштер ескерусіз қалмайтынын айтты. Сондай-ақ дінге кесірін тигізіп жатқан ұйымдармен бірлесе күресуге шақырды. Жақсы істерді көп насихаттап, дәстүрімізді жаңғыртуды сұрады. Сөз соңында дін қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тілеп, дін мен дәстүрді ұштастырып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.