Биылғы жылдың көктемінде Балқаш ауданы Ақдала ауылында саябақ құрылысы басталған болатын. Ауыл тұрғындары оның ашылуын асыға күткен бұл құрылыстың негізгі жұмыстары аяқталды. Мердігер мекеме «Азамат құрылыс» компаниясы нысанды қараша айының соңына дейін тапсыруға уәде беріп отыр.
– Біз саябақтың жергілікті тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Демалушылар біздің жұмысымызға риза болуы үшін бәрін әдемі, сапалы жасауға тырысып жатырмыз. Нысанның құрылысы қазіргі уақытта жергілікті тұрғындар үшін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне айналып отырғанын айта кеткен жөн. Өйткені бұл нысанда жұмыс істейтіндердің көпшілігі жақын ауылдардың тұрғындары. Осы ретте Бірлес Өміртаев, Жандос Сайранбекұлы, Нұрғали Сатигиланов және Мейірбек Жаңабиловты жұмысшы азаматтардың есімін атап өткім келеді. Олар тас төсеніштерді орнатып, сантехника жүргізді. Ал аумақты көгалдандыруды Азамат Тоқымов өз басшылығына алған, – деді учаске бастығы Нұрғали Сатылғанов.
Саябақта 38 шырша, 160 тал, 45 қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар, 52 шам, 27 ыңғайлы орындық қойылып, 8 төбесі қоршалған демалыс орындары салынды. Балалар үшін әткеншек қойылды. Мұнда саламатты өмір салтын ұнататындар спорт алаңдарында жаттығулар жасай алады. Орнатылған жаңашылдықтың тағы бірі автоматты суару болды. Соның арқасында ағаштар мен бұталарды үнемі сумен қамтамасыз етуге болады. Саябақ толығымен қоршалып, боялған, қақпалар орнатылған. Мұның бәрі ауыл тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін ең жақсы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бірнеше жылдан кейін, ағаштар үлкен болған кезде, ол Ақдаланың ең жасыл және жайлы бұрыштарының біріне айналмақ. Әрине, қала тұрғындарын саябақтар мен гүлзарлар таң қалдырмайды. Бірақ ауылдың орталығынан алыс орналасқан кішкентай тұрғындар үшін бұл үлкен және маңызды оқиға екені сөзсіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Балқаш ауданы.