Аптаның алғашқы күнінде VIII шақырылған Қарасай аудандық мәслихаттың кезектен тыс 18-сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Бауыржан Айнабеков жүргізген жиынға депутаттардың басым көпшілігі қатысып, күн тәртібіндегі бірнеше мәселені қарады.
Айта кетейік, сессия жұмысы басталмас бұрын ауданда өткен мәслихат депутатының сайлау нәтижесі таныстырылды. Белгілі болғандай осыған дейін Қаскелең қалалық округі бойынша сайланған Арман Қамалбек мемлекеттік қызметке ауысып, депутаттық өкілеттігін өз еркімен тоқтатқан болатын. Соған байланысты ағымдағы жылдың 31 наурызында аталған округте аудандық мәслихат депутатының сайлауы өтті. Оның қорытындысын осы жиында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Аманова оқып, бірмандаттық №6 аумақтық сайлау округі бойынша Қарасай аудандық мәслихаттың депутаты болып «QTS Cargo» ЖШС-нің директоры, «HAN Invest» ЖШС негізін қалаушы және директоры Бакыт Нарбутаевтың сайланғанын мәлімдеді. Ғалия Матанқызы қатарға қосылған жаңа депутатқа төсбелгісі мен куәлігін табыстап, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Мәслихат депутаттарының саны толыққан соң, сессия жұмысында талқылануға тиіс ұсыныстар рет-ретімен таныстырылды. Алдымен Қарасай ауданының округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы мәселе қаралса, одан кейін Қарасай ауданында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібін, олардың шекті толу нормаларын, сондай-ақ материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар мен пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау барысы сөз етілді. Екінші мәселеге қатысты аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айжан Балажанова баяндама оқып, аудан ішінде бейбіт жиналыстарды өткізу шекараларына қатысты ақпарат жеткізді. Нақтырақ айтқанда, Қарасай ауданында пикеттерді өткізу орны Қаскелең қаласындағы А.Байтұрсынов пен Төле би көшелерінің қиылысынан бастап, Төле би көшесі мен ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл көшесіне дейін белгіленген. Бұрын пикет өткізу орны 150 метрге дейін болса, енді Үкімет басшысы О.Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, 800 метрге дейін ұзартылған.
Сонымен қатар, сессияда келесі мәселелер қаралды: «Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары мен мүшелері туралы» және «Аудандық мәслихат депутаттарынан құрылған депутаттар фракциясының құрамын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізу, сондай-ақ Қарасай аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану.
Барлық мәселеге қатысты шешім жобасы депутаттардың тарапынан қолдау тауып, толығымен қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.