Жақында Қонаев қаласында мәдениет және өнер саласының қызметкерлері арасында өткен «Рухани қазына – 2023» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Биылғы фестивальге еліміздің түкпір-түкпіріндегі музей, кітапхана мен мәдени ойын-сауық ошақтарының 200-ге жуық қызметкері қатысты. Нәтижесінде 29 аталым бойынша үздіктер анықталды. Олар арнайы дипломға және ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Мәдени мекемелер арасындағы жеңімпаздарға 1 млн теңгеден, ал мәдени қызметкерлер ішінде үздік деп танылған қатысушыларға 500 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар арнайы сыйлық иегерлеріне 300 мың теңгеден табысталды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған іс-шарада сондай-ақ мәдениет саласының үздіктері ұлықталып, 11 маманға төсбелгі тағылды.
«Мәдениет – мемлекет келбеті. Оны сақтау, болашаққа жеткізу баршамыздың ортақ міндетіміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру жолында осы ұранды сөзді басты бағытта ұстап, халықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайын жылдан-жылға арттырып келеді. Мәдениет пен өнердің алтын арқауына айналған Алматы облысы да ерекше құрметке ие. Кешегі өткен Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Қожеке, Тұманбай аталарымыздың сара жолы мәңгілік жалғасу керек», – деді жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.
Еліміздегі мәдени мекемелердің үздігі сараланған «Рухани қазына – 2023» фестивалінде Алматы облысының өкілдері өзге қатысушылардан оза шауып, үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында орналасқан Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейі «Үздік аудандық маңызы бар музей» деп танылды. Мекеме 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды.
– Ерекше сезімде тұрмын. Алматы облысы әкімдігі мен Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен республикалық фестивальге қатысудың өзі үлкен мәртебе. Сүйінбай атамыздың атын шарықтатамын деген ой мені жеңіске жетеледі. Тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығын насихаттап, Астананың төрінде бас жүлдемен марапатталдық. Өте қуаныштымын – дейді Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Аяужан Сәдуақасова.
Ал «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясымен «Алматы облысының музейлер бірлестігі» марапатталып, мекеме директоры Әнуар Үмбеталиевке «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің кілті мен арнайы диплом табысталды.
Сонымен қатар, өзге салалардың да үздіктері анықталды. Атап айтқанда, 100 мың теңге сыйақыға ие болған «Үздік мәдениет үйі қызметкері» – Кеген ауданы Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйінің директоры Бақытжан Құсайынов, «Үздік музей қызметкері» – М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінің қызметкері Мейіржан Мұсабаев, «Үздік кітапханашы» – Қонаев қаласы кітапханасының кітапханашысы Жазира Нуптиева, «Үздік биші» – «Алатау әуендері» концерттік ұйымының балет әртісі Мәдина Батыршаева, «Үздік әнші» – Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Алуа Қосанова, «Үздік аспапшы» – Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының аспапшы әртісі Алма Кішікбаева, «Үздік қолөнер шебері» – «Ұста Дәркембай» қолөнер музейінің шебері Дәулетбек Әбдіқайымов, «Үздік театр ұжымы» – Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қаракемер» балалар театры.
Сонымен қатар, Талғар ауданындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің жетекшісі Мейіржан Бахытжанұлы «Ауылдық маңызы бар музейдің үздік қызметкері» номинациясына ие болып, 500 мың теңге қаржылай сыйақы алды. «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» номинациясына Іле ауданына қарасты Ақши ауылдық балалар кітапханасы лайық деп танылды. Мекемеге 1 млн теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
Айта кетейік, мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылығын қолдауға бағытталған фестиваль Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын өтеді. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі мәдени мекемелер мен сала қызметкерлері қатысып, өзара бақ сынайды.
Сондай-ақ бұл шара аясында тағы басқа өнер өкілдеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі берілді. Оның қатарында «Алатау әуендері» концерттік ұйымының әншілері Мирас Бекжанов пен Құралай Бекжанова, Қаракемер ауылдық Мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекова бар.
Шараның ресми бөлімі концерттік бағдарламаға ұласты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Қонаев қаласы.