Мейірімділік – кез келген адамға беріле бермейтін үлкен нығмет. Жүрек адам баласының бәрінде болғанымен, сол жерде орнығатын мейірім нүктесі көбінде болмайды. Бұл сөзді естігенде көзімізге бірден күлімдеп тұрған әйел бейнесі келеді. Сондай ажарлы, мөлдір көздерімен қарап әлемді алақанына сыйдырып тұрғандай.
Жалпы әйел адамы перзенттерін асырау үшін жұмыстың ауыры мен жеңілін таңдамайды. Балалаларын қанаттандыру жолында маңдай терін төгіп, адал еңбекпен табыс табуды ғана көздейді. Осы сөздерімізге дәлел аяулы жан – Айгүл Түкишева.
Біздің кейіпкеріміз Семей қаласының Мақаншы ауданында 1959 жылы дүниеге келген. Сол өңірдегі Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте білім алды. Қазіргі таңда Қарасай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда үш ұлдың анасы, аяулы жар, білікті қызметкер.
Айгүл Жылқайдарқызы бұл салаға 2018 жылы келген. Оған дейін базарда саудагер болып жұмыс істеген. Бірақ кейін Қарасай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыс іздеуге барып, осы сала жанына жақын болғандықтан қызметкер болып орналасуды жөн санаған. Кейіпкеріміздің қызметі екінің бірі атқара беретін жұмыс емес. Неге десеңіз, аталмыш мекеменің басты міндеттерінің бірі жалғызбасты қарт кісілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық таныту. Қарт көңілдің жағдайын жасау тіптен оңай шаруа емес деп айтуымыз құлаққа түрпідей тиер-ау, алайда балаларынан бөлек тұратын немесе ұрпағы қалдырып кеткен қариялардың айтар мұң-мұқтажы көп, ішкі ашуы басым, тез ренжігіш келетін мінездері бар.
Ал кейіпкеріміз болса, сол кісілердің үйіне барып, бір уақыт тамақтарын дайындап, үйін тазалап, зейнетақыларын әкеліп және сол ақшаға үйлеріне керекті азық-түлік пен дәрі-дәрмегін апарады. Бұл орталыққа қарайтын қарттардың бәрі аяқтан тік тұрып, өздері жүріп тұрады деп айту қиындау. Себебі ауырып жатып қалған кісілерге де толық көмек көрсетеді, дәретханаға алып шығып, жуындырып перзенттеріндей қамқорлық танытады. Ал жаз мезгілінде ойларын бөлу үшін далаға серуендеуге алып шығады. Кейде тіпті үлкендеріміздің еркелеп сыртқа шықпақ түгілі тамақ ішкісі келмей ашуланып, ауыр сөздер айтатын сәттері болады. «Сондай келеңсіз жағдайларға үнсіз шыдап, бастысы қарт көңілдің батасын алу – менің ниетім», – дейді Айгүл ханым.
Айгүл Жылқайдарқызының жұмысы туралы білу үшін өзімен және оның қамқорлығындағы ата мен апалармен әңгімелесіп көрген едік. Қариялардың айтуынша, Айгүл өте мейірімді, қарапайым, айтқанның бәріне көнеді. Онымен қоса қарт кісілер Айгүл ханымды жұмыстан тыс уақытта да хабарласып шақырып алады екен, сол кезде ол ата-әжелерге елпілдеп жүгіріп келіп, қыдыртып көңілдерін аулайды.
Кейіпкеріміз әңгімелесу кезінде бұл салаға қызығушылығы қалай пайда болғанын айтып берді.
– Маған үлкен кісілермен жұмыс істеген, әңгімесін тыңдаған, батасын алған ұнайды.«Қарты бар – үй қазыналы үй» деп бекер айтпаған шығар. Білмеймін, сұраққа нақты жауап бере алмаймын, бірақ үлкен кісілермен сырласып, өткен өмірін тыңдағанда құдды жан тыныштығын тапқандай күйде боламын, – дейді ол.
Айгүл Түкишева сондай-ақ өзінің өмірлік ұстанымына да тоқталды.
– Үндемеу бұл – менің ұстанымым. Яғни, маған ұрсып, ауыр сөз айтып жатса, үнсіз тыңдап, сабырлы болуға тырысамын. Себебі біздің апа-аталарымыз жалғызбасты болған соң көңілі құлазиды, ашулы болады, сондай сәттерге тап келіп қалсам, түсіністік танытамын. Жалпы жұмыста ғана емес, өмірді де үндемей жеңуді дұрыс деп санаймын. Сөздерін мүлде көңілге алмаймын. Сосын өздерінің сөйлегенін күтемін, ашуы басылған соң бірге отырып шай ішеміз, – дейді әлеуметтік қызметкер.
Айгүл Жылқайдарқызының қамқорлығындағы жалғызбасты қарттарымыздың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Половой да бар. Атамыздың жағдайын қадағалау жауапты жұмыс екені белгілі. Көңілі құлазыған қарттың қас-қабағына қарап, қамқорлық таныту үшін жоғарыда атап өткен бөлім өздерінің кез келген қызметкерін жібере бермейді. Ал бұл жауапты жұмысты атқару Айгүл ханымның қолынан келеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, ардагеріміздің күтімімен айналысып келе жатқанына бес жыл болған. Соғысты көрген ата жүрек, қазіргі уақытта көп жағдайды көңілі ұната бермейді. Тіпті кейде Айгүл Жылқайдарқызын да қабылдағысы келмейтін сәттер де аз емес екен. Сондай қиындығына қарамастан, Айгүл ханым аптасына екі күн барып, үйін жинап, тамағын дайындап, қан қысымын өлшеп кетеді. Біз барып сұхбат алған кезде осы сәттерге куә болдық. Сол сәтте қарияның қан қысымы 140 болды. «Бұл қалыпты жағдай, кейбір кезде бұданда жоғары болады. Бірден жедел жәрдем шақыруға тырысамын», – дейді қартқа қарайласып жүрген қызметкер.
Жеке өмірімен жұмысын сабақтастырып, үлкеннің батасын алып, сансыз сауапқа кенеліп жүрген біз таныған мейірім иесі – Айгүл Жылқайдарқызы, міне осындай. Оның әлеумет саласындағы қалтқысыз қызметі әсіресе қамкөңіл қарттар қауымы үшін өте маңызды екенін куә болдық.
Шұғыла ТЫНЫС.