Ерте көктемнің елеулі күні, әлем-жарықтың сұлулығын әспеттейтін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мен арулар мерекесі. Осы айтулы күнге орай күні кеше ауданымыздың Мәдениет үйінде «Арулар – асыл жандар» атты салтанатты іс-шара өтіп, қарасайлық аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Мерекелік шараға еңбек ардагерлері, батыр аналар, білім мен денсаулық саласының ардагерлері, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген арулар арнайы шақырылды.
Кештің шымылдығын аудан әкімі Жасұлан Естенов ашып, ардақты аналар мен қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде әйелдер қауымы отбасылық құндылықтарды сақтаумен бірге, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қызмет, бизнес сияқты барлық салада өте белсенді екендігін айта келе, түрлі салада адал еңбегімен көзге түскен бірқатар нәзік жандарды Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, Жасұлан Тоққожаұлы құттықтау сөзінде әсіресе Шара Қанатқұлқызы, Ақылия Бекбайқызы, Ақлима Көсемова секілді ауданымыздың өркендеуіне үлкен үлестерін қосқан әжелерге шынайы алғысын білдірді.
Мұнан кейін шара асыл әжелерге, аяулы аналарға, қыз-келіншектерге арналған әдемі концерттік бағдарламамен жалғасты. Көңілді кеште аудан өнерпаздары әйел затының маңыздылығын сомдаған театрландырылған қойылымдар қойып, нәзік жандылар жайында әсем әндер айтып, мың бұралған биден шашу шашты.
Осылайша мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні қарасайлық нәзік жандылар марапат төрінен көрініп, олар үшін арнайы ұйымдастырылған мерекелік концерттен тамаша әсер алып, керемет көңіл-күймен тарқады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.