Ауданымыздағы елді мекендерді абаттандыру, инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар өз нәтижелерін беруде. Атап айтар болсақ, оңды өзгерістер Әйтей ауылдық округінде айқын байқалады. Мұндағы негізі сонау алпысыншы жылдары қаланған Еңбекші елді мекеніндегі көппәтерлі үйлердің аулалары абаттандырылып, орталық көшенің арық жүйесі қалыпқа келтірілген. Қазір алты бірдей үйдің алдындағы бейберекетсіздік түгелдей жойылып, балалардың ойын алаңдары пайда болған. Есік алды асфальтталып, жаңа қоқыс жәшіктері қойылған. Бүгінгі күні мердігер мекеме «Таусамалы Қызмет» КМК тарапынан жасалып жатқан құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Енді бұл істі нәтижесіз қылмай, жергілікті тұрғындар ауызбіршілік танытып, тазалық мәселесін назардан қалт жібермей, ауыл ажарын арттыра түссе нұр үстіне нұр болары анық. Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойының құрметіне, осы округке қарасты Құмарал ауылының орталық Астана көшесіне де асфальт төселуде. Сондай-ақ, Әйтейдегі тұрмыстық қатты қалдықтар әкелініп төгілетін қоқыс полигонына барар жол да жаңғыртылған. Бұл жұмыстарды «ДРСУ -8» ЖШС өз жауапкершілігіне алған.
Бұдан бөлек, Көкөзек елді мекенінің ауыз су жүйесінің құрылысы да басталып кетті. Құрылыс-монтаж жұмыстарына «Таусамалы Қызмет» КМК мердігер мекемесі құлшына кіріскен. Сол сияқты, Абай ауылының кәріз жүйесін қайта жаңғыртуды мердігер мекеме «Еламан» ЖШС-гі бүгінде істі бастауға дайындық үстінде.
Клара КӨПБАЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.