Жарық дүниенің есігін ашқан әрбір адам баласының жолы тақтайдай түзу болады деп ешкім дөп басып айта алмайды. Өмірі жолында небір қилы кезең, тағдыр-тауқыметті соқпақ, бұралаң жол кездесетіні анық. Сол сынақтарды көтере біліп, қатарға қосылып кететіні де, қиындыққа морт сынып, өмірден баз кешіп, көше кезіп қалатыны да жетерлік.
Осы ретте елімізде соңғы жылдары арнайы орталықтар ашылып, қиын жағдайда қалған адамдарға қолдау көрсетіп, күтім жасайтын орындар пайда болды. Бүгінде бұл мекемелер өз жемісін беріп, тағдыр тәлкегіне түскен жандарға пана болып отыр. Сондай мекеменің бірі Іле ауданына қарасты Өтеген батыр ауылында орналасқан «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы».
Жуырда аталмыш орталықта өмірінде келенсіз жағдай орын алған адамдардың мәселелерін шешу, көмек көрсету, оларды өмірге бейімдеу мақсатында «Стандартты емес өмірлік жағдайлар: мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға Іле ауданы әкімдігінің өкілдері, полиция қызметкерлері, ХҚКО және көші-қон қызметі, денсаулық сақтау және СЭС, жұмыспен қамту бөлімі мен Мансап орталығының қызметкерлері шақырылды.
Жиынды Алматы облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова ашып, аталмыш бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатқанымен оны одан әрі қарқындату керектігі жайлы айтып өтті.
– Бұл өмірде ешбір адам теріс бағытқа түсіп, қиын жағдайға қалмасына кепіл болмайды. Ешкімде ондай жағдайға түсемін деп ойламайды. Тіпті, күнделікті тіршілікпен қалай ондай жағдайға түсіп қалғанын кеш байқайтындар да бар. Бұл ретте осындай орталықтардың ашылғандығы жақсы бастама болды.
Алайда олардың атқарып жатқан жұмысы қарамастан әр саланың мамандары да мәселені шешу жолында атсалысуы керек деп ойлаймын. Сондықтан тек әлеуметтік шұғыл көмекпен шектелмей, бірлесіп жұмыс істеу арқылы қиын жағдайға тап болған адамдардың өмірге бейімделу жолындағы мәселелерін шешуге шұғыл кешенді түрде жұмыс істеуге шақырамын, – деді басқарма басшысы.
Мұнан кейін аталмыш орталықтың директоры Г. Жолдыбаев баяндамасын оқып, биыл атқарылған жұмыстар туралы толыққанды ақпарат берді. Оның айтуынша, алты ай жұмыс барысында оларға 65 қызмет алушы жүгінген. Орталық тарапынан оларға барлық қажетті көмек көрсетілген. Бүгінгі күні мұнда 26 адам тұрып, көмек алуда. Өзге орталықтағы сияқты мұнда да келушілермен жұмысты арнайы мамандар жүргізеді. Оларға жатар жылы орын, ыстық тамақ пен қатар психологиялық көмек те көрсетіледі.
Орталық директорынан кейін әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Н.Маликова, психолог Г.Қонысбаева да баяндамаларын оқып, жиынға арнайы келген сала өкілдеріне қызмет алушылардың өмірлік жағдайларымен таныстырып, бейімделу орталығының психологиялық жұмыс әдістері туралы айтып өтті.
Маңызды мәселеге арналған жиынды директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ж. Сабирова қорытындылады. Ол өз сөзінде бейімделу орталығының қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелерге баса назар аударды.
– Біз Іле ауданының барлық қызмет көрсету өкілдерін кездейсоқ шақырған жоқпыз, өйткені біздің жұмысымыз сіздердің көмектеріңіз бен бірге атқаратын жұмыстарымызға тікелей байланысты, — деді ол сөз соңында.
Дөңгелек үстел айтылған мәселелерді талқылаумен аяқталып, барлық қатысушылар өздеріне қатысты белгілі бір қызмет түрлеріне байланысты мәселелерді шешуде қолдан келгенше көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Іле ауданы.