Халқымызда ертеден келе жатқан «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген сөз бар. Осыған қарап-ақ отбасындағы әкенің рөлі қай кезде де өте маңызды екенін аңғаруға болады. Жаңа отбасы құрылып, бала дүниеге келген сәттен бастап ер азамат сол әлемнің қамқоршысы, қорғаушысы, баласы үлгі ретінде қарайтын әкеге айналады. Біз қанша жерден баламен кішкентайынан 90 % уақытын анасы өткізеді дегенімізбен ер бала көп жағдайда бәрін әкесіне қарап істейді. Сондықтан, әкеге баласын саналы ұрпақ етіп тәрбиелеп, өмірлік тәжірибесін сіңіруі аса құнды болып табылады.
Бүгінде елімізде осы мәселені көтеріп, отбасындағы, бала тәрбиесінде әкенің беделін арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар белсенді түрде өткізіліп жатыр.
Сондай шараның бірі таяуда Балқаш ауданына қарасты Ақдала ауылдағы Мәдениет үйінде өтті. «Әке тәрбиесі – тәрбиенің алтын діңгегі» атты тақырыпта өткен аудандық әкелер форумды Алматы облысының «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен аудандық білім бөлімі ұйымдастырды.
Алматы облысының білім басқармасы педагогикалық шеберлік бөлімінің басшысы Қымбат Сулейменова, облыстық «Жас Дарын» орталығы басшысының орынбасары Нұржан Сейілбеков және Балқаш ауданына қарасты ауыл әкімдері, ақсақалдар алқасының төрағалары, аудандық білім бөлімі мен білім мекемелерінің директорлары, барлық білім мекемелерінде қызмет ететін ер азаматтар қатысқан форумның көздеген міндеті – түрлі салалар мен мамандықтардан құралған әкелерді бір диалог алаңында жинап, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, отбасы құндылықтарын насихаттау және қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау.
Шараның аясында қазақ халқының жеті қазынасымен таныстырудан басталып, әрі қарай келген қонақтар назарына аудан мектептерінің «Әке көрген оқ жонар…» тақырыбындағы әке мен баланың қолөнері және «Әке – асқар тау» тақырыбында суреттер көрмесі қойылды.
Мұнан кейін жиналған әкелермен аталмыш мектептің психологі Әлия Ойшиева әкелермен «Шуақты күн» тренингін өткізіп, бала психологиясы бойынша біршама түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Форумның негізгі бөлімінде сөз кезегі аудан мектептерінің белсенді, өнегелі әкелеріне берілді. Спикер әкелер әртүрлі тақырыптардан таныстырылым жасады.
Нақтырақ айтқанда, Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясынан келген Азамат Тельтаев «Бала тәрбиесінде әке қандай болу керек?», Қонаев атындағы орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы Асқар Шоңбаев «Басты міндет бала тәрбиесі», аудандық Мәдениет үйінің қызметкері, ардақты әке Тәкежан Таңатов «Әкені қалай таңдайтынын білесіз бе?», М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінен Қаржаубай Байсалбаев «Әке маңызды тұлға», ауданға өнегесімен үлгі боп жүрген көпбалалы әке Ақдала орта мектебінің «Ұлағат» әкелер мектебінің төрағасы Бақтығали Дәуітбаев «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» атты тақырыптарда сөз қозғап, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, баламен қалай сөйлесу керектігі жайында бірқатар кеңестерінде айтып өтті.
Бұған қоса әкелердің форумы аясында «Ел тұтқасы» әкелер ұйымын құруға бастама көтеріліп, аудандық білім бөлімінің тәрбие саласы бойынша әдіскері Ахын Сейсеке «Тәрбие – тал бесіктен» атты тақырыпта сөз сөйлеп, әкелер ұйымының алда жасайтын жұмыс жоспарымен таныстырып өтті.
Сондай-ақ шарада маңызды тақырыптарды талқылауға жиналған әкелерге мектеп оқушылары арнайы жазған жырларын оқып, әке жайлы әндер шырқады.
Бейресми еркін пікір алмасу форматында өткен форумның қатысушыларға ой тастап, отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің орны қаншалықты ерекше екенін түсіндіре алды. Ұйымдастырушылар болашақта осы тақырыпта өтетін шаралар легін көбейтуге ниетті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Балқаш ауданы.