Алматы облысында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаулардың бірі «Заңғар» жастар сыйлығы болса, бұл өңірде сондай-ақ талай жанның кәсібін дамытуға септігін тигізетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының да маңызы зор. Алатаудың өрендерін түрлі салада қолдайтын бұл екі жарқын жобаның салтанатты жиыны өткен аптада өтіп, мықтылардан оза шапқан жеңімпаздар марапатталды.
Белсенділер бас қосқан шараға Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым арнайы қатысып, байқауда бағы жанған жастарды құттықтап, оларға диплом мен қаржылай сыйлықтарды табыс етті.
Еңбегімен ерекше көзге түскен жарыс жеңімпаздарының ішінде Қарасай ауданының жастары да бар екенін мақтана жеткізгіміз келеді. Атап айтқанда, «Заңғар» жастар сыйлығын «Үздік жас өнерпаз» ретінде Қуаныш Тұрдыжан жеңіп алса, Алтынай Жақатаева «Ауыл шаруашылығының үздік жас маманы» деген атаумен бақталастардың арасынан дара көрінді. Ал «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына үміткер болған Бауыржан Кеңгесбаев пен Арсен Дүйсен дәл осы байқаудың «Бизнес» бағыты бойынша қос жеңімпаз атанып, ақшалай сертификаттарға ие болды. Аудан абыройын арттырған жас қарасайлықтардың жеңістері құтты болсын дегіміз келеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, «Заңғар» жастар сыйлығына Алматы облысының 160-қа жуық азаматы ниет білдірген. Жарыс нәтижесі бойынша әр салада жетістікке жеткен үздіктер байқаудың 15 номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 300 000 теңгенің сертификаттарын иеленді. Ал «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 70-ке жуық өтінім тіркелген. Оның ішінде тек 10 жастың бағы жанып, 3 млн теңге гранттың иегері атанған. Олар «Ғылым», «Бизнес», «Медиа», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар» бағыттары бойынша жобаларын ұсынған.
Жеңімпаз атанған жерлестеріміздің екі жобада бақ сынауларына ықпал еткен ауданымыздың Жастар ресурстық орталығы екенін айта кету керек. Байқауларға өтінім басталған сәттен-ақ дәл осы ұйым аудан көлемінде насихат жұмыстарын жүргізіп, жарнамаларын сәтті жүргізе білді. Бұл жайында орталықтың жетекшісі Жарқынай Садуовамен түсіндірді (суретте дәл ортадағы).
– «Заңғар» жастар сыйлығы байқауы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындауға қатысты хабарландыру шыққан сәттен бастап ауданның талантты жастарын іздеуді мақсат еттік. Осылайша әлеуметтік парақшалар арқылы байқаудың өтетінін жарияладық. Кейін қызығушылық танытқан жастарға жобалардың шарттарын түсіндіріп, құжаттарын жинауға көмектестік. Оларды реттеген соң облыс орталығы – Қонаев қаласына өткіздік. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай деуге болады. Ауданымыздан бір емес, бірнеше жеңімпаз шықты, – дейді орталықтың басшысы Ж.Садуова.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.