Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласы мен Қарасай ауданы арасында жүретін №244 бағыттағы қоғамдық көлік іске қосылды. Автобустар 16 желтоқсаннан бастап халыққа қызмет көрсете бастады.
Алматы қалалық мобилділік басқармасының ақпа-ратына сүйенсек, автобус өз бағытын Алматы қаласы «Бауыржан Момышұлы» метро бекетінен бастайды. Одан кейін Абай көшесінің бойымен Алатау даңғылы арқылы «Алматы – Бішкек» тас жолына түсіп, Қаскелеңнің Наурызбай, Жанғозин, Мақашев Абылайхан көшелері арқылы Шамалған, Бекболат ауылдарына қарай бет алады. Ал қайтарда аталған елді мекен арқылы Қаскелеңге кіріп, Байтұрсынов, Қарасай батыр, Мақашев көшелері арқылы қайтадан «Алматы – Бішкек» тас жолымен Алматыға қарай жүреді.
Қазіргі уақытта желіде 13 автобус жүреді. Жүру аралықтары – 13 минут. Жол ақысы 100 теңге және ол «Оңай» төлем жүйесі арқылы төленеді. Белгілі санаттарға жеңілдік қарастырылған.
№244 бағыттағы автобустың ашылғаны «Алматы – Бішкек» тас жолының маңына жақын орналасқан бірнеше ауылдық округтің жолаушылары үшін қолайлы болмақ.
Айта кетейік, Алматы агломерациясын дамыту аясында биыл Алматы қалалық мобилділік басқармасы 25 елді мекенді қамтитын 10 жаңа қала маңы маршрутын ашуды жоспарлаған болатын. №244 – ағымдағы жылы іске қосылған қала маңына қатынайтын оныншы бағыт.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.