Қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп жүрген, күмбірлеген күй дыбысын халыққа дәріптеп жүрген қарасайлық Сабыр Гусейнов – ауданымызға танымал күйшілердің бірі, композитор, Дүниежүзілік «Ахыска» түріктер қауымдастығы президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі. Бүгінгі таңда оның дарынын аудан халқы жақсы біліп қалды десек болады.
Өнерлі азаматтың елеулі еңбегі мәдениетіміздің өркендеп дамуына үлес қосуда деп айтсақ артық болмас. Мәселен, жақында Қазақстан халқының біірлігі күніне орай Сабыр Яшаұлы Шамалған ауылының Мәдениет үйінде есеп беру кешін өткізді. Бұл шараға өзінің жақындары, ауыл тұрғындары қонақ ретінде қатысты. Мереке күніне тұспа-тұс келген бұл іс-шара «Достық шаңырағы» тақырыппен халыққа жақсы көңіл-күй сыйлады.
Концерттік бағдарламада әнші Муслим Измаилов, «Грация» би ансамблі, «SG TALENT» музыкалық тобының «Поппури» және «Балбрауын» күйлері, одан бөлек трио және бірнеше дуэт арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар Сабыр Гусейновтың бұрынғы шәкірті Балауса Мырзахмет қонақ ретінде келіп, «Көніл толқыны» күйін орындап берді. Концерттің соңында «SG TALENT CENTER» үйірмесінің жетекшісі Сабыр Яшаұлы «Атамекен» әнін орындап, қонақтарды шығарып салды.
Күйші Сабыр Яшаұлының айтуынша, өзінің тәрбиелеген шәкірттерінің өнерлерін бүгінгі таңда қазақ халқы енді танып жатыр. «Таңшолпан» және «Отандастар» бағдарламасына шақырылған. Сондай-ақ оның алға қойған жоспары бар.
– Мерекелік концерттік бағдарламада мен оқушыларымның үлкен сахнаға қаншалық дайын екенін көрдім. Алдағы уақытта елге танымал эстрада жұлдыздарымен, атап айтсам Мейрамбек Беспаев сынды танымал әншілермен бірге сахнада өнер көрсетіп, батасын алса деген ниетім бар. Мен үшін тәртіп ең бірінші орында, соның арқасында осындай дәрежеге жетіп жатырмыз. Сондай-ақ тағы айта кететінім, әр үш ай сайын мен оқушыларды үлкен сахнаға дайындап отырамын. Осылайша біз алға қарай жылжып, үлкен белестерді бағындырамыз», – деді ол.
Шұғыла ТЫНЫС.