«Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» демекші, қай заманда болмасын қариялардың салмақты айтар кеңесіне құлақ түру қоғам үшін маңызды. Оның ішінде, әсіресе ақылшы ақсақалдардың оймақтай ойы мен бағыт-бағдары талай істің ілгері жүруіне ықпал етеді. Оны біз айтпасақ та тарихтың өзі сыр шертеді емес пе?
Елінің дамуы жолында елеулі еңбек етіп, құрметке бөленумен қатар, өскелең ұрпаққа тура жолды нұсқау – қазыналы қарияның қай-қайсысына болсын жарасымды қасиет. Осындай үлгі болар ізеттілігімен жалпақ жұртқа жаққан аталардың қатары Қарасай ауданында аз емес. Солардың бірі – Іргелі ауылдық округіне қарасты «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің ақсақалдар алқасына жетекшілік ететін Бақтыкерей Жетпісбай. Сексеннің жетпісіне аяқ басқан атамызбен жақында емен-жарқын әңгімелестік. Өмірдерегіне тоқталып, қоғам алдында атқарып жатқан істерін сөз еттік.
Бақтыкерей Жетпісбайұлы – Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылының тумасы. Осы елді мекенде 1937 жылы дүниеге келген. Отбасының жалғыз баласы атанып, ата-ананың тәрбиесін көп көре алмады. Өйткені әкесі Жетпісбай Тұрлыбайұлы мал шаруашылығында жұмыс істеп жүріп, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған. Өкінішке орай осы жылдың қазан айында майдан даласында қаза тапқан. Ол кезде бала Бақтыкерей небәрі 5 жаста еді. Ал 1954 жылы 17 жасқа толған шағында аяулы анасынан айырылды. Ол кісі өз заманында көпшілікке танымал, беделді жандардың бірі болған екен. Бақтыкерей атамыздың айтуынша, анасы Дәкүл Сұрабалдықызы Талдықорған облысындағы Октябрь ауданының үздік сауыншысы атанған. Сондай-ақ сол кезеңде ең мәртебелі марапаттың бірі болып саналатын Қазақ ССР Жоғарғы советі президиумының Құрмет грамотасымен марапатталыпты.
Мектеп табалдырығын 1946 жылы аттаған Бақтыгерей Жетпісбайұлы білім ошағындағы онжылдықты жақсы тәмамдаған соң, бірден Октябрь совхозына жұмысқа орналасқан. 1959 жылы отбасын құрып, дәл осы жылдан сауда саласында еңбек етуді бастаған. Қызметпен оқуды қатар алып жүріп, институттың сыртқы бөлімінде оқып, «сауда-экономист» мамандығын бітірген. Өмірлік жары Нұржамал Азаматқызы екеуі үш ұлға ата-ана атанып, оларды қанаттандырды.
Бақтыкерей атамыз өмірінде 60 жыл еңбек етсе, соның 40 жылын сауда саласына арнаған. Ал 20 жыл ішінде «Ауыл» партиясының Кербұлақ ауданы бойынша филиалында төрағалық қызметін атқарған. Саяси бағыттағы бұл жұмысы 1997 жылы, яғни құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін 2017 жылға дейін жалғасқан. Оған дейін сауда-саттықтағы табандылығы абыройлы болған. Анығын айтқанда, Коммунистік партияның мүшесі болып, талай саяси іске араласты. Сондай-ақ 1959 жылдан бастап, сол кездегі Талдықорған облысына қарасты Панфилов, Гвардия, Кербұлақ аудандарындағы сауда саласына басшылық еткен. Зейнетке жасына жеткеннен кейін де өңірдің дамуы жолында күш-қайратын аяп қалмады. Кербұлақ ауданында кәсіподақ ұйымын құрып, оның жұмысын жетілдірсе, одан кейін осы ауданның орталығы болып табылатын Сарыөзек ауылында ақсақалдар алқасының төрағасы болды.
Партияның да, қоғамдық ұйымның да жұмысын жүйелі жүргізген Бақтыкерей Жетпісбайұлының қай салада болсын ісі ілгері, қызметі тиянақты болды. Басшылықтағы бастамасы да нәтижелі болып, елдің ықыласына бөленіп, абырой-беделі еш төмендеген емес. Елеулі еңбектері ескеріліп, атқарған қызметтері үнемі жоғары бағаланып жүрді. Атап айтар болсақ, ол кісі 1970 жылы Кеңес үкіметінің сауда саласында үздік атанған. Сонымен қатар «Лениннің 100 жылдығы», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Еңбек даңқы», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 70 жыл» сияқты медальдармен марапатталған. Одан бөлек Бақтыкерей Жетпісбайұлында «Кербұлақ пен Панфилов аудандарының Құрметті азаматы» деген атақтары бар. Мұның бәрі еткен еңбектің, төккен тердің жемісі деп білеміз.
Кейіпкеріміздің өмір жолында көңіл құлазытатын кезеңдері жоқ дей алмаймыз. Тағдырдың сынына ұшырап, талай сынақтан сүрінбей өткен кездері де бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, жастайынан әке-шешеден ерте айырылса, тұрмыс тауқыметін аз көрмеді. Отбасын құрып, шаңырақтың шаттығына кенеліп, үш перзентке әке атанғанымен, ортаншы ұлын ерте жер қойнына тапсырды. 1963 жылғы баласы 32 жасында кісі қолынан қаза тапқан. Асқар тау әке үшін ұрпағынан айырылу кім-кімге де болсын оңай емес. Десе де оның артында ізін жалғаушы балалары қалды. Міне, солар атамыздың көз қуанышына айналып отыр.
Бақтыкерей Жетпісбайұлы Қарасай ауданына қоныс аударғанына 7 жылдың көлемі болған. Бүгінде «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде кенже ұлының қолында. Өкінішке орай, былтыр Құдай қосқан қосағы Нұржамал апамыз өмірден өткен екен. Тілдесу барысында бұл жайтты да атамыз күрсініспен жеткізді.
«Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, қариямыздың өмірден түйгені, білім-біліктілігі, қызметтік тәжірибесі оның қоғамдық жұмыстан алшақтатқан емес. Қарасай ауданы бойынша ақылшы ақсақалдардың қатарынан көрініп, қазіргі таңда өзі тұратын тұрғын үй кешеннің мәселелерін ел қатарлы қозғап жүр. Ол кісінің бұл белсенділігін және ақсақалды жақын тануға себепші болған Іргелі ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы әрі газетіміздің тұрақты оқырманы Әлібай Кененов айтты.
– Бақтыкерей ақсақалдың қарым-қабілеті өте биік. Қазіргі уақытта ол кісі «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне қатысты мәселелерді жиі көтеруде. Мектеп, балабақша салу сияқты проблемаларды жауапты басшылыққа жиі айтады. Облыс пен аудан әкімдерінің халықпен өтетін тұрақты кездесулеріне арнайы барып, елдің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып жүр. Қазіргі уақытта біз ауыл ақсақалдары болып бірігіп, Іргелі округіне қарасты елді мекендерде Ұлы Отан мен Ауған соғыстарының ардагерлеріне, сондай-ақ Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш тақта орнатуды қолға алып жатырмыз. Қайсарлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың ерліктері өшпес үшін және кейінгі ұрпақ білу білу мақсатында мұндай дүние керек деп ойлаймын. Міне, осы бастаманың басы-қасында Бақтыкерей қариямыз да жүр. Ол кісінің еңбегі зор, – дейді біздің тұрақты оқырманымыз Әлібай Кененов.
Ақсақалдың расымен еңбегі елеулі. 90 жасқа жақындап қалса да өнегелі өсиетін ұрпаққа үйретуден және қайырлы іс жасауға мұрындық болудан жалыққан емес. Өзі тұратын тұрғын үй кешенде Құрбан айт, Қарттар күні сияқты айтулы күндерді ұмыт қалдырмай, демеуші жандарды іздеп, балаларды қуантып, қарттарға көмек қолын созуға себепші болып келеді.
Біз таныған Бақтыкерей қария міне, осындай. Ақылшы ақсақалдың ғұмыр жасы ұзақ болып, ұрпағымен қымбатты болып жүре берсін демекпіз. Ел дамуы жолындағы жұмыстары ілгері баса берсін.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.