Құрметті Қарасай ауданының тұрғындары! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, осы жылы қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады.
Баршаңызды рақым, мейірім һәм жомарттық мезгілі – қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін. …» («әл-Бақара» сүресі, 185 аят), деп бұйырады.
Рамазан айында барша мұсылманға исламның бес парызының бірі – ораза ұстауға мүмкіндік беріледі.
Бұл ерекше мезгілді толығымен Алла Тағалаға құлшылық етуге, игілікті істер жасауға, өз-өзімізге есеп беріп, бойымыздағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіруге арнағанымыз абзал.
Ораза ұстау, ауызашар ұйымдастыру, тарауық намазын оқу, садақа беру және өзге де көптеген амалдар арқылы, Рамазан айының әрбір сәтінде Алла тарапынан берілетін мол сауапқа ие болу мүмкіндігіміз бар екенін ұмытпайық.
Құдси хадисте Жаратушы Алла: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп айтқан. Бұл берекелі ай барлық мұсылмандарды біріктіріп, өзара теңестіреді. Бақуатты мұсылмандар ораза ұстау арқылы, мұқтаждардың халін түсініп, жомарттықтың шынайы дәмін одан сайын сезінеді. Жомарттықтың бір көрінісі – пітір садақа.
Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, әлеуметтік жағдайы төмен жандар да жұрт қатарлы қуанып шаттанады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді. Бұдан бөлек жетімдерге, мүгедектерге және жалғызбасты қарттарға қол ұшын беріп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырайық дегім келеді.
Мүбәрак айда Алла Тағала баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігіне бөленуді нәсіп етсін! Алладан біздің ұстаған оразаларымыз, жасаған құлшылықтарымыз бен тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін деп сұраймын. Әмин!
Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ,
Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің бірінші наиб имамы, Қарасай ауданының бас имамы.