Қай уақытта болсын Отан алдында әскери борышын өтеу Қазақстан Республикасының әрбір ер азаматына міндет. Өзін қорғаушы, жауапты азамат санайтын саналы адам әрқашанда елін, жерін қорғауға, бойындағы жігері мен күшін осы арнаға тоғыстыруға ұмтылары хақ.
Алайда қазіргі таңда әскери борышын өтеуді мақсат еткен азаматтар қатары кемде-кем. Сол себептен жігіттерді әскери борышын өтеуге шақыру үлкен мәселе туындатады. Әр жылдың көктем және күз мезгілдерінде жастарды Отан алдындағы міндетін орындауға шақыру бойынша жоспар жасалады. Дәл осы аталған бағыт бойынша жұмыстар біздің Қарасай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде де жүріп жатыр. Біздің қарасайлық азаматтарды әскерге жіберу жөнінде атқарылып жатқан шараларды негізге алып, Қарасай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы капитан Ерлан Абдыкалыковтан жауап алдық.
– Ерлан Төлеуғалиұлы, биылғы жылдың көктем және күз мезгіліндегі әскер қатарына шақыру жоспары қандай? Бұл жұмыс барысы орындалып жатыр ма?
– Мерзімді әскери қызметке 2024 жылғы наурыз-маусым айларында 1997-2006 жылдары туған азаматтарды кезекті шақыру басталып, жұмыстар жүріп жатыр. Нақты айтсақ, әскерге шақырту төрт бағыт бойынша жоспар жасалады. Яғни, көктемгі шақыру бойынша шекара қызметіне 35 сарбаз және мемлекеттік күзет қызметіне бес сарбазды жіберіп болдық, ал қазір Қарулы Күштеріне 141 әскери шақырылушыны жөнелтіп жатырмыз. Бұл санатқа жасалған жоспар мамыр айында бітсе, Ұлттық Ұлан қызмет бөліміне 100 әскерге шақырылушы сарбаздарды жөнелту жұмыстарына кірісеміз.
– Әскери борышын өтеуден қашып жүрген азаматтарға қандай шара қолданылуда? Қазіргі таңда әлеуметтік желіде азаматтарды көшеден, дүкендерден ұстап алып кетіп жатқанын байқадық. Бұл қаншалықты рас?
– Уақытында мерзімді әскери қызметке шақыруға келмеген және шақыру учаскесіне келуден жалтарған азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамаларында бекітілген талаптарға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта Қаскелең қаласының Абылай хан көшесінде тұратын азаматтарға әскерге шақыру қағазы жіберілген. Егер азаматтар көрсетілген уақыт аралығында өз еркімен келмеген жағдайда, Қарасай ауданының жергілікті полиция басқармасымен бірлесіп іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Әлеуметтік желіден көрген бейнеақпарат рас. Азаматтарды көшеден, ойынханалар мен түнгі клубтардан іздестіретініміз де жасырын емес. Бірақ сарбазды әскери бөлімше ұстап алып кете алмайды. Әскери бөлімше қызметкерлері полиция басқармасымен іздестіру жұмыстарында жүреді, алайда азаматты ұстап алып кету бойынша полиция басқармасы айналысады.
– Әскерде борышын жақсы өтегендер үшін мемлекеттен қандай көмек бар? Мысалы ЖОО-ға ҰБТ-сыз грантқа түсу қаншалықты жүзеге асады?
– Мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздарға арналған білім беру жеңілдіктері көп қарастырылған. Яғни, мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін екі жыл ішінде, ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізінде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігіне ие бола алады. Сондай-ақ анағұрлым лайықты деңгейде әскери қызметін жақсы атқарғандар үшін ЖОО-дың грант есебінен тегін жоғарғы білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар мерзімді қызметтегі сарбаздарға қаржылық міндеттемелер бойынша несиелері болса, оның ай сайынғы төлемдерін 13 айға кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі.
– Әскерден қандай себеппен босатылады? Сондай-ақ әскерден шегерілу мерзімі қандай жағдайда орындалады?
– Иә, бұл сұрағыңыз өте орынды. Қазіргі таңда көптеген азамат пен олардың ата-аналары үшін осы сұрақтың маңыздылығы жиі туындайды. Айта кетейік, мерзімді әскери қызметтен Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы»Заңының 35-ші бабына сәйкес азаматтардың тиісті құжаттамаларын тапсырғаннан кейін денсаулық жағдайы бойынша, отбасы жағдайы және оқуын жалғастыру бойынша аудандық әскерге шақыру комиссияның шешімімен әскерден кейінге шегеріледі. Яғни, денсаулық жағынан әскери борышын өтеуге жарамсыз болса, әскерден шегеріледі немесе толық босатылады. Ал отбасылық жағдайы бойынша азаматтың әкесі жоқ болып, өзінен кейінгі бауырлары 18 жасқа толмаған, отбасында жалғыз асыраушы болып табылса, азамат 27 жасқа толғанға дейін әскерден шегеріледі. Сондай-ақ үйленген болса және бір баласы болса, әскерден уақытша шегеріледі. Ал әскерге шақырылған азаматтар студент болса, оқуын аяқтаған мерзімге дейін әскерден шегеріледі.
– Қарасай ауданының аумағындағы әскери бөлімшелерде сарбаздар үшін қандай жағдай жасалған?
– Қазіргі уақытта Қарасай ауданындағы Долан ауылында шекара қызметі әскери бөлімі бар. Аталған мекемеге әр жыл сайын мектептің 10-11 сынып оқушыларын апарып, таныстырып отырамыз. Бұл жердегі мақсат жасөспірімдерді Отан сүйгіштікке, патриоттық сезімін оятуға баулу. Ал әскерде борышын өтеп жүрген азаматтардың жағдайы мемлекет тарапынан жақсы жасалған, уақытылы тамақпен қамтамасыз етілу, жатын орындарының тазалығы, сонымен қатар алғашқы 6 ай көлемінде қауіпсіздік бойынша, қару-жарақты қолдану бойынша арнайы оқу-білім дайындығы жүреді.
– Білуімізше, міндетті әскери борышын өтеген азаматтар жоспар бойынша жасақталады. Соны түсіндіріп бере аласыз ба?
– «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 620 қаулысына сүйене отырып запастағы әскери қызметін атқарған азаматтар әскери жиындарға шақырылады, әскери жиындардың негізгі мақсаты бейбіт уақытта әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, соғыс уақытында жұмылдыру және жасақтау кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарын өрістетуге қажетті әскери оқытылған ресурстарды даярлау және запаста жинау болып табылады. Бұл жиынға шақырылатын құрам екі тарапқа бөлінеді. Біріншісі – офицерлер құрамы. Бұл жерде 60 жасқа дейінгі азаматтарды әскери міндетті жиынға шақырылады. Екінші тарап – солдат және сержант құрамы. Аталған бағытта 50 жасқа дейінгі азаматтарды әскери міндетті жиынға шақырады. Ал шақыру тәртібі бойынша, егер азамат әскерде борышын өтеп келсе, сол уақыттан екі жыл өткеннен кейін міндетті әскери жиынға шақырылады және бір рет барған азаматты келесі әскери міндетті жиынға тек бес жылдан кейін ғана шақыра алады. Заң бойынша әскери міндетті жиынға бес күн мен 40 күн арасында шақырылады. Бірақ қазіргі таңда көбінесе 30 күндік міндетті әскери жиынға шақыру белсенді болып жатыр.
– Ақпаратыңызға көп рақмет. Алда келе жатқан Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Жұмысыңызға жеміс тілеймін.
Сұқбаттасқан Шұғыла ЖЫЛЫБЕКҚЫЗЫ.