Өткен аптада Береке ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Бақыт салған әндер-ай…» атты Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның белгілі опера әншісі Бақыт Әшімованы еске алу кеші өтті.
Іс-шараны Елтай ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Қалида Сәлімжанұлы және Елтай ауылдық округі аналар алқасының төрайымы Салиха Сарықызы ыстық лебіздерімен ашып берді. Одан кейін ҚР білім беру ісінің үздігі, құрметті ұстаз, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Орынбасар Басарұлы, Бақыт апайымыздың келіні Береке ауылдық мәдениет үйі кітапханасының меңгерушісі Жәмила Қырқынбаева Бақыт Әшімова жайлы өз естеліктермен бөлісті. Бақыт Әшімованың жеңгесі Жамал Қаскеленова да өзінің жүрек жарды тілегін айтып, осындай танымдық, тағлымдық кештердің өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы мол екенін атап өтті. Кеште Береке ауылдық Мәдениет үйінің өнерпаздары Бақыт Әшімованың салған әндерін орындап, халықтың ыстық қошеметіне бөленді.
Есімі республикаға, шетелдерге танымал, қазақ елін дүниежүзінің көптеген елдеріне танытқан әнші, жерлесіміз Бақыт Әшімова 1937 жылы 8 қарашада Алматы облысы, Қарасай ауданы, Береке ауылында дүниеге келген. Халық өнерінің ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заманға ауысып, жалғасып отыруы – қалыптасқан дәстүр. Әкесі Әшім Нұрлыбаев Жетісудың Алатау өңіріндегі атақты сегіз салдың бірі болған. Ақын әке өз өнерін туған қызына дарыта білген. Кішкентай кезінен өлеңге үйір, ән десе ішкен асын жерге қойып, әкесінің қасында жүгіріп жүретін елгезек Бақыт өнер құдіретін зердесіне құя білді. Өсе келе халық әндерін әкесінің сүйемелдеуімен ауыл арасында айта бастады. Жеті жылдық Ленин (қазіргі Мәсімхан Бейсебаев) атындағы мектепті үздік тәмамдап, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. Одан кейін Қазақ академиялық опера және балет театрына қабылданған. Б.Әшімова осы театрда ұзақ жыл шығармашылық еңбек етіп, көптеген опералардағы меццо-сопранолық рөлдерді нәзік лирикалық иірімдермен байытты.
Бақыт Әшімова – барша қазақтың мақтан тұтатын талантты әншісі. Ұмытыла бастаған бірқатар халық әндері Әшімованың орындауында қайта жаңғырып, қәзіргі заманмен үндес өнер туындысына айналды. Алматыдаға Абай атындағы опера және балет театрында еңбек етіп, сол кезде өнердің шырқау шыңында тұрған Ермек Серкебаев, Әнуарбек Үмбетбаев, Роза Жамановалардай аға буын әншілердің ізін басып, асқақ өнерпаздығымен халық сүйіспеншілігіне бөленіп, Қазақстанның халық әртісі деген құрметті атаққа ие блады.
Е. НҰРҒОЖАЕВА,
Береке ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі.
Қарасай ауданы.