Қарасай ауданында Алматы облысының барлық деңгейдегі депутаттары арасында футзалдан «AMANAT CUP» чемпионаты өтті. Халық қалаулыларының басын қосқан турнир «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен алғашқы рет ұйымдастырылды.
Бақтарын сынаған командалар-дың құрамында мәслихат депутаттарынан бөлек, «AMANAT» партиясы мен мәслихат аппараттарының қызметкерлері болды.
Турнирдің ашылу салтанатында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Рахман Қуанышұлы сияқты құрметті қонақтар сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі.
Депутаттар доп тепкен чемпионат өте тартысты өтті. Елдің үнін мінберде айтып жүрген азаматтар спорттық алаңдағы белсенділіктерін де жақсы көрсете білді.
Жеңіліс пен жеңіс қатар жүретін бұл жарыста бас жүлдені Қарасай ауданының депутаттары қанжығаларына байлады. ІІ орынның жүлдесі Еңбекшіқазақ ауданына бұйырса, Кеген ауданының халық қалаулылары үздік үштіктен көрінді.
Айта кетейік, жарыс соңында ерекше ойын өрнегімен көзге түскен үздіктер де марапатталды. Мәселен, Қарасай аудандық мәслихат депутаты Бекжан Сүнбеков қарсыластар қақпасына 13 гол соғып, турнирдің «Үздік сұрмергені» атанды. Ал 62 жастағы Еңбекшіқазақ ауданының мәслихат төрағасы Бекет Ахметов «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды. Басқа үздіктердің тізімі келесідей: «Үздік қақпашы» – Райымбек аудандық мәслихаты аппаратының қызметкері Рашид Зординов; «Үздік қорғаушы» – Қарасай аудандық мәслихат депутаты Абылай Зуайда; «Үздік шабуылшы» – Кеген аудандық мәслихаты аппаратының қызметкері Ернұр Сабырбеков.
Чемпионаттың марапаттау рәсімінен кейін «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Сұлтанұлы спорттық шараға қатысты ойын бөлісіп, осындай жарыстарға қатысты жоспарын да айтты.
– Барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары мен қызметкерлері, партия филиалдарының өкілдерінен құралған 10 команда бас жүлде үшін бәсекеге түсті. Тартысты ойынның куәсі болдық. Әрбір ойында бәсекелестік жоғары болды. Біріншіден, бұл қатысушылар үшін жұмыстан тыс уақытта пайдалы басқосу мен депутаттар арасында достық қарым-қатынас орнату болса, екіншіден, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Бұдан бөлек көктемде волейболдан турнир ұйымдастырмақшымыз, – дейді облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.