Үлкендердің отбасылық өмірде көрген-түйгендері, халқымыздың салт-дәстүрі мен жанұя жылуын сақтау туралы әңгімелерінің жастарға берер тағылы мол. Бес бала өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырған Дүйсебек ата мен Роза апа Малдыбаевтар әулеті – ауданда үлгілі отбасының бірі.
Роза апа өз сөзінде отағасымен 1962 жылы бас қосқанын айтып, келін боп түскен сәттерін есіне алды.
– Ата-анамның үйінде еркін өскен екі қыздың бірі едім, келін болып түскен жерім көп жанды отбасы екен. Үйде екі апа, екі енем, қайындарым мен қайынсіңлілерім, бәріміз бір шаңырақтың астында бірге тұрдық. Осынша адамның ас-суын дайындап, үй тірлігімен тыным таппайтынмын. Қайынатам бірер жыл ауырып, 61 жасында қайтыс болды. Оны күтіп, қызмет еттім. Дүние саларының алдында маған қыздарына бас-көз болуымды аманаттады. Аманатын ешқашан естен шығармадым. Қайынсіңлілерімнің жоғары білім алуларына көмектестік. Біреуі институтқа түсе алмаған кезде қатты уайымдап қиналғаным есімде. Бәрін қолымыздан ұзаттық. Одан өз балаларымызды өсірдік. Балалардың жас аралығы жиі болғаны да жақсы екен бірін-бірі жетелеуге. Дөңгелек үстелді айнала жағалай отыра қалып, сабаққа дайындалғанда, үлкеніне үйреткеніңді кішісі ұға береді. Бәрі де жоғары білім алып, үйлі-жайлы болды, – дейді Роза апамыз.
Отанасы бала тәрбиесімен негізінен өзі айналысқан. Отағасы ұзақ жыл жауапты қызметтерде болып, қолы тие бермепті. Өзі есепші әрі экономист болған.
– Баламен емін-еркін ашық сөйлесу керек деп ойлаймын. Үңгіртаста, одан Ұзынағашта тұрғанда да ер жеткенше баланы түнгі уақытта көшеге, клубқа киноға жібермеппіз. Отбасының берік болуы жас кезде алған тәлім-тәрбиеге қоса, жаңа аттаған босағаның өнегесіне байланысты. Үй болғаннан кейінгі алғашқы бес жыл шешуші кезең ғой. Осы кезде үлкендердің ақылы, жұбайлардың жарастығы, төзімділігі аса қажет. Әркез артыңда адам барын естен шығармау керек. Өзім 55 жасқа келгенше 5-6 сиыр саудым. Еңбекқорлық – бақытқа да, табысқа да жеткізетін ең жақсы қасиет. Еңбекпен көркеюдің ең жарқын үлгісі Тұңғыш Президент туралы фильмде дер едім, – дейді Роза апа.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.