Талғар қаласында «Халық» қайырымдылық қоры мүгедектігі бар жандарға, әлеуметі жағынан төмен және көпбалалы отбасыларына акция өткізді. Жиынға Талғар қаласының әкімі Б.Күрішбеков, ауылдық округ әкімдері, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысты. Аталған шарада қала әкімі Б.Күрішбеков аталған акцияны ұйымдастырып отырған «Халық» қоғамдық қорына ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.
«Халық» қайырымдылық қоры 2016 жылы еліміздің аса маңызды салаларында ауқымды қайырымдылық, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және білім жобаларын іске асыру мақсатында құрылған. Бүкіл ел бойынша адамдардың басым көпшілігі үшін елеулі әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылады.
– 2023 жылы 15 ақпаннан бастап алғаш рет қордың Алматы облысы бойынша филиалы ашылып, өз жұмысын бастады. Филиал басым бағытта Алматы қаласымен шектесіп орналасқан Алматы облысының Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандарын қарастырып отыр, – деді «Халық» қоғамдық қорының басшысы Ғалымбек Жақсылықов.
Айта кету керек, аталған қоғамдық қор 2023 жылы Талғар ауданы бойынша бір кезеңде 65 отбасына, 2 кезеңде 100 отбасына және «Республика күні» қарсаңында 100 отбасына азық-түлік жиынтығын үлестірді. Жалпы алғанда 265 отбасы қамтылды. Көмек алушылар ең алдымен әлеуметтік жағынан осал топтар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, қандастар, мүгедектігі бар жандар, мүгедектігі бар бала асыраушылар болып табылады. Бар салмағы 47 кг болатын жиынтыққа 10 кг күріш, 10 кг ұн, 10 кг макарон, 10 кг қант, 5 литр май, 2 кг шәй кіреді. Бұл акция жыл аяғына дейін Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай аудандарында жалғасын табады.
Сәуле ҚҰРМАНТАЕВА.
Талғар ауданы.