Алматы облысының тегіс бір ауылдық округі автобус келді деп тойлатты. Талғар ауданының Еламан ауылына Алматыдан қоғамдық көлік қатынайтын болды. Жаңа № 234 бағыттағы автобус алып мегаполистің «Алтай» базары мен облыстың бірнеше елді мекенін жалғайды. Төрт жылдан бері қоғамдық көлікке қол жеткізе алмай жүрген жұрт бұл жаңалыққа қуануда.
Тереңқара, Еламан, Жалқамыс, Төңкеріс ауылдарында 20 мыңға жуық халық тұрады. Осыншама халық қоғамдық көліктің жоқтығы салдарынан қалтасынан қағылып жүр еді. Алматыға жеткенге дейін 2000-3000 теңгеге дейін қаржы төлейтін. Енді, міне, №234 автобус іске қосылды. Алматыға енді бар болғаны 100 теңгеге дейін жетіп алатын халықтың қуанышында шек жоқ. Қоғамдық көлікті көптен күткен халық, аялдаманы безендіріп, алғашқы автобусты салтанатты түрде күтіп алды.
– Бұған дейін жеке кәсіпкерлер өз қаражаттары есебінен автобустар жүргізген. Дегенмен олар үшін тиімді болмады-ау деймін, тоқтатып тастады. Енді міне, қала және облыстың қолдауымен жүргізіліп жатқан, мына, автобустар жақсы болды. Өйткені, біздің ауылда тұратын халықтың көпшілігі Алматыға қатынап жұмыс істейді, – дейді Жалқамыс ауылының тұрғыны Гүлағи Дүйсенбаева.
Жауапты мамандардың айтуынша, автобус таңғы алтыдан тасымалдауды бастайды. Әр 20 минут сайын жүреді. Бұл бағытқа 10 автобус бөлінген. Белсенділердің бастамасы аяқсыз қалмады, нәтижелі жемісін берді. Осыған дейін Алматы қалалық мобильділік басқармасы мен Талғар ауданының әкімдігі халыққа берген уәдесінде тұрған. Бірі маршрутты іске қосса, аудан әкімдігі аялдамалар орнатып, жол жағдайын ретке келтірген екен.
– Автобус іске қосылғаннан кейін зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Осы уақытқа дейін алдын ала жасалған мониторингкке сәйкес аталған маршрут бойынша жүретін халық санына қарай автобус бөлдік. Енді іс жүзінде мұның әрі қарай қалай болатын 10-15 күн аралығында бақылауда ұстайтын боламыз. Бұл бағытта жүретін барлық автобустар жаңа, заманауи жасалған, – деді Алматы қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы Азамат Ешанқұл.
Алматы агломерациясын дамыту аясында Алматы қалалық мобильділік басқармасы биыл 25 елді мекенді қамтитын қала маңындағы бағыттарды ұйымдастырмақ. Бұған дейін 7 бағытты іске қосып үлгерген. Жыл соңына дейін тағы үш бағытты ашуды көздеп отыр. Келер 50 бағытта қамту басты жоспарда болмақ.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Талғар ауданы.