Еліміздегі өткір мәселелердің бірі – кейінгі жылдары көбейіп келе жатқан отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайлары. Ресми деректерге сүйенсек, мемлекетімізде былтырғы жылы балаларға қарсы екі жарым мыңнан астам қылмыс жасалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы 100 мыңға жуық арыз түскен. Ал айдың күннің аманында 69 әйел мен жеті бала жер жастанған екен. Бұдан бөлек жыл сайын балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 6000-нан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және кәмелетке толмағандардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырған еді.
Бұл мақсатта елімізде, оның ішінде біздің Қарасай ауданында да қажетті іс-шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аптаның сәрсенбісі күні «AMANAT» партиясының аудандық филиалының ғимаратында ауданымыздағы жасөспірімдерге қарсы зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қою, сондай жағдайға түскен балаға көмек көрсету мақсатында жасалған арнайы меморандумға қол қойылды.
Нақтырақ айтқанда, маңызды мәселе талқылау мақсатында партия ғимаратында аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, аталмыш партияның аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов, аудандық Полиция басқармасының бастығы Ельзат Қанатұлы және аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева бас қосып, Қарасай ауданы бойынша балаларға зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қою алгоритімі негізінде құрылған меморандумға қол қойды. Сондай-ақ меморандум бойынша алдағы уақытта аудан бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспарымен танысып, өзара ақылдасты.
Осы жасалған келісім аясында ауданымызға қарасты мектептерде жоғарыда аталған мекемелердің өкілдері психолог мамандармен бірлесіп жұмыс істейтін болады. Анығырақ айтсақ, құрылған топ кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, өзін-өзіне қол жұмсау жағдайларын, буллинг пен кибербуллингтің, отбасында зорлық көріп жүрген балалар санының өсуінің алдын алу бағытында оқушылар арасында ақпараттық жұмыстар, семинарлар, тренингтер, кездесулер өткізетін болады. Оған қоса оқушыларға жағымсыз салдарға әкелетін синтетикалық және тағы да басқа есірткі түрлері, темекі мен ішімдіктің қауіптілігі жайлы да ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбаны болған балалар мен олардың отбасыларына уақытылы кешенді көмек көрсетіліп отырады.
Бұдан бөлек ұстаздар мен ата-аналар арасында балаланың жағымсыз жағдайға түскенін қалай байқауға болатының, ондай кезде не істеу керектігі жайлы да түсіндіру жұмыстары атқарылатын болады.