Жақында Шиен ауылында волейболдан тұрғындар арасындағы аймақтық жарыс өткізілді. Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы шара ауданның бұқаралық спорттық іс-шаралар орталығының және аталған ауылдық округ әкімі аппаратының қолдауымен ұйымдастырылды.
Шиен орта мектебінің спорт залында өткен жарысқа Қарасай ауданынан, Жамбыл ауданының Ұзынағаш және Дегерес ауылдық округтерінен бір-бір командадан келді. Ал алаң иелері – Шиен ауылының тұрғындарынан үш команда жасақталып қатысты. Негізінен жастар арасында болған бәсекеде сонымен қатар ересек ойыншылар да шеберлік сынасты. Алты команда арасындағы тартысты жарыстың қорытындысында Шиен ауылының «Суықтөбе» командасы топ жарып, 1-орынды жеңіп алды. Қарасай ауданының волейболшылары екінші орынға ие болды. Үшінші орынға тағы да Шиен ауылының жастарынан құралған команда табан тіреді. Тамаша ойын өрнегін көрсете білген қарасайлық Жеңіс Нұрсұлтан «Үздік ойыншы» атанды. Жүлдегерлер мақтау грамоталарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қол добының шеберлеріне марапаттарын тапсырған Шиен ауылдық округінің әкімі Еркін Иманбаев кейінгі жылдары бұл ауылда бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілгенін айтады:
– Жастардың саламатты өмір салтын ұстануына ықпал ететін осындай шараларды мүмкіндігінше жүйелі ұйымдастыруға тырысамыз. Ауылда өткізілетін мерекелік бағдарламаларға спорттық шараларды міндетті түрде енгіземіз. Мәселен өткен жылы Наурыз мерекесінде спорттың бірнеше түрінен жарыс ұйымдастырдық. Дойбы мен шахматтан бастап, футбол, күрес, арқан тарту, жаяу жарыс, қошқар көтеру сияқты ойындар қызықты өтті. Бұл тұрғындардың көңілінен шығып, алдағы уақытта осындай шаралар жиі өткізілсе деген ұсыныс-тілектерін білдірді, – дейді ауыл басшысы.
Суретте: жарысқа қатысқан ойыншылар.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.