«Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясына Райымбек ауданының тұрғындары да ұйымшылдықпен қолдау көрсетіп отыр.
Науқан басталғалы бір ай уақыт көлемінде елді мекендерде тазалық жұмыстары жоғары деңгейде жүгізіліп, көше бойлары, еңбек орындары, саябақтар мен кеңселердің айналасы, тұрғын үйлердің аулалары толықтай тазартылды. Жүздеген тонна күл-қоқыстар мен қалдықтар сыртқа шығарылды. Сөйтіп, көктемнің бір күнін жылдық азыққа балайтын жұртшылық, тазалық жұмыстарына арналған уақыттың әр сәтін де тиімді пайдалануға бар күш-жігерлерін жұмылдыруда.
Тазалық науқаны өткен сенбі күні аудан орталығындағы Б.Соқпақбаев атындағы жастар саябағында «Жасыл аймақ» бағыты бойынша жалғасын тапты. Сенбілік ретінде ұйымдастырылған, шараға бұл күні аудан орталығындағы барлық мекемелер мен ұйымдардың, денсаулық сақтау, білім саласының қызметкерлері, барлық ауылдық округтердің әкімдері, ауыл тұрғындары қатысты. Бұл күні саябаққа 50 түп қарағай, 10 түп самырсын, 150 түп қайың, тал, терек көшеттері отырғызылды. Аудан орталығындағы үш мектептің ұстаздары саябақ алаңдарын гүл көшеттерімен көмкерді. «Жасыл аймақ» акциясына қатысушылар бұл күнгі еңбек жетістіктерін өздерінің жерлестері, Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 толу мерейтойына арнады.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы