25 қаңтарда аудандық Қоғамдық кеңестің 2024 жылғы алғашқы отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов жүргізді. Күн тәртібі бойынша алдымен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтың «2023 жылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және 2024 жылға қойылған міндеттері туралы» есебі тыңдалды.
– Қарасай ауданы бүгінгі күні Алматы облысында өнеркәсіп саласы дамыған, халық көп шоғырланған ауданға айналды, – деп бастады өз сөзін аудан басшысы. Қазіргі уақытта тұрғындар саны 336 мың адамға жетті, бұл шамамен Алматы облысы халқының 22% құрайды. Ауданның облыстағы үлесі: өнеркәсіп бойынша – 33,6 %, құрылыс бойынша – 22,1 %, бөлшек сауда бойынша – 33,3 %, , ауыл шаруашылығы бойынша – 11,6 %. Өткен жылы өндіріс көлемі 576,1 млрд. теңгеге жетті немесе 4,3 %-ға өсіп отыр (2022ж. – 531,1 млрд. тг.). Ал, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 90,1%-ды құрайды немесе 8,5% өсіммен 518,5 млрд. теңгеге жетті (2022 ж.- 478,0 млрд. теңге). Бұл – өндірістің дамуының көрінісі. Ауыл шаруашылығында – 94,6 млрд. теңгенің өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі – 95,8% (2022ж. – 88,5 млрд. тг.), 154,2 млрд. теңге инвестиция тартылды, нақты көлем индексі – 88,1% (2022ж. – 163,5 млрд. тг.)., 225,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5,5%-ға өсті. Бұдан басқа, 2023 жылы аудан бюджетіне 87,4 млрд. теңге түсіп, 2022 жылмен салыстырғанда 9,4%-ға көбейді.
Қарасай ауданының экономикасының басым бағыты – өнеркәсіп саласы бойынша 18 ірі өндірістік, оның ішіндегі 7-і жүйе құраушы кәсіпорын бар. Олар – «RG BRANDS Kazakhstan», «Coca-Cola Almaty Bottlers», «Hamle Company LTD», «Asia Agro Food», «Efes Kazakhstan», «Kagazy Recycling», «Келун Казфарм» сияқты флагмандар. Қазіргі таңда ірі 18 кәсіпорын ауданның өнеркәсіп өнімдері көлемінің 90% өндіріп, 6,2 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Маңызы зор жобалардың бірі – Елтай ауылдық округінде салынған «Көкөзек» электр қосалқы станциясы өткен жылы қолданысқа берілді. Ол ауданды электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жаңа өндірістер ашуға, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасайды. Жаңа инвесторларды тарту бойынша да нақты жұмыстар атқарылып, бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Нақтырақ айтқанда, «Алтын Таға» темірбетон бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде, инвестиция көлемі 32 млрд. теңге. Жоба іске қосылғаннан кейін 1200 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның ірі «KT&G» компаниясы, өндірістік фабрикасының құрылысын бастады. Жалпы жобаның құны 90,0 млрд. теңге. 405 жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұдан бөлек өндіріс және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында Елтай ауылдық округінде «Фокус» логистикалық кешені салынуда. Инвестиция көлемі 30,0 млрд. теңге. Жоба 2024 жылы іске қосылып, 1500 жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар, Шамалған ауылында 2,4 ГА жер теліміне «Қазақстандық құбыр арматурасы зауытының» (КЗТА) құрылысы басталды. Инвестиция көлемі – 2,6 млрд. теңге және 200 тұрақты жұмыс орындары құрылды.
Аудан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін тағы бір фактор – шағын және орта кәсіпкерлік саласы. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 200 кәсіпкерлерге 6,1 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Жалпы, Қарасай ауданында 2023 жылы 9633 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде тұрақты – 7552. Уақытша жұмыспен 2081 адам қамтылды.
Ауыл шаруашылығында халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында ауданы тұрғындары жеңілдетілген шарттармен несие алу үмкіндігіне ие болуда. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер тарапынан жалпы сомасы 560,3 млн. теңгеге 65 жобаның өтінімі тапсырылды, оның ішінде 13 жобаның құжаттары қабылданып, бүгінгі күнге 69,0 млн. теңгеге 8 жоба мақұлданды. Ауданда жалпы көлемі 24,5 гектарды құрайтын 6 жылыжай кешендерінен жылына 5,1 мың тонна көкөніс өнімдері өндірілуде. Ал, көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 20 шаруа қожалығы 583 тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді. Пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару үшін қазіргі таңда ауданда 21986,4 га (259 субъектіге тиесілі 288 жер телімдері) мақсатты бағыты бойынша пайдаланбай жатқан жайылымдық жерлер анықталып, жұмыстар жүргізілуде.
Қарасай ауданы бойынша 200 саяжай массиві бар. Бүгінгі таңда аудандағы өкілетті орган тапсырыс беруші «Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесімен бірлесіп 52 саяжайдың құжаттамасын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Қарасай аудандық мәслихатына бекіту үшін жолданылады.
Ауданымызда әлеуметтік салалар да назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, білім саласы бойынша ең өзекті мәселелердің бірі – үш ауысымдық мектептер. 2023 жылдың басында үш ауысымды мектептердің саны 12 болған, өткен жылы Қаскелең қаласында 1500 орындық мектеп және 600 орындық 2 мектеп пен 3 жапсаржайдың құрылысы аяқталып, үш ауысымды 6 мектеп қалып отыр. 2024-2025 жылдары қалған үш ауысымды мектептерді жою үшін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аудан бойынша жалпы 13 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 10 мектеп салу қарастырылған. Одан бөлек, «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық және жеке кәсіпкермен «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 2000 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар іске асқаннан кейін ауданымыздың барлық үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі.
Денсаулық сақтау саласына келсек, ауданда 1 көпсалалы аурухана, 3 алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы, 19 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункті, 3 медициналық пункті және жеке меншік нысанындағы 5 денсаулық сақтау ұйымдары қызмет көрсетеді. Қаскелеңде заманауи периниталды орталық салу жоспарлануда, бүгінгі күні ол үшін жер телімі дайындалып, құрылыс жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 120 млн. теңге бөлінді. Абай, Үштерек ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталады. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында Жібек жолы ауылында 300 келушіге арналған емхананың құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайын, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамаға өткізілді. Сондай-ақ «НоваИнвест» ЖШС-нің мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде 7 ауылдың медициналық мекемерінің ғимараттарын жалға алу немесе сатып алу жолымен жағдайларын жақсарту туралы ұсынысы облыстың денсаулық сақтау басқармасының қарауына тапсырылды. Медициналық мекемелердің қазіргі заманға сай қызмет көрсетуін арттыру мақсатында 8 медициналық мекемелердің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде, олар – Қаскелең қаласында бір күнде 500 келушіге арналған көп салалық емхана құрылысы және 7 ауылда 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы. Өткен жыл соңында жалпы құны 982,5 млн. теңге тұратын МРТ аппараты сатып алынып, қолданысқа берілді.
Қазіргі таңда ауданда 7 құрылыс компаниясы өз қаражаттары есебінен 6 тұрғын үй кешені мен 1 көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Жалпы 115 көп қабатты үй және 4914 пәтер қарастырылған.
Ауыз су тапшылығын шешу үшін 2 елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде және 9 ауылдың ауыз су жүйелеріне қайта жаңғыртуға 187,4 млн. теңге бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сонымен қатар, Қаскелең топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде. Топтық су құбырына ауданның 18 елді мекені кіріп отыр. Қаскелең топтық су құбырының құрылысы аяқталу мерзімі 2024 жылдың соңына жоспарлануда.
Аудандық маңызы бар 1115 шақырым жолдардың 527 шақырымына немесе 47,3%-на жөндеу жүргізілген, 588 шақырымына немесе 52,7% жөндеуді қажет етеді. 2023 жылға арналған бюджетте ауданның жолдарын жөндеуге 3,3 млрд. теңге қарастырылып, жалпы 25 елді мекеннің 83 көшесінің 106 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді, өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артық жөндеу жұмыстары жасалынды. 2024 жылы ауданның жолдарын жөндеуге 2,9 млрд. теңге қарастырылып, 18 елді мекеннің 47 көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Қоғамдық көліктің қол жетімділігін жақсарту мақсатында ағымдағы жылы Алматы қаласының мобильдік басқармасымен бірігіп 6 маршрут іске қосылды. Сонымен қатар 2023 жылы субсидиялаумен ашылған, аудандық әлеуметтік маңызы бар 7 маршрут жұмыс істеп тұр.
Халықтың бос уақытын өткізетін, ашық және пайдалануға қолжетімді қоғамдық кеңістік салу, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру бойынша жұмыстары атқарылуда. 2023 жылы 3 елді мекеннің 19 көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл аулаларда асфальттық жабындылар жаңартылды, спорттық тренажерлар орнатылып, балалар ойнайтын алаңдар жабдықталды. Сондай-ақ 2023 жылы «Өмірұзақ» шағын ауданында саябақ құрылысын жүргізуге бастапқы 200 млн. теңге бөлінсе, ал ағымдағы жылы жұмыстарды аяқтауға 515,4 млн. теңге қарастырылды. Қаскелең қаласының Төле би көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің алаңдарына абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, Қаскелең өзенінің арнасын қайта салуға және жағалауын абаттандыру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды.
Қазір 3 ауылда 200 орындық Мәдениет үйлерінің құрылысының жобалау-сметалық құжаттамалары дайын, құрылыс жұмыстарына қажетті 2,5 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында Жібек жолы және Береке ауылдарында спорттық стадион салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 34,0 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы ауданның 7 елді мекенінде 12 street workout алаңдарын салуға 108,0 млн. теңге бөлінді.
– Белгіленген жоспарларды іске асыру аудан экономикасының барлық салаларында өсудің оң серпінін сақтауға мүмкіндік береді, – деді есебінің аяғында Жасұлан Тоққожаұлы. – Жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, халықтың өмір сүру қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау саласында сапалы қызмет көрсету үшін жағдай жасайды.
Жалпы айрықша атап өтетін бір мәселе, аудан әкімі халықтың өмір-тұрмысына аса қажетті осындай сипаттағы барлық жай-жағдай туралы жан-жақты әрі кеңінен баяндап берді.
Мұнан кейін кеңес мүшелері Несіпбала Әбділдаева, Мұхтар Байқұлов, Илимдар Камилов, Әмина Абдраманова аудан басшысына көпті толғандырған мәселелер жөнінде сұрақ қойып, оларына толыққанды жауап алды.
– Сөз жоқ, ауданда қай салада болсын жетістіктер, ілгері басушылықтар бар, – деді есеп бойынша сөз алған Несіпбала Әбділдаева. – Оларды бәріміз де нақты көріп, анық аңғарып отырмыз, халық та жақсы біледі. Әрине, алда да ел игілігі үшін жүзеге асырылар жұмыс өте көп. Олар толық орындалуы үшін барлық басшыға жүйелі, сапалы жұмыс, қажымас қайрат, мұқалмайтын жігер керек. Менің осы орайда риза болатыным, әлеуметтік жағдайға көп көңіл бөлінген, келешекте де солай жалғаса берсін деп тілеймін!
– Расында да, ауданда айтарлықтай жұмыс атқарылған, – деді Илимдар Камилов. – Әрине, проблемалар бар, болады да. Еңбегін елге арнаған басшылар оларды еңсеруге барынша күш салатынына күмәнім жоқ. Мұны мен өз ауданымызға қарата айтып отырғаным белгілі ғой. Ендігі бір жай, барлығымызға алдымен бірлік, береке, ынтымақ кернек. Сонда ғана алға басамыз, өсеміз өркендейміз. Сонда ғана Қарасайдың таңы жарқырап атады! Ал, енді қазақтар «Әкім бол, халқына жақын бол» дейді. Осыны бүгін мен де атап айтар едім, себебі, бұл сөзімнің қазір дәл келіп тұрғанына өте сенімдімін!
Сонымен қатар, Жасұлан Тоққожаұлы жиында тағы да сөйлеп: – Бәріміздің мақсатымыз біреу, ол – барлық саланы да дамытып, ел жағдайын жақсарту, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты істерді жүйелі шешу. Осы орайда сіздерге де рахмет, үнемі қолдау көрсетесіздер. Жалпы, Қоғамдық кеңестердің маңызы жоғары екені мәлім. Ол халық үшін билікке жеткізуде көп жұмыс атқарып отыр. Тағы бір қосарым, бүгінде әлеуметтік желіде жөнсіз «ақыл айтқыштардың» жақсы істерді көрмей, барлығын да қаралаушылардың бар екенін білесіздер. Олар тұтас мемлекетке, қоғамға күйе жағуға құмар. Мәселенің байыбына бармай, үстірт түсінетін адамдар солардың жетегіне еріп, түймедейді түйедей етіп жібереді… Сондықтан кеңес мүшелері ақыл-парасатымен дұрысын айтып, осы жағына да жіті көңіл бөлсе», – деді ол.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Молдағұлұлы аудан әкіміне мазмұнды есебі үшін барынша ризашылығын білдіріп, аса жауапты қызметінде табыс, сәттілік тіледі.
Келесі кезектекеңес мүшелері аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айжан Балажанова бөлім атынан ұсынған «Нормативтік-құқықтық акті (бейбіт жиналыстар (митинг) туралы» хабарламасын тыңдап мақұлдады.
Сондай-ақ жиында Қоғамдық кеңестің құрамына өзгерістер енгізу туралы сөз болып, 2024 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып бекітілді.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.