Аптаның алғашқы күні аудан әкімі Жандарбек Далабаев Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, жұмыс барысымен, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл институт Қазақстандағы егіншілік пен өсімдік шаруашылығы саласындағы жетекші ғылыми орталық болып табылады.
1934 жылы негізі қаланған мекеменің тарихы зор жетістіктерге толы.
Институттың бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР АШҒА және МАҒА академигі, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Серік Кененбаевтың берген мәліметтеріне қарағанда, институттың қазіргі уақыттағы жұмыстары заманауи талаптарға сөз жүзінде емес, іс жүзінде жауап берудің бағыт-бағдарында екен. Негізгі мамандандырылған бағыты – АӨК дақылдарының жаңа, бәсекеге қабілетті сорттарымен, будандарымен және оларды өсіру технологиясымен ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етіп, іс жүзіне асыру. Бұл жерде институт қызметкерлерінің ауылшаруашылық дақылдарының гендік қорын жинау, қалыптастыру, зерттеу, құжаттау, пайдалану және сақтау сияқты тікелей міндеттері бар.
Сонымен бірге олар классикалық әдістерді және биотехнология мен гендік инженерияның заманауи жетістіктерін қолдана отырып, дәнді, жемдік дәнді, дәнді бұршақ, мал азықтық, майлы және техникалық дақылдардың сорттары мен будандарын шығарумен айналысады. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кадрлық әлеуеті де қанағаттанарлық жағдайда деп айтуға болады. Институттағы 16 ғылыми және үш ғылымға қызмет көрсететін бөлімде 294 адам еңбек етеді. Мұның 90-ы ғылыми қызметкер, оның ішінде екеуі ҚР ҰҒА академигі, жетеуі ҚР АШҒА академигі, біреуі Моңғол АҒА академигі, 20-сы ауыл шаруашылығы және биология ғылымдарының докторлары мен 36 ғылым кандидаттары қызмет істейді.
Биылғы күзде институт жанынан қант қызылшасы тұқымының отандық сортын шығаратын шағын цехты іске қоспақшы. Статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде Алматы облысы жылына 230 млн теңге шамасындағы қаражатты шетелден тұқым алуға жұмсайды. Ал, ауданымызда ашылғалы отырған цех сапасы солардан кем болмайтын тұқым өндіріп, аталған шығынды 10 есеге азайтады деп күтілуде. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай барлық жұмыс барысын компьютерлендірген ғалымдар біраз уақыттан бері электр энергиясы мен ауыз суды үнемдейтін, тау суы арқылы тамшылатып суғару әдісін де дұрыс жолға қойған.
Барлық дерек-дәйектерге мұқият назар аударған Жандарбек Ермекұлы еліміздің өркен жайып өсуіне, экономиканың еселеніп молығуына, кемелдену кезеңіне жетуіне, ырыс пен молшылық берекесінің артуына сан түрлі салалардың басын құрайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарының тигізіп отырған ықпалының айрықша екеніне тоқталып, риза көңілмен институт ұжымының алға қойып отырған зор мақсаттарына сәттілік пен табыс тіледі.
Клара КӨПБАЕВА.