Бүгін – қазақтың ұлы ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, күйші Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні.
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов – 1935 жылғы 28 қарашада Атырау облысының Құрманғазы ауданы Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келген. Жұмекен атасы Нәжімеден Стамғазиевтің бауырында өсіп, тәрбие алған. Сөз бен тарих және туған халқының дәстүрлеріне деген ыстық сүйіспеншілік сезімді бала бойында қалыптастырған сол кісі. Немересіне өзінің атақты бабалары Қартпанбет жырау (алтыншы ата) мен оның әпкесі Қосуан (Махамбет Өтемісұлының туған шешесі) туралы сыр шертетін.
Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды!» (1965), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Ұлым, саған айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Мен туған күн» (1972), «Жеті бояу» (1979), «Шуақ» (1980), «Ашық аспан» (1981), «Темірқазық» (1982), «Қыран-қия» (1984), «Менің топырағым» (1985), «Ұрпағым, саған айтам» (1988), «Мен – тамырмын» (2001), «Қасірет пен қайсарлық» (2001), «Жаңғырық» (2003) атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді.
Үш томдық өлеңдер мен дастандар жинағы 1996-1997 жылдары, екі томдық өлеңдер жинағы 2005 жылы жарық көрді. 2002 жылы Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы сериясымен «Жұмекен» атты жинақ басылып шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» (2005) атты кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.