Өткен аптада Қарасай ауданының аумағы арқылы өтетін Алматы-Бішкек күре жолының бойында орналасқан «Altamir» жиһаз фабрикасында Алматы облысындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынатын білім шаңырқтарын жиһазбен, көрнекі құралдармен және арнайы пән құрылғыларымен қамтамасыз ету мәселесіне арналған көшпелі отырыс болып өтті. Оған ұлттық жоба аясында салынатын мектептерге қойылатын жиһаздар бойынша құрылған арнайы комиссияның мүшелері, мектеп құрылысын жүргізетін мердігер компаниялардың жетекшілері, білім шаңырақтарының басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аталған шараны ұйымдастырып, жүргізіп отырған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова алдымен «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша өлкемізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, бағдарлама қабылданғанға дейін облыста 54 үш ауысымды мектеп болса, бүгіндері олардың саны 39-ға кеміген. «Жайлы мектеп» бағытымен 2023 жылы 16 мектептің құрылысы басталып, оның 15-і пайдалануға берілсе, жеке инвесторлар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында салынып жатқан білім шаңырақтарының қатары да жыл сайын артып келеді.
Алдағы уақытта жаңадан бой көтерген білім ордаларын сапалы да жайлы жиһаздармен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Қазіргі мемлекеттік сатып алу талаптары бойынша тендер арқылы ұтып алған компаниялардың ұсынған қызметтері сын көтермейтіні ешкімге жасырын емес. Олар әкелген жиһаздар өте арзан болғандықтан, жиі сынып, экологиялық, қауіпсіздік талаптарына да жауап бермейді. Осыған байланысты, мектептерді жайлы да сәнді, төзімді де сапалы жиһаздармен қамтамасыз етіп, ондағы қазақстандық мазмұнды арттыру күн тәртібіне қойылып отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Алматы облысы әкімінің қаулысымен мектеп жиһаздарына мониторинг жүргізіп, лайықты өнімдерді таңдап алу жөнінде комисия құрылған болатын. Аталған комисия алдын ала Алматы мен Астана қаласындағы түрлі бағыныштағы білім шаңырақтарының жай-күйімен танысып, өлкеміздегі жиһаз шығаратын кәсіпорындарды аралап, ең жақсы деген үш компанияны жиынға келген жүртшылықтың назарына ұсынды. Олар – Қаскелең қаласының маңында орналасқан «Altamir» жиһаз фабрикасы, «Амраев» жеке кәсіпкерлігі және өндірісі Талғар қаласында орын тепкен, елімізге аты мәлім «Zeta» компаниясы. Аталған кәсіпорын өнімдері өзінің сапалылығымен, жайлылығымен тұрғындардың көңілінен шығып келе жатса, оларға тапсырыс беру арқылы жұмыс орындары мен түсетін салық та Алматы облысында қалатыны ескерілген екен.
Шара барысында оқу кабинеттерін жабдықтау, сандық платформалар мен IT шешімдерді жасауға маманданған, сондай-ақ интерактивті панельдер мен компьютерлік техниканы елімздегі мектептерге қойып жүрген қазақстандық «KAZ ROBO LAB» компаниясы мен аты әлемге әйгілі канадалық «SMART» компаниясын еліміздегі бөлімшесі өз өнімдерін жиналған жұртшылықтың назарына ұсынды. Бұл жерде оқу сыныптарын, кабинеттерді, аудиторияларды толық жабдықтау, STEM-зертханаларға және робототехника кабинеттеріне арналған заманауи жабдықтар, оқу жиһаздарының кең ассортименті, интерактивт панельдер, моноблоктар, дербес компьютерлер мен процессорларды қажетті мөлшерде шығарып, мектептерді толықтай қамтамасыз етуге қабілетті екендіктері айтылды.
Осыдан кейін «Altamir» жиһаз фабрикасының директоры Берік Жиенбаев өздерінде өндірілетін мектеп жиһаздарын көпшілік азарына ұсынды. Негізінен білім шаңырақтарына арналған жиһаздар шығаруға маманданған кәсіпорынның бұл бағытта жеткен жетістіктері де баршылық көрінеді. Мұнда математика кабинетінен бастап, физика, химия, биология, еңбек және алғашқы әскери дайындық пәндеріне арналған бөлмелерге лайықтап жасалынған жиһаздар сапасымен де бағасымен де талаптарға жауап беретіні аңғарылады.
Жиынға келгендер компания офисінің артында орналасқан өндірістік цехтарды да аралап, мұнда қойылған жоғары технологиялы құрылғылардың жұмысымен танысты. Негізінен автоматтандырылған жүйе бойынша әрекет ететін заманауи кәсіпорында бүгіндері 120 адам еңбек етеді екен. Қарасай мен Жамбыл аудандарының тұрғындары жұмыс істейтін компания өзіне қажетті мамандарды Қаскелең қаласындағы С.Жандосов атындағы техникалық колледжде дярлап, білікті маман мәселесін де шешіп алған. Осы жерде жасалынып жатқан мектеп жиһаздарын көздерімен көріп, қолымен ұстаған комисия мүшелері мен қоғам өкілдері оның сыны мен сапасына еш күмән келтірмеді.
Кездесудің соңына қарай мердігер компаниялар мен кәсіпорын басшылры білім саласы өкілдерімен бірлесе отырып, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынып жатқан оқу ордаларна қойылатын жиһаздар жайлы ортақ мәмілеге келді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.