Қашан көрсеңіз де жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын бұл кісіні ауданда «Биші апа» атап кеткен. Мейраш апаны көпшілік жақсы таниды. Алайда құжат бойынша есімінің Үмітжан екенін екінің бірі біле бермейді. Тоқсанға таяған апамыз өнерге әлі де құштар.
«Би өнері менің өмірімнің өзегіндей болып кетті ғой, балам. Егер сахнаға шақырса қазір де билеуге бармын», – дейді апамыз. Бойына бірнеше өнер қонған ерекше жанның сексен жылдан астам билейтіні расында ғажап! Үмітжан Ботбаева бұған дейінгі облыс орталығы Талдықорған, Елорда сахналарында өнерімен көрерменді таңқалдырған.
Алматы қаласында 1934 жылдың 1 мамырында туған сәбидің есімін әке-шешесі Үмітжан деп жаздырғанымен, еркелетіп «Мейраш» атап кетіпті. Тәй-тәй басқан бүлдіршіннің әуелей шырқалған әнге, құйқылжыған күйге елітіп тұратынын байқаған ата-анасы оны үш жасынан той-томалақта билеткен екен. Жұрттың таң-тамаша қалып, ризашылықпен қошемет көрсетуі кішкентай қыздың талабына қанат бітірген. Ол кезде әкесі Жұмаділ ішкі істер органында жауапты қызмет істепті. Соғыс басталып, майданға аттанғанда, ел басына түскен қиындық бұл шаңыраққа да ауыр соғады. Жамбылға туыс болып келетін Жұмаділдің отбасын атақты ақын өз ауылына көшіріп әкеліп, қамқорлық көрсетеді. Соғыс аяқталған соң елге аман оралған әкесі жанұясымен қалаға қайта қоныс аударды. Бұл кез Мейраштың жасы 11-ге толып, Алматыдағы әйгілі №12 мектептің 1 сыныбына баратын уақыты еді.
Мектепте биші болып, кішігірім сахналарға шығып жүрді. Опера театрында 1953 жылы өткен бір концертте «Айжан қыз» биіне солист болып биледі. Сонда атақты Шара Жиенқұлованың назарына ілігіп, ел ішінен талантты өрендер іздеген қазақ биінің ханшайымы оны балет мектебіне оқуға қабылдатқан. Алайда анасы Әділжан балет әртістігін қазақ қызының табиғатына тән емес көреді. Бөтен еркектің ел-жұрттың көз алдында бойжеткеннің қолына, денесіне қол тигізуін масқара ұят санап, оған үзілді-кесілді қарсы болыпты. Осылайша балет сабағының ғұмыры бір айдан аспады. Сол жылы соғыс салған жарадан әкесі қайтыс болады да, келесі жылы мектеп бітірген соң шешесі құдаласып, жиырма жасар қызын Жамбыл ауданындағы Тарғап ауылына күйеуге беріп жіберген. Сөйтіп, жас кезінде үлкен сахнаға шығу бақыты бұйырмайды.
Құтты орнына қонған соң да бойында бұлқынған өнер қаланың қызын үлкен сахна болмағанмен, топ алдына жарқырата алып шықты. Тарғапта Үйсінбай деген кісі гармон тартады екен. Әуен естісе болды бір орында тыныш тауып тұра алмай, мың бұрала қосыла кететін бір қасиет бала кезден бойына қонақтаған Мейраш мұндайда шаршы топтың ортасынан табылмаса, тұла бойын бір ауырлық басып, еңсесі езілгендей болып тұратын. Сондықтан, қолқалаған тұста тартынбады. Бұған жан-жары Кеңес те түсіністікпен қарады. Ауылдың той-жиындарында басына ақ орамал тартқан әппақ сұлу жас келін гармон әуеніне шыр көбелек айналғанда, халық ерекше ықылас танытатын. Музыка ойналса болды, бар ынтасы соған ауып, жан-тәнімен беріле, он екі мүше бір ырғаққа бағынып, алпыс екі тамыры әуенге иіп сала береді. Мұндайда би қимылдарының көбі табан астында туындап жатады. Бейне бір тылсым күш оны ырқынан тыс жетелей жөнелетіндей көрінген.
Ауданда 1986 жылы «Ақ әжелер» халықтық ансамблі құрылғанда, оның белді бір мүшесі болған Мейраш апа содан бері осы ұжымда шаршамай-талмай еңбек етті, әлі де қатысып тұрады. Ансамбльмен бірге алыс-жақын талай шетелді, республиканың түпкір-түпкірін шарлады. Бұл өнер ұжымын ұлттың тілі мен ділі, салт-дәстүрі үшін тер төгіп жүрген Күміс Кемелбекова ұйымдастырған, күні бүгінге дейін өзі көркемдік жетекшісі.
Ел ішінде Үмітжан апа сынықшы ретінде де танымал. Бұл қасиеті тұрмысқа шыққаннан кейін пайда болыпты. Сынған сүйек, шыққан буынды орнына келтіріп салып береді. Жазатайым аяқ-қолын жарақаттап алғандар оны әлі де іздеп келетін көрінеді. Соған орай жұртшылық оны «Емші апа» дейді де. Шипагерлікпен айналысқанына жетпіс жылға таяды. Апаның тағы бір қыры – қолөнер. Ою ойып, сырмақ сыру, құрақ құрау, ұлттық киім тігу, тоқыма тоқу сияқты іске шебер. Кимешектің астыңғы бөлігі – күндікті әдемілеп орайды. Әжелер ансамблінің сахналық киімдері анау жылдары Үмітжан Жұмаділқызының ісмер қолынан шығатын. Ұл-қызынан немере-шөбере сүйіп отырған әже олардың биге талаптанғанын баулиды.
Үмітжан апа кез келген бидің қимыл-қозғалыстары адамның дене тәрбиесімен қатар жан тазалығына да пайдасы зор екенін айтады. «Өзім билемей қалсам, ауырып қаламын», – дейді ол. Билеген сайын өзін жақсы сезініп, жеңілдеп қалады екен. Ол үшін би – өмірінің мәні, денсаулығының тірегі. Өмірін бимен өрген жанның жастарға айтары, аянбай еңбек етіп, белсенді өмір сүру, елге, жұртқа қызмет ету.
«Би адамға жақсы көңіл-күй сыйлап, ғұмырын ұзартады», – дейді дала бишісі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.