Жыл өткен сайын қасиетті мерекеге айналған 9 мамыр – Жеңіс күні өзінің өзектілігін еш жоғалтқан емес. Жер бетінде бейбіт өмір сүру үшін қан төккен қаралы жылдар қазақ халқының есінен әлі кете қойған жоқ. Сондықтан да болар бұл күнге деген құрметіміз әрдайым ерекше.
Әрине, Ұлы Отан соғысының жеңісі жеңіл келді деп айта алмаймыз. Майдан даласында миллиондаған адам құрбан болды. Солай бола тұрса да фашистік пиғылды жау жер жастанып, жеңіліс тапты. Көпұлтты Кеңестер Одағы халықтар достығының арқасында Жеңіс жалауын көтерді.
Ұлы Отан соғысына қатысқандардың ерліктері еш уақытта ұмытылмайды. Оны есімізден шығаруға да хақымыз жоқ деп ойлаймын. Бұл мереке тек ардагерлер мен соғыс балалары үшін ғана емес, біз үшін де айтулы күн.
Десе де бүгінгі таңда әлемде тегіс тыныштық емес. Соғыс өрті әлі де болса баршылық. Бейбіт өмір сүру үшін халықтар достығы ғана емес, Мемлекеттер аралық ауыз бірлік, ынтымақтастық қажет. Бұл – жер планетасын мекендеген барлық ұлт өкілдерінің басты мақсаты.
Елімізде әрдайым тыныштық орнасын. Бейбіт күнімізде береке-бірлігіміз жарасып, ұлт пен ұлыстың ынтымағы мәңгі жарассын.
Илимдар КАМИЛОВ,
Қарасай аудандық «АХЫСКА» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы, заңгер.