Құлдық өмірден құтылып, мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Сұлтан Бейбарыстың туғанына биыл 800 жыл толып отыр. Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған батыр бабаның мерейтойы елімізде лайықты деңгейде атап өтілуде. Даңқты қолбасшыны ұлықтау шарасы жақында Қарасай жерінде де ұйымдастырылып, «Ұлы даланың баһадүр ұлы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қарасай аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға тарих және этнология институтының мүшелері, шетелдік ғалымдар, этносаралық орталықтың басшылары, аудан ұстаздары қатысты. Айта кету керек, бұл конференцияның өтуіне «Ұлы даланың, ұлы есімдері» арнайы жобасының аясында Алматы облыстық Қоғамдық келісім және даму орталығы ұйытқы болды.
Тақырыпқа арқау болған Сұлтан Бейбарыс әлемдік тұлға болғандықтан, ғылыми шара қазақ, орыс, араб тілдерінде жүргізілді. Модератор ретінде жиынның алғы сөзін алған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Шамек Тілеубаев конференцияның маңыздылығына тоқталды. Одан кейін Алматы облыстық ішкі саясат басқарма басшысының міндетін атқарушы Әсел Джалғаспаева даңқты қолбасшының қазақ тарихында алатын орны айрықша екенін атап айтып, оның өмір жолы кім-кімге де болсын үлгі екенін түсіндірді. Сондай-ақ шара аясында баһадұр бабаның еңбегін насихаттап, дүниежүзілік деңгейде ұлықтап жүрген шетелдік ғалымдар өздерінің ойларын ортаға салды.
Сұлтан Бейбарыс өз заманында әлеуметтік мәселелерді реттеуге зор үлес қосқан. Бұл жайында конференцияда Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, доктор, профессор Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди кеңінен тоқталды. Ғалымның дерегіне сүйенсек, Сұлтан Бейбарыс қазақ халқының ғана емес, Мысыр елі үшін де аса маңызды тұлға. Ол өз дәуірінде сот орындарын ашып, әділдікті қалыптастыруға ықпал ектен.
Ал Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех «Сұлтан Бейбарыс және халықтық мұра» атты баяндама оқып, батыр бабаның екі елге ортақ тұлға екенін айтып, көпшілікке ұсыныс ретінде орамды ой тастады. Оның айтуынша, Қазақстан мектептерінің оқу бағдарламасына Сұлтан Бейбарыс жайлы ақпаратты көбірек қамтыса жақсы болар еді. Бұл бастама жүйелі түрде жолға қойылса, оның есімі өшпей, еңбектері кеңінен дәріптелмек.
Конференция барысында Дамаск қаласындағы Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қайта қалпына келтіру мәселесі де көтерілді. Оны әңгіме арқау еткен құрметті қонақ – Дамаск университетінің профессоры Муаффақ Дуғмаан. Оның ресми дерегіне сүйенсек, Дамаскте Сұлтан Бейбарыстың өзі тұрғызған кітапханасы бар. Бұл рухани орталықта жиналған құнды кітаптардың саны бүгінде 8 мыңнан асады. Сондай-ақ, шетелдік ғалым батыр тұлғаның кесенесіне кеңінен тоқталып, оның жаңғырту жұмыстарын сөз етті.
Шетелдік ғалымдар міне, жоғарыда атап өткендей даңқты тұлғаға қатысты пайымды ақпараттарымен бөлісті. Әрбірі жеке көзқарастары бойынша Сұлтан Бейбарысты танытып, еңбектері мен өміржолынан сыр шертті.
Өзге елдердің орамды ойларынан кейін конференцияда Берекет Кәрібаев, Шамшәдин Керім, Меңдігұл Ноғайбаева, Төрәлі Қыдыр, Ықтияр Палтөре, Алмас Тоқсанбаев сынды академиктер, профессорлар баяндама оқып, Сұлтан Бейбарыстың тарихына тоқталып, тың деректермен бөлісті. Нақты айтқанда, ұлы тұлғаның тұсындағы Египет пен Алтын Орда арасындағы қарым-қатынас мәселелері, оның өмірінен жастардың алатын үлгі-өнегесі, көшпелілер дүниетанымындағы Сұлтан Бейбарыстың билеуші ретінде бейнесі жайлы ақпараттар айтылды.
Жалпы шара аясында баһадүр бабаның өткені түгенделіп, ұлықты істері насихатталды. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық қалыптасып, ғалымдардың тәжірибе алмасуы жоғары деңгейде болды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.