Өңір халқының игілігі үшін тұрғызылған ғимарат Ұйғыр ауданының Кіші Дихан ауылында орналасқан. 2023 жылдың басында құрылысы басталған нысан мерзімінде аяқталып, қолданысқа берілді. Жақында спорт кешенінің ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдірахым қатысып, аймақ халқының қуанышымен бөлісті.
Ал, өңірде бұған дейін мұндай жайлы, жарық спорт кешені болмағанын айтқан Кіші Дихан ауылдық округінің әкімі Елдос Таубалдин келешекте бұл жерден әлемді бағындыратын дүлділдер шығатынына сенімді екенін жеткізді.
– Көптен күткен қуанышқа аймақ халқының үлкені мен кішісі дән риза. Округімізде жалпы 2,5 мың адам тұрса, соның 800-ден астамы –жастар. Ендігі кезекте жас буын өзінің бос уақытын тиімді өткізетін болады. Ол үшін бар жағдай жасалған, – дейді Кіші Дихан ауылдық округінің әкімі Елдос Таубалдин.
Екі қабатты ғимаратта әмбебап спорт, бокс және күрес залдары, әкімшілік-техникалық бөлмелер, 24 және 15 орындық киім ауыстыратын бөлме, жаттығу залы, медициналық қызметкерлердің кабинеті бар. Құны 828,2 млн теңге болатын кешеннің жалпы аумағы – 1509,80 шаршы метр. 50 орынға лайықталған нысанды облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «СП-Нефть» ЖШС мердігер компаниясы салды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Ұйғыр ауданы.