Жуырда Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың кезекті кеңесі өткен еді. Келелі жиынға Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, елімізге қатысты бірқатар маңызды мәселерді көтерді.
Өз сөзінде Президентіміз шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек деген еді. Әсіресе, балалар мен жастардың денсаулығына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейп» пен «насыбайды» жою керектігін атап өтті. Осы мақсатта бүгінде Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы, ал насыбайды өндіріп, оны таратқандар үшін жазаны қатаңдату үшін заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылуда. Қасым-Жомарт Кемелұлының барып отырған бұл қадамы бірінші кезекте денсаулыққа зиян кеселді толығымен жоймаса да оның таралуына шектеу қою үшін жасалды. Президентіміздің бұл шешімімен толық келісемін. Себебі өзім де жастар қауымының мүшесі болғандықтан, бүгінде жастарды көптеген жағымсыз әдеттерге бой алдыртуға еліктіретіндей заттар көп екенін байқаймын. Ал жаман әдеттердің арты көбінде жағымсыз жағдайларға әкелуі әбден мүмкін. Оны болдырмау үшін заң жүзінде қатаң шектеулер қою керек.
Мемлекет басшымыздың Құрылтайда көтерген тағы бір өзекті мәселенің бірі – лудомания немесе қарапайым тілмен айтқанда құмарпаздық. Бүкіл елдің шырқын бұзып жатқан құмарпаздық әлі де оңды солын толықтай танымаған жастар үшін аса қауіпті дерт десек болады. Қазіргі уақытта 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Соның кесірінен талай ерлі-зайыпты ажырасып, көптеген шаңырақтар шайқалды. Құмарлыққа беріліп, қарызға белшесінен батқан азаматтар заң бұзып, қылмыс жасап, бас бостандықтарынан айырылды. Кейбірі пайда болған қиындықтарды көтере алмай, өз-өздеріне қол жұмсады. Ең өкініштісі мұндай жағдайлар жыл сайын артып келеді. Бұрындары тек ересектер арасында тараған кесел бүгінде қолдарынан телефон түспейтін балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Сондықтан да Президентіз айтқандай, Үкімет тарапынан лудоманиямен күреске қатысты қатаң шаралар жасалып, оған заң жүзінде шектеу қою қажет.
Жалпы келелі кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қатысты бұдан да басқа өзекті мәселелерді көтерді. Дегенмен жоғарыда айтылғандар бүгінде тез шешімді қажет ететін мәселелер деп ойлаймын. Бұл ең бірінші кезекте жастардың дұрыс жолдан таймай, саналы әрі дені сау азамат болып қалыптасуы үшін қажет.
Болашақта өркениетті ел боламыз десек, ел болашағы жастардың дамуына кедергі келтіріп отырған кедергілерден толықтай арылуымыз керек.
Ақнұр БеЕРДИКУЛОВА,
Жамбыл ауылдық округінің Жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы.
Өркениетті ел боламыз десек, жағымсыз әдеттерден толық арылуымыз керек
Главная » Новости » Жаңа Қазақстан » Өркениетті ел боламыз десек, жағымсыз әдеттерден толық арылуымыз керек